Бастауыш педиатрға арналған нұсқаулықтар

Screenshot_1.png

Бала дәрігері болу оңай емес. Алғашқы екі-үш жылда көп оқып, көп жұмыс істеуге тура келеді. Бұл жылдар сынақ. Егер өте білсеңіз, сол сынақ кейін сізге жұмыс істейді. Бастысы, осы жылдары ешкімді өлтіріп алмаңыз. Тура мағынасында. Эпиглоттит, менингококк және пневмококкті сепсис, бактериалды менингит, қызылша, ауыр бронхообструкция, гемолитико-уремиялық синдром, онкогематологиялық ауру, балалар онкологиясы (Вильмс ісігі, ретинобластома), дәріден және тұрмыстық заттардан улану, аспирация, бөгде зат жұтып қою туралы бәрін біліңіз. Әсіресе бала неокуб магнитті шаригі мен батарея жұтып қойса, абай болыңыз. Диагноз қоюда уақытты созып алу, көмек көрсетем деп жүргенде пациенттің өлімі сізді жеке тұлға ретінде де, кәсіби маман ретінде де ойсыратып кетуі мүмкін.

Халықаралық медициналық сайттарды жіті бақылап жүріңіз. Medscape, Pubmed, AAFP – сізге жақсы көмекші. Оқулықтардан Нельсонның педиатриясын барлық жер шары педиатрларының құраны десе де болады.  

Әлеуметтік желі беттерінде педиатр, дерматолог, инфекционист т.б. дәлелдеуден өткен қауымдастыққа жазылыңыз. Өзге дәрігерлердің кейстерін оқыңыз, өзіңіздегі күрделі жағдайларды жазып, бөлісіңіз, талқылаңыз, әріптестеріңіздің сауатты берген сілтемелеріне қарап шығыңыз. Қысқасы, өзіңізді пікірлестер, емейл-хат, топтар, чаттар, әлеуметтік желіде сапалы медициналық ақпараттармен қоршаңыз. Дәрігерлік консультация бере алатын жақсы форум іздеп табыңыз.

Бірнеше базалық кітабыңыз жұмыс үстелінде тұру керек. BNF for children, Балалар дерматологиясы, Манчини, Иммунопрофилактика анықтамалығы 2018 жыл, Доскин, Лещенко, Деринова өңдеп шыққан "Визуалды педиатрия" атласы,  Коэннің педиатрлық дерматологиясы, Хегердің балалар дерматологиясы,  Нельсон 20 және т.б.

Өзіңізге жеке құрал-жабдық сатып алыңыз, ешкімге бермеңіз. Бұл жеке гигиеналық құрал іспеттес. Стетоскоп, отоскоп, тамақ фонаригі, маңдайға тағатын фонарик, пинцет, жеке пульсоксиметр, небулайзер, пикфлуометр және спейсер, балалар манжеті бар тонометр, несеп өлшейтін тест-сызықшалар Уриполиан XN11, жеке стрептатест, инфрақызыл термометр, глюкометр.

Жасы үлкен тәжірибелі дәрігерлерге өзіңізді «дәлелдеуден» аулақ болыңыз. Бұл көбісінің жынына тиетін жайт, жауларды көбейтіп аласыз. Олардың да үйретері көп, еңбегін жоққа шығармаңыз.  

Шұғыл дәрі салынған қобдишаңыз болуы керек, оны сөмкеге салмаңыз. Әрдайым пластикалық банкіге салып жүріңіз. Оның ішінде дексаметазон ампуласы, аллергия, стеноз, өткір бронхообструкция), латран (құсу), және цефтриаксон флаконы (менингококк) + инъекция салу үшін су + шприц + спирт, салфетка болуы керек.

Әріптестермен этиканы сақтаңыз. Өзіңізді дәрігерлермен тең ұстаңыз. Медбикелерді құрметтеңіз. Жұмысыңызға қатты берілемін деп таусылып қалмаудың алдын алыңыз.

Адамдарды екі топқа «ақымақ пациенттер мен ақылды дәрігерлерлер» деп бөлуден аулақ болыңыз. Бұл шындыққа тура қараудан алшақтатады.

