Қос орталықта жылы сайын 6400 бала емделеді

Қос орталықта жылы сайын 6400 бала емделеді

Оңтүстік Қазақстанда балаларға арналған екі бірдей неврологиялық оңалту орталығы ашылды. Мұндай мекеме бүгінге дейін еліміз бойынша тек Астана қаласында ғана болып келсе, енді Шымкентте де жұмысын бастады. Бұған әсіресе кезекте тұрып, елордаға сабылып шаршайтын ата-аналар айрықша қуануда. Қос орталықтың жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев емдеу орталықтарының балалар арасындағы мүгедектікті төмендететініне сенім білдірді.

«Облысымызда бүгінге дейін церебральді параличі диагнозы бар балаларды емдейтін арнайы мекеме болмаған. Жалпы өңірімізде неврологиялық аурулармен 3 жасқа дейінгі 2 мыңға жуық бала есепте тұрады. Олар бұған дейін реабилитациялық ем алу үшін Астана қаласындағы оңалту орталығына баруға мәжбүр еді. Бұл науқас балалардың ата-аналарына айтарлықтай қиындық тудырып келді. Осы мәселелерді талдай келе, ауру балаларды уақытылы, кешенді, жүйелі реабилитациямен толық қамтуға бағытталған орталықтар ашу қажеттілігі туындады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгін міне, екі бірдей мекеме пайдалануға беріліп отыр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бесіктен белі шықпай жатып, тағдыр-тауқыметіне ұшырап, мүмкіндігі шектелген бүлдіршіндерді өз қатарларына қосуда қоғамда белсенді қызмет көрсетуді енді бастаған №1 облыстық балалар оңалту орталығы инновациялық технологияларды пайдаланып, жылына 3200 ерекше баланы жоспарлы түрде емдеуді көздейді. 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдайтын мұндай орталық елімізде алғаш рет ашылып отыр. Еліміздің бас қаласындағы орталықта жаңа туған нәрестеден 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер ем қабылдайды. Ал, 36 айға дейінгі сәбилерді емдеу мекемесінің облыс орталығында, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте іске қосылуы кездейсоқтық емес. Өйткені Оңтүстікте еліміздің әрбір бесінші сәбиі өмір есігін ашады. 

Екіншісі 15 жасқа дейінгі неврологиялық аурулармен ауыратын жеткіншектерді емдейді. 100 орындық орталық реабилитациялық ем алуға қажетті роботтандырылған «LOKOSTATION» құрылғысымен жабдықталған. Бұл аппарат 4 жасар церебралды параличімен ауыратын балаларға қолданылады. Қондырғыда жасалған жаттығулар жүруге қажетті барлық бұлшық еттер мен ми қыртысының дұрыс қалыптасуына көмектесіп, науқастың тез оңалуына ықпал жасайды. Мұнда да жылына 3200 баланы жоспарлы түрде оңалтуға мүмкіндік қарастырылған.

Бүгінде №1 неврологиялық оңалту орталығында 41 бүлдіршін ем қабылдап жатыр. Кішкентай балалар музыка терапия бөлмесінде ата-аналар мен  би билеп, ән айтып уақытты көңілді өткізеді. Емдік дене шынықтыру залында 8 маман жұмыс жасайды. Аталмыш залда 20 минут баланың бұлшық еттерімен жаттығу жүргізіліп, арнайы құрылғы «фиксатор» арқылы денесінің дұрыс жетілуне ықпал жасайды. Ал сенсорлық психология кабинетінде баланың ұйықтап қалған нерв жүйесін ояту үшін «фебрактивті волокна», «вибрациялық колона» сынды заманауи құрылғылар пайдаланылады. «Замануи сенсорлық құрылғылар ерекше балалардың дамуына, нерв жүйелерінің оянуына себепші болатын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Біздің орталықтағы балалар психология бөлмесінде күнделікті релакциялық музыка тыңдап, жаттығулар жасап,  ми қыртыстарының дұрыс қалыптасуына көмектесеміз. Яғни баланың тез жазылуына жағдай жасалады», - дейді орталықтың психолог маманы Майра Серікқызы.  

«Орталыққа келгенімізге 1 апта болды. Қызымның ақыл-ойы жақсы, бірақ біздің проблема бұлшық етінің әлсіз болуы. Сол үшін біз дене шынықтыру залында көп жаттығу жасаймыз. Күнделікті массаж және басқа да  процедураларға қатысу арқылы баламның жағдайы жақсарып келе жатқанын байқадым. Ал дәрігерлері психологиялық және жан-жақты қолдау көрсетіп отырады. Бұл ерекше балаларға арналған қамқорлық деп білеміз біз ата-аналар. Сондықтан оңалту орталығындағы дәрігерлерге алғысымды білдіремін»,- дейді ерекше баланың анасы Динара Бауыржанқызы.

