Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Screenshot_11.jpg

Түркістан облысындағы әр аудан Түркістан қаласының көркейту үшін атсалысатын болады. "Төртеу түгел болса төбедегі келеді" демекші, аудандар жан-жақтан жабылып Түркістанды көркейтіп, онда туризм саласының өркендеуіне өз үлестерін қосады. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінде мөлтек аудан төрағалары мен көше төрағаларына арналған жиында мәлім болды. Басқосуда қала әкімдігі аппаратының басшысы Қанат Мылтықбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және өзге де қоғам белсенділері қатысып, ашықтықта жұмыс істеу бойынша кеңінен түсіндірілді.

“Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бүкіл аудан, қала басшыларын, орынбасарларын, басқарма төрағаларын жинап, жиналыс жасаған болатын. Онда ауқымды тапсырмалар берілді. Қазір Ө.Естайұлының тапсырмасымен қаланы 16 секторға бөлдік. Бұған дейін 8 ауданға бөлінген болатын. Өңірде 16 аудан, қала  болғандықтан, қаланы да сонша секторға бөліп, картасын дайындадық. Әр секторға бір ауданнан берілді. Әр қала, аудандар мен белсенділерге жадынама таратамыз. Онда бүкіл мәселелер тарқатыла жазылған”, – деді аппарат басшысы Қ.Мылтықбеков.

Қаладағы мөлтек аудан және көше төрағалары, яғни белсенді азаматтар  секторларға жауапты аудан басшыларына хабарласып, көшеде немесе аталған ауданда болып жатқан мәселелерді тікелей айта алады. Яғни, қанша аяқ жол, жарық шамдар, суағар арықша, қоқыс жәшігі, қандай жол белгілері, аялдама  керек осы мәселелер бойынша анализ жасап, 3-4 күн ішінде толықтай қарап, облыс әкімі алдында қорғайды.

Енді әр көшенің белсенді тұрғындарына секторға қарасты аудан әкімдері мен басқарма басшыларының байланыс нөмірлері беріліп, сол арқылы тікелей тілдесіп, мәселелердің түйінін бірге ағытатын болады.

Мәселен, «Бекзат» мөлтек ауданына Қазығұрт ауданы жауапты болса, олар қаржылай, құрылыс бойынша, техника, тас төсеу бойынша да жәрдемдесіп, септігін тигізеді.

Айта кетейік, бұл жүйе өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында іске асқан секторларға бөлу тәжірибесінен алынып отыр.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жұмыла көтерген жүк жеңіл