Пациенттеріңіздің ата-анасын өзін кінәлауынан сақтандырып, оларды қолдаңыз. Онсызда баласының өмірі үшін қорқып тұрған ата-ананың эмоциясын пайдаланбаңыз. Қорқытамын деп ата-ананы әрекетке итеріп, баланың өміріне қауіп төндіруіңіз мүмкін немесе жайбарақаттыққа алып келеді.  

Бала тұрмыстық жарақат алған кезде дереу айыптап, полиция сияқты сөйлеп шыға келмеңіз. Сіз бұл жерде құтқарушы әрі көмекшісіз, сіз сот немесе бақылаушы емессіз. Мұндай сәтте ата-ана онсыз да өз кінәсін біліп, іштей мүжіліп тұрады. Оларды одан сайын тұқыртпай, үміттендіре біліңіз. Мысалы, дәрігерлер әсіресе хирургтер мен реаниматологтар айтатын сөз: «мынау ақымақ баласын терезесі ашық тұрған бөлмеге бір өзін қалдырып кетіпті, бала құлап кеткен» немесе «тышқанды өлтіретін сұйықтықты жабуды ұмыт қалдырған, бала абайсызда ішіп қойып, реанимациядан бірақ шықты, оның асқазанын енді тек операция құтқарады, онда да тірі қалары белгісіз».

Сіздің ұсынысыңызды орындамаған ата-анаға ашуланбауға тырысыңыз. Оларды қайта тексерудің мән жоқ. Олар баланың ыңғайына қарап әрекет етеді. Сізге ақымақ болып көрінсе де. Әрбір ата-ана баласы үшін жанын қиюға даяр. Бастапқыда сізге сене бермеуі мүмкін. Ата-аналармен сауатты қарым-қатынас жасап, кәсібіңізді шыңдай түсіңіз.

Алғашқы он жылда ескертпелерді көп аласыз. Еңбек өтіңілізді көбейтіп жалған айтпаңыз, балаларыңыз жоқ болса оны да ашып айтыңыз. Жалпы ешқандай өтірік айтпаңыз, ерте ме кеш пе ашылады, өзіңе екі есе соққы болып қайтады.

Мүмкіндігінше жұмыс учаскеңізден алыста тұрыңыз, кішігірім ауылдық жерде жұмыс істейтін болсаңыз бір алаңда пациенттермен бірге серуендемеңіз. Үйіңізге жібермеңіз және әлеуметтік желіде де дос  болмаңыз. Жұмыс пен жеке өмірді барынша араластырмай ұстаңыз. Жеке шекараны әу баста дұрыстап қоя білсеңіз, мамандығыңыздан таусылып шаршамайсыз. Түсініспеушіліктер мен ұрыс-керістен аулақ боласыз. Алғашқы кезде пациенттерге ұнап, сеніміне кіргіңіз келеді, ол қалыпты нәрсе, алайда оған тек кәсібилікпен қол жеткізе аласыз, адамдармен жақсы араласу өз ісінің маманы болуға жетелемейді.

Пациенттерге сізбен байланыса алатын біреу болсын канал қалдырыңыз. Ең тиімдісі – емейл. Бір-екі тәуліктің ішінде жауап беретініңізід айтыңыз. Бұл екі жақтың да уақытын үнемдейді, сенімді ұлғайта түседі. Келіспеушілік туындаған жағдайда сол жерде қарсылығын білдіріп хат жазады да, ары қарай не болатыны айқындалады.

Өзіңізге гугл-күнтізбе жасап алыңыз. Себебі, педиатрдың жұмысы өте көп, әйтеуір бірнәрсені ұмыт қалдыруыңз мүмкін.

Әрдайым орнымен күлімдеп жүріңіз. Балаларға күлімдеңіз, ойнаңыз, әзілдеңіз, комплимент айтыңыз, сізден қорқып тұрған баланың үрейі кішкене болса да сейіледі. Егер күшіңіз қалса ата-анасына да күлімдеңіз.

