Жатыр мойны обыры жасарып барады

Screenshot_3.png

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек,  әлемде жыл сай­ын 10 миллион адам қатерлі ісікке шалдықса, олардың 8 милли­о­ны бақилық болады. Ал елімізде жылына 30 мыңға жуық науқас аталмыш аурумен тіркеуге алынса, оның 17 мыңнан астамы көз жұмады. Соның ішінде жатыр мойнының қатерлі ісігі әлемде рак ауруларының ішінде 4-орында тұр

Елімізде де аталған дерт ендеп барады. Мәселен, былтыр республика бойынша 1800-ден аса әйел осы дертке шалдыққан. Мамандардың сөзінше күн сайын 1 әйел жатыр мойнының қатерлі ісігінен көз жұматын көрінеді.

Дер кезінде емдесе, обырды да жеңуге болады. Ол үшін скринигтік тексерудің маңызы зор. Аталған тексеру арқылы ауруды бастапқы сатысында анықтауға қол жеткізуге болады. Бұл науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді деген сөз. Екіншіден экономикалық тұрғыда да тиімді. Себебі, III-IV сатымен ауыратын 1 науқасты емдеуге 25 миллион теңге, I-II сатымен ауыратындар үшін 5 миллион теңге жұмсалады екен.

Осылайша әйелдердің денсаулығына алаңдаған Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың мамандары ашық есік күнін өткізді. Жатыр мойны қатерлі ісігін алдын-алу мақсатында онкогинекологтар қыз-келіншектерге арнайы жолдамасыз әрі тегін кеңес беріп, тексеруден өткізді. Сондай-ақ акция барысында пациенттер онкоцитологиялық бөлімшеде анализ тапсырды. Бұл күні дертіне шипа іздеп келген тұрғындардың қатары көп болды. Таңғы сағат 9-дан бастап кезекке тұрған емделушілерді үш маман қарады.

Тұрғындардың өз бетінше келіп, денсаулықтарына жауапкершілік танытып жатқандығы, әрине, бізді қуантады. Келген нәзік жандылардың барлығының дені сау деп айта алмаймын. Паталогиялар анықталып жатыр. Көбісінде эрозия мен полип табылуда. Бұл аурулар асқынған жағдайда  жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеліп соғады. Сондықтан қыз-келіншектерге, әсіресе бала туу жасындағы әйелдерге әр алты айда дәрігерге көрініп тұруға кеңес беремін, – дейді онкогинеколог Докторкүл Тасбалтаева.

Дәрігердің жарты жылда деп шырылдауы бекер емес. Өйткені жатырда пайда болатын обыр алғашқы кездері белгі бермейді. Іштің төменгі жағының, белдің, сегіз көз омыртқаның және тік ішек маңының ауыруы жатыр мойны қатерлі ісігінің кеш белгілері болып есептеледі. «Еленбеген ауру жаман» демекші соңы науқасты онкологиялық диспансерге есепке тұруға мәжбүрлейді.

Алғашқы симптомдары білінбей өтетіндіктен көп пациенттер ауруын асқыныдырып алады. Дәрігерге тек жыныстық ағзадан сұйықтық көп мөлшерде бөлінгенде және одан жағымсыз иіс шыққанда ғана ойланады. Бұл белгі аурудың «алқымынан алып» тұрғанын білдіреді. Сондықтан, әйелдің салмағы азайып, әлсіздік меңдесе, іштің төменгі жағы ауырса бірден дәрігерге қаралған жөн, – дейді Докторкүл Тәжібайқызы.

Ашық есік күнінің өтетінін естіп келген Гүлнар Асетуллақызы анализ тапсырып, маманнан кеңес ала алды.

Дәрігер тексеріп эрозия мен полиптің  барын айтты. Қажетті дәрі-дәрмекті жазып берді. Дер кезінде келгенім дұрыс болған екен. Әйтпесе күйбең тірлікпен денсаулыққа көңіл бөлуге уақыт болмай жүрген еді. Осындай ашық күндер жиі өтіп тұрса деген тілегім бар, – дейді 44 жастағы тұрғын.

Мамандар жатыр мойын қатерлі ісігінің жылдан-жылға жасарып келе жатқанын жасырмады. Бұрындары бұл ауруға көбінесе 40-50 жастағы әйелдер шалдықса, қазір 22-25 жастағы келіншектерге де осындай диагноз қойылуда.   

Бұл дерттің пайда болуына жыныстық өмірді ерте бастау, 16 жасқа дейінгі уақытта бала көтеру мен туу,  алғашқы жүктілікте түсік тастау, әсіресе аборт жасату, жыныстық жол арқылы берілетін қабыну аурулары, түсік және түсіктен кейін жатырды тазарту, эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да аурулары, темекі тарту (темекі шегетін әйелдердің жатыр мойны эпителийінің қорғаныс қабілеті төмендеп, вирусқа қарсы тұруға тым әлсіз болады) және гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану секілді факторлар әсер етеді. Сондай-ақ, маман жатыр мойын ісігінің пайда болуына  адам папилломасы вирусы (АПВ) да себепші болатынын айтты. Адам папилломасы вирусының жатыр мойнының рагына ұшырататыны 97 пайыз дәлелденген. 

2009 жылдан бастап еліміздегі жеке клиникаларда АПВ-ға қарсы вакцина егіліп келеді. Алайда ол міндеттелмеген.  Вакцина 10 жас пен 45 жас аралығындағы қыз-келіншектерге егіледі. Себебі, статистикаға сүйенсек, папиллома вирусын жұқтырудың жоғарғы шегі көбіне 16-20 жас аралығында кездеседі. Вакцинаны жасөспірім қыздарға қолданудың өзіндік себебі бар. Егер екпе алғашқы жыныстық қатынасқа дейін жасалса, қатерлі ісікті болдырмауға кепілдік береді. Ал жыныстық қатынастан кейін салынса, тиімділігі алғашқыдай болмауы мүмкін. Сол себепті 2020 жылдан бастап мемлекет 9 жастан 12 жасқа дейінгі қыз балалар арасында жатыр мойны обырына екпе жасауды қолға алуда. Егер бастама жүзеге асса жатыр мойны қатерлі ісігін алдын-алу, науқастардың азаюына септігін тигізеді дейді мамандар.  

Айта кетейік, облыс бойынша бүгінде жатыр мойны ісігі деген диагнозбен 300-ге жуық адам тіркеуде тұр.

А.Оңғарбай


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жатыр мойны обыры жасарып барады