Өз статусыңды анықта!

Screenshot_1.jpg

Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және онымен  күресу орталығының ашылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ғасыр індетімен күресіп келе жатқан мекеме атаулы датаға орай «Ашық есік» күнін өткізді. Анонимді түрде өткен шарада тұрғындар инфекционист, психолог, гинеколог, дерматовенеролог т.б мамандардан тегін кеңес алып, статусын анықтау мақсатында анализ тапсырды.

«Сақтықта қорлық жоқ» дегендей барша тұрғындарды АИТВ инфекциясына тексерілуге шақырамыз. Аурудың қауіптілігі сол алғашқы сатыда ешқандай белгі бермейді. ВИЧ-ті тек қан тапсыру арқылы ғана анықтауға болады. ЖИТС жазылмайтын дерт. Дегенмен неғұрлым емді ертерек бастаса науқастың да өмір сүру жасы ұзарады. Ал жүкті әйелдерде инфекцияның балаға өту қаупі сейіледі. Кейде мұндай статустағы сырқаттарда бүйрек ауруы, гепатит, туберкулез , қант диабеті секілді аурулар қатар жүреді. Олардың барлығы қажетті ем-домын алады»,- дейді инфекционист дәрігер Меруерт Өмірзақова.

Акция барысында бір күнде 50-ден астам адам мамандардан кеңес алса, 36 адам жылдам тестілеуден өтті.

 Мамандардың мәліметінше жыл басынан бері облыста 95 адамнан АИТВ анықталыпты. Оның  62,1 пайызы жұмыссыздар, 27,4 пайызы жұмыс істейтіндер, 3,2 пайызы студенттер мен түзету мекемелеріндегі  жазасын өтеушілер. Жалпы науқастардың 84,3 пайызы 15 пен 49 жас аралығындағы азаматтар. Ал Шымкент қаласында 5 айдың ішінде 64 адам есепке алынған. Оның 24-і әйел, оның ішінде жүктісі 5-еу, 40-ы ер адамдар. Биылға балалар әлі тіркелмепті.  

Дәрігер-эпидемиолог Ербол Есіркеповтың айтуынша облыс көлемінде  АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Түркістан облысы АИТВ-ның тіркелуі жағынан 14 орында тұр.

Орталық мамандары ЖИТС-тің алдын алу үшін мұндай акцияларды ұйымдастыруы алғаш емес.  Мекеме ұдайы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тест өткізіп келеді. Мұндай «Ашық есік» күндері алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Өз статусыңды анықта!