В.А.Сухомлинский «Баланың ақылы саусағының басында болады» - деген екен. Сондықтан орталықта қолмен жасалатын шағын қимыл меторикасын үйлестіру дұрыс сөйлеуге мүмкіндік туғызады, сөйлеу темпін біріңғайлауға септігін тигізеді, сөйлеген кезде кездесетін үзілістерді сақтауды үйретеді. «Саусақтар қаншалықты дұрыс қимылдаса, бала да соншалықты тез сөйлей бастайды» дейді орталықтағы дифектолог мамандар. Ата-аналарына балаларының орындықта қалай дұрыс отыруын, қасықты қай қолымен қалай ұстау керек сынды қимылдарды үйретеді. «Ерекше балалардың меторикасын дамыту үшін күнделікті 15 минут әр баламен ойын ойнап, қол қимылдарын дамытамыз. Осы ойындар барысында бала өз әрекеттерін жүйелеуді үйренеді. Бала шағын меторика дамуының үлкен көрсеткішіне жетсе логикалық ойлауды үйренеді, баланың  назар аудару,сөйлеу қабілеттері жеткілікті деңгейде дамиды»,- дейді дифектолог маман Асия Камалқызы. 

Неврологиялық оңалту орталығында жоғары санатты білікті мамандар ерекше балалардың дамуына көмектеседі. Мәселен, логопед бөлмесінде беттің бұлшық еттерін арнайы шынықтырады, дыбыс шығаруды үйретеді. Физиотерапия бөлмесінде парафин, электрофорез және арнайы массаж жасайды. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға зор мүмкіндік сыйлайтын Монтессори әдісін шексіз мейірімнің жиынтығы десе де болатындай. Өйткені  балалар дәрігері Мария Монтессори өмірінің басым бөлігін ынта-шынтасымен түрлі ауытқуы бар жеткіншектерді емдеуге арнаған. Көп жылдық тәжірибесінің нәтижесінде ол балалардың дамуындағы түйіткілдерді көп жағдайда медицинаның емес, педагогиканың көмегімен түзетуге болатынын терең түсінеді. Осылайша жеткіншектердің дүниетанымы мен қабілетін ынталандыруға жағдай жасау арқылы оның үйлесімді дамуына ықпал ететін жаңа әдіс ойлап табады. Оқу үдерісі әрбір баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып құрылатындықтан, Монтессори әдісі бүгінгі таңда әлемдегі мүгедек балалармен жұмыс жүргізуде кеңінен қолданыс тапқан. Сондықтан  бұл облыстық балаларды оңалту орталығында да Монтессори бөлмесі жұмыс істейді. Бұл бөлмеде  бала өмірге бейімделеді, үлкен және кіші моторикасын дамытады. Дәлірек айтсақ есту, көру, ойлау, ұстап көру арқылы баланың сана-сезімінің жетілуіне ықпал жасайды. 

«Орталыққа келген 2-3 жастағы сал балалар 10 күннің ішінде еңбектей бастады. Бұл жастағы бүлдіршіндердің бұлшық етпен жұмыс жасап аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік жоғары. Жалпы ерекше балалар бізде 25 күн жатып емделуіне болады. Әр алты ай сайын қайтып келіп емін жалғастырады. Біздің мамандар ата-аналарға түрлі жаттығулар беріп, баланы үй жағдайында да  шынықтыру керектігін үйретеді. Болашақта дені сау болуына ықпал жасайды. Мамандарымыз Астанадағы Ұлттық реабилитациялық орталықта тәжірибеден өткен. Дәрігерлеріміз жоғары санатты мамандар. Ата-аналар да ризашылықтарын білдіруде. Бұл біздің дұрыс жолда келе жатқанымыздың айғағы болса керек. Әрине, пациенттерімізге қызмет көрсету, сауығуларына көмектесу міндетіміз болып табылады.  

Облыс басшылығының, Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 22 қаңтарда Германиядан халықаралық жаттықтырушылар келіп, 7 күн бойы орталықтың мамандарына науқастың тірек-қимыл қозғалысын қалпына келтіру бойынша семинар-тренингтер өткізбекші. Білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісетін болады. Түске дейін дәрігерлермен, түстен кейін орталықтағы ата-аналармен жұмыс жасайды. Ата-аналарына ерекше балаларымен қарым-қатынас жасау жолдарын түсіндіреді. Сәуір айында тағы келеді деп күтілуде»,- дейді №1 Облыстық балалар оңалту орталығының бас дәрігері Жанат Есенғалиқызы. 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz