Балалар кардиохирургиялық орталығы Шымкентте ашылуы керек

Дәрігерлерге шеберлік дәрісін өткізді. Бұған дейін мұндай хирургиялық ем тек елорда мен Алматы қаласында жүзеге асырылып келген. Сәтті жасалған отадан кейін мамандар Юрий Пяның қатысуымен аталған емдеу мекемесінде баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Журналистермен болған жүздесуді жүргізген қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев астанадан арнайы ат арылтып жеткен республикалық кардиохирургиялық орталықтың басшысы Юрий Пяны таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Үшінші мегаполистегі кардиохирургиялық орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, емнің сапасын арттыруға күш салатынын жеткізді. Сол мақсатта жақын арада орталыққа кардиотомография аппаратын орнатуға кірісіп жатқан көрінеді.

 

Юрий Пя өз кезегінде бұрын облыс оталығы болған Шымкентте денсаулық сақтау саласының қарыштап келе жатқанын тілге тиек етті.

 

– Осыдан он жыл бұрын келгенімде Ермағамбет Мұқанұлы бөлім меңгерушісі еді. Қазіргі таңда орталықтың қазіргі бас дәрігері! Бұл ұжым үшін үлкен мотивация беретін құбылыс. Өздеріңіз білесіздер, Оңтүстік бала саны көп туылатын өңір. Сондықтан, жүрек жетіспеушілігімен туылған балаларды көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына апарып жатады. Сол себепті маған Шымкент қаласында республикалық балалар кардиохирургиялық орталығын ашу туралы ой келді. Медицинада пациенттерді өзіңе емес, өзің пациенттерге жүгіруің керек. Егер республикалық маңызы бар кардиологиялық орталық ашылса, дәрігерлердің беделі көтерілер еді әрі алғашқы жасаған қадам болмақ, – деді кардиохирург.

 

Ерекше тәсілмен ота жасалған 19 жасар қыз жүрек митральды қақпақшаларының неохордасы инфекциясынан зардап шеккен. Салдарынан қақпақшалары бұзылған екен.

 

– Алғашында жүрегін ашып, клапанын ауыстыру ойымызда болды. Бірақ, оның кейін тұрмысқа шығатынын, бала туу керектігін ойланып, өз қалқаншасын емдедік. Себебі, оған механикалық немесе биологиялық клапанмен босану өміріне қауіпті. Оның үстіне, үнемі дәрімен жүру керек болады. Сондықтан біз өз қалқаншасын сақтап қалуға тырыстық, – деді Ю.Пя.

 

Өзінің айтуынша, Юрий Пя Түлкібас ауданындағы мектепте оқыған, онжылдықты осында бітіріпті. Оңтүстікке әр келген сайын оң өзгерістерді көп байқайды екен. Кардиохирург Шымкенттің бүгінгіден де көрікті қалаға айналатынына сенімді. 

 

 Шымкент қалалық кардиохирургиялық орталығының бас дәрігері Ермағамбет Қуатбаев айтуынша, мұнда жылына 500-ден аса ашық түрде ота жасауға мүмкіндік бар.

 

– Жылына 1000-ға жуық операция жасауға мүмкіншілігіміз бар. Қазір бір стандарт, бір тәсілді пайдаланып, науқастарды емдеуге мүмкіндік туып отыр. Жүректің ырғағы өзгергеніне байланысты науқастардың саны көп. Осыған арнап, аритмология бөлімшесін аштық, оған қосымша бір маман алынды. Жүрек қантамырларының тарылғанына байланысты жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп жатқан науқастарға жасалып жатқан 1640 отаны алдағы уақытта 2500-ге дейін жеткізу жоспарымызда бар. Сонымен қатар, бірінші кезеңде дәрігерлердің кәсіби білім-біліктіліктерін жоғарылатып, тәжірибе алмасу мүмкіндіктері де артуда, – деді ол.

 

Дәрігердің айтуынша, Ұлттық кардиохирургия орталығының кейбір мамандарын бірнеше аптаға, керек болса айлап осында шақыртып тәжірибе алмаспақ. Елордадан келген мамандар жергілікті бөлімшелердегі құрал-жабдықтармен, науқастармен жұмыс істеп, методикалық нұсқаулықтар, жаңа тәжірибелер енгізіп, бірнеше дәрігерлер мен медбикелерді үйретуге мүмкіндік туады. Себебі, әрбір мекеме өзінің деңгейін көтеру үшін ғылыммен, тәжірибемен айналысуы қажет.

 

– Осындай мүмкіншілікті біз Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының күшімен ары қарай дамыта аламыз. Жаңа Юрий Владимирұлы айтқандай келешекте ұйымдастырылып жатқан республикалық деңгейде болсын, ұлттық болсын балаларға арналған орталықтар ашылып жатса, ары қарай деңгейі көтеріліп жұмыс істеу үшін мамандар керек болады. Ол мамандар қайдан  келеді? Әрине, қазіргі біз даярлайтын мамандармен толығады. Ал, біз Юрий Владимирұлы көрсеткен тәсілмен науқастың клапанын ауыстырмай емдейтін боламыз, – деді Е.Мұқанұлы.

