Түркістанның тарихы – қазақтың тарихы

Screenshot_1.jpg 

Тасын түрсең тарихы сөйлейтін қасиетті мекен Түркістан облысында киелі, тарихи, жәдігерге толы жерлер өте көп. Олардың бүгінде зерттелгені де, зерттелмегені де қаншама. Міне, осындай тарихи өлкелердің өткені мен бүгінін мамандар Түркістан төрінде талқылады.

 Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйымдастыруымен Түркістан қаласында  «Түркілер төрі Түркістан» тақыбында онлайн конференциясы өтті. Халықаралық ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам адам онлайн жүйесі арқылы қатысты.

   Түркістан өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті жерлер насихатталған жиында биыл 75 жылдық мерейтойы тойланып жатқан жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» кітабының таныстырылымы өтті. Елімізге белгілі ғалымдар, қаламгерлер, Сенат, Мәжіліс, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аудан, қала әкімдері, сондай-ақ, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің жазушылары, әдебиеттанушылары қатысып, сөз сөйлеп, Түркістанның тарихына, оның  мән-маңызына қатысты құнды пікірлерін ортаға салды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Мархабат Байғұтқа жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Конференцияның модераторы, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібайдың  айтуынша, Қазақстанның сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланғаны белгілі. Осыдан 3 жыл бұрын әзірленген Қазақстанның