Баланы қарап жатып не істеп жатқаныңызды және не істегеніңізді ата-анасына айтыңыз. Мысалы аускультация алдында «қазір біз сенің жүрегің қалай соғып тұр, соны тыңдаймыз» деңіз. Бұл баланы тыныштандырады. «Бәрі жақсы, өкпе де, жүрек те жақсы соғып тұр, сырыл жоқ» деңіз. Ата-анасының да көңілі орнына түседі.

Әрбір анықтамаға диагноз қойыңыз. Тек тағайындалған нәрсені ғана жазып бере салмаңыз. Анықтамада аты-жөні, қаралған күні, диагноз, тағайындалған ем, дәрігердің аты-жөні тұру керек. Бұл әріптестерге, ата-анаға деген құрмет.  

Егер білмесеңіз «білмеймін» деп жауап беріңіз, бастапқыда бұл өте қиын. Педиатрға ата-аналар түрлі сұрақтармен келеді. Сіз анатомия, физиология, дәрігерлік тәжірибеңізге сүйеніп, тұжырым айтқыңыз келіп кетеді. Көп дәрігерлер «білмеймін» деп айтуға қорқады. Сіздің ойлап айта салған дүниеңізден қателік кетуі мүмкін. Кейбір дәрігерлер өз болжамына өзі сеніп қалады. Бұл кәсібилікке жатпайды.

Егер ұмытып қалсаңыз пациенттің көзінше гуглға кіріп ақпарат іздеңіз, дәрінің дозасы, зерттеудің алғышарты т.б. Қателескеннен гөрі кіріп тексере салған дұрыс, ақымақ болғаннан, ақымақ көрінген жақсы.  

Компьютеріңізде де, ноутбугыңызда да, смартфоныңызда да үнемі керек болатын бұйрық, жадынама, шпаргалка, басқа да материалдар тұрсын, яғни қажетті құжатты тез арада тауып алу үшін.

Қиын жағдайда екі күнге таймаут алыңыз. Түнімен ізденіңіз. Әлгі отбасыны қайтадан қаралуға шақырып, оған дейін тактиканы өзгертіп, басқа ем тағайындаңыз. Егер уақытыңыз болмаса емейл почтаңыз жазылған визиткаңызды беріңіз. Хат арқылы түзетіңіз.

Әдеттегі жағдайдан бөлек және ауыр науқас балалары бар отбасыларға жеңілдік беріңіз. Оларды бөлек уақытқа шақырып асықпай қараңыз. Әрдайым қоңырау шалып, бақылап тұрыңыз. Әдепкіден тыс жағдай – сізге жақсы ұстаз.  

Егер қателік жіберсеңіз балаға зияны тиюі мүмкін, ондайда күшіңізді жинап, ата-анасына, әріптестерге мойындаңыз. Бұл оңай емес, көбісі бұлай жасай алмайды, десе де сіз айтыңыз.  

Егер басқа дәрігердің қатесін тапсаңыз, оны сол отбасының алдында ушықтырмай, қорғап қалыңыз, «олай емдеген де дұрыс, бірақ былай да емдеу жолдары бар» дегендей. Бірақ, әріптесіңізді қорғау пациентке зиянын тигізбеуі керек.  

Бос уақытыңызда медициналық ақпарат іздеңіз. Ешуақыттта бәрін біліп болдым деген болмайды. Педиатрлар интернеттен өзіне қажетті фарманықтама туралы мақалаларды , зерттеулерді тез таба алуы тиіс.

Пәтерге кірген кезде амандасып, қол жуатын жер қайда деп сұраңыз. Ата-аналар қолыңызды жумай баласын қарамақ болсаңыз, қатты ашуланады.

Өзіңізбен стериллиум немесе кез келген антисептик алып жүріңіз. Жұқпалы балаларды қараған соң келесі пациентке жұқтырмас үшін стетоскоп, отоскопты жуып шайыңыз.

Педиатрия әлемін сүйіңіз. Бұл әлемдегі ең қызықты мамандық. Балаларды жақсы көріңіз, ата-анасын құрметтеңіз, олар расында балаларына жақсылық тілейді. Тек барлық кезде дұрыс әрі қисынды жасай бермейді.

Дайындаған Жансая АЙТУҚЫЗЫ