 

Мамандардың айтуынша, дәрігер Юрий Пяның көрсеткен тәсілі – өте қиын күрделі операциялардың бір түрі. Себебі, басқа жағдайда клапанның жетіспеушілігі жағдайы болса, оның емдеу тәсілдері бар. Ота кезінде кардиохирург инфекцияның салдарынан өзгерген клапанды емдеп, өзінің қызметін атқаруға толық мөлшерде мүмкіншілік берді. Яғни, пациенттің өміріне қауіп төнбейді.

 

Айта кетейік, мұнда күрделі науқастар кезекте тұрмайды. Кезектен тыс келіп, қандай орталық болса да ем алуға құқы бар. Олар бұл орталықта мемлекет есебінен емделеді.

 

Қазіргі таңда балалардың жүрек ақауын емдеу үшін орталықта жылына 50-70-ке жуық жасөспірімге ашық түрде ота жасалады. 15-ке жуық жабық түрде операция жасалады. Облыстық балалар ауруханасында да ашық түрде операция жасауға мүмкіндік бар.

 

Баспасөз мәслихаты барысында журналистерді ТМД елдерін не Еуропаны ғана емес, әлемді мойындатқан кардиохирургтың өз жүрегін қалай күтетіні, денсаулығына қаншалықты мән беретініні қызықтырды.

 

– Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысқан кезде, өн бойыңа күш-қуатың қайтып келеді. Егер әрдайым позитивті ойлансаң жүрегің қуанышқа толады. Әлемнен не аламын деп емес, не бере аламын деп ойлайсың? Басқалай ойлана да алмайсың. 1984 жылдан бері осы кардиохирургия саласында еңбек етіп келемін, 35 жылға таяпты. Тәжірибені жылдар бойы жинайсың. Дегенмен, әр пациентке ота жасарда мен дайындаламын. Себебі ол жаңадан жасалайын деп жатқан операция. Мысалы, мен бүгінгі отада 19 жасар қызды бұрын көрмегенмін. Мен тек оның жүрегін және операцияны көрдім. Сондықтан, үнемі дұрыс таңдау жасау маңызды. Әрбір адам – жеке тұлға. Медик пен пациент арасында, туған-туыстары арасында эмпатия болуы керек. Себебі, табыстың 90 пайызы осы қарым-қатынасты құру арқылы келеді, – дейді Пя.

 

 

Өзінің айтуынша, соңғы 25 жылдан бері жүрекке ота жасап жүрген дәрігер жыл сайын шамамен 500-ге жуық операция жасайды. Ол елімізде жүрек ауыстыру мәселесін дамыту керек, сол кезде қоғамда өмір сапасы да жақсара түседі дейді.

 

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық миокард инфарктісі кезінде орындалатын, созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдеу бойынша 2019-2021 жылдарға бағытталған Жол картасының үйлестірушісі. Осы Жол картасының аясында аймақтық жол карталары іске қосылып, басым бағыттарды айқындау, мамандармен қамтамасыз ету, амбулаториялық, стационарлық деңгейде инфаркт миокардын басқару бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу мәселесі қарастырылған.

 

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы халқы тығыз орналасқан өңірлер болып табылады. Мұндағы 3 миллион тұрғынның 34 пайызы Шымкент қаласында мекендейтін болса, 66 пайызы Түркістан облысында тіршілік етеді. Ал, үш миллион адамға стандарт бойынша 6 ота жасайтын орталық қажет.

 

Бүгінде Шымкент қалалық кардиологиялық орталығы Түркістан облысының тұрғындарына да кардиологиялық, интервенциялық, аритмологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсетеді. Мұнда астанадағы ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қатысуымен заманауи технологияларды пайдаланып, митральды қақпақшаларға неохордамен реконстуркция жасау отасының орындалуы жоспарлануда.

 

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Пя осы іссапарында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен екі жақты меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде интервенциялық аритмология, кардиология және кардиохирургия саласында орындалатын оталардың түрлерін кеңейтуге жәрдемдесу қарастырылған. Ұлттық ғылыми орталық мамандарын тартып, жан сақтау және функционалдық диагностика сұрақтары бойынша білім беру жобаларын дамыту көзделуде. Сонымен қатар, кардиохирургия мен кардиология саласында күрделі ауыр жағдайларда көрсетілетін жоғары мамандандырылған көмекті талап ететін науқастарға көмектің қолжетімді болуын, сабақтастығын жетілдіру көзделген. Ең бастысы – денсаулық сақтау саласын жақсарту және жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ұлттық ғылыми орталық мамандары тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

 

Айта кетейік, Шымкент қаласында жүрек қақпақшасына ота жасау бойынша жылына шамамен 3 мың науқас тіркеледі. 

Диагноз газеті