Қарағандыда қызылшаға қарсы қосымша шаралар жүргізілуде

Инновация Көрілім: 0

20190312120324.jpg

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Қарағанды облысында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

     ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылдады. Шара барысында 9-10 айлық (нөлдік егу) балалар егіледі. Дәл сол балалар 2-3 айдан кейін 12 айда алуы тиіс жоспарлы вакцинациядан өтеді. Содан кейін Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес 6 жаста екпе жасалады. «Облыста қызылша ауруына күдікті 170 оқиға тіркелген, 87 жағдайда диагноз зертханалық түрде расталды. Біз көрші аймақтар секілді қызылшаның өршуін байқамадық. Қабылданған шаралар өз әсерін берді. 1 сәуірден бастап ревакцинация басталды. Бұл дегеніміз, вакцинация жасаған адамдар тұрақты иммунитет үшін осы процедурадан қайтадан өтеді. Біздің өтінішіміз бойынша  Денсаулық сақтау министрлігі қосымша 97 млн теңге бөлді. Бұл қаражатқа қосымша вакцина, оның ішінде қызылшаға қарсы вакцина сатып алынды», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Қосымша иммундау шарасы 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері арасында да жүргізіледі. Содан кейін 30 жасқа дейінгі тұрғындарға екпе жасалады. Иммундау шарасы тұрғындардың мекенжайы бойынша тіркелген емханаларында жүргізіледі. Сондай-ақ облыста қызылшаға шалдығу оқиғаларын тіркеу кезінде байланыста болған адамдардың эпидемиялық көрсеткіштері бойынша иммундау жалғасуда.



 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz