Шұбат, қымыз өнімдерін шетелге экспорттай алады

Znalezione obrazy dla zapytania қымыз шұбат

Түркістандықтар енді қолдарындағы кәсіп етіп дөңгелетіп отырған өнімдерін шетелге экспорттай алады. Бұл қаладағы шаруашылықпен айналысатын шағын кәсіпкерлер үшін өз кәсібін өрлетуге, жаһандық деңгейге шығаруға керемет мүмкіндік болмақ.

Елімізде құрғақ шұбат пен қымызды Қытайға экспорттағысы келетін кәсіпкерлер бар. Қытай тарапынан да бұл өнімдерге қызығушылық жоғары. Бұл туралы Дүниежүзілік стандарттар күніне орай өткен форумда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрғақ шұбатқа келетін болсақ, Түркістанда «Golden Camel» деп аталатын үлкен инвестициялық жоба іске асырылды. Бүгінгі форумда айтып өткенімдей, ол компанияның өнімдері Қытай стандарттарына сәйкес келеді» деді «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова.

Бұдан бөлек, Қытайдың стандарттау органы – сүт өнімдері қауымдастығы стандарты негізінде ұлттық стандартты жасау қолға алынды.

«Қытай стандартын қазақстандық өнімге қолдануға рұқсат алуымыз керек болды. Қажетті құжатты жіберіп, рұқсат алдық. Енді қазақстандық компанияға Қытайдағы сүт өнімдері қауымдастығының стандартын қабылдауға құқық берілді. Бүгінгі таңда құрғақ шұбат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық талаптары бойынша қол қойған хаттамаға кіргізілді. Бұл хаттама осы өнімді экспорттауға жол ашады» деді Е.Әмірханова.

Сондай-ақ, Еркежан Мағауинқызы Қытайда құрғақ шұбатқа қатысты стандарт жоқ екенін де тілге тиек етті.

«Қымыз – ерекше сусын. Қытайлар оны көп тұтына бермейді, бірақ, бүгінгі таңда олардың қымызға қызығушылықтары артып келеді. Алайда, қымызға қатысты оларда стандарт жоқ болғандықтан, өзіміздің ұлттық стандартымызды ұсынып, қытай тіліне аударып бердік. Ол алдағы кезде Қытайдың денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып, арнайы зерттеуден өтеді» деді Е.Әмірханова.

Дегенмен, Қытайдың денсаулық сақтау министрлігі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты қосымша талаптар енгізуді ұсынған.

«Біз олардың талабын орындадық, енді өздерінен жауап күтіп отырмыз. Олар біздің ұлттық стандарт негізінде қымыздың Қытайдағы ұлттық стандартын жасайды. Мұнда техникалық талаптардың орындалуы өте маңызды. Мәселен, қытайлар үшін қымыздың дәмінің ащылығы таңсық дүние болса, біз үшін бұл қалыпты жағдай» деді стандарттау институты директорының орынбасары.