Конституция күнінде мектеп ел игілігіне берілді

Screenshot_47.jpg

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін шардаралықтар лайықты түрде атап өтті. Мереке қарсаңында Мұнайбаза ауылындағы 60 орындық Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл туралы аудан әкімі баспасөз қызметі мәлімдеді. 

 Мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ашылып отырған білім ордасынан елдің өсіп-өркендеуіне қызмет жасай беретін жас ұрпақтың тәрбиеленіп шыға беруіне тілектестігін білдірді. Қос қабатты заманауи үлгіде салынған мектептің құрылысын «Радуга – СН» ЖШС жүргізді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 237 млн теңгеге бой көтерген бұл мектепте 7 сынып, мультимедия кабинеті, спорт залы, асхана жұмыс істейді. Кабинеттерде ыстық және суық су ағып тұр. Екі қабатты мектепте лифт жұмыс істеп, нысан бейнебақылау камерасымен қамтылған. Бұрынғы бір қабатты, жатаған ескі жайдың орнына барлық құрал жабдықтармен толық қамтылған зәулім мектептің салынғанына ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары айрықша қуанышқа кенелді.

Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара аудандық Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. «Азат елдің айбыны – Ата заңы» тақырыбымен өткен мерекелік жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай баяндама жасап, Ата заңымыздың мән-маңызына кеңінен тоқталып өтті. Мұнан соң әр салада жемісті қызмет атқарып жүрген азаматтарға марапаттаулар тапсырылды. Атап айтар болсақ, аудандық соттың судьясы Сапархан Омаров, аудан әкімі аппараты Заң бөлімінің бас маманы Бекзат Тұртаев, аудандық Әділет басқармасының бас маманы Базарбай Алтынбеков, және басқа да бір топ азаматтар аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың қолынан «Алғыс хаттар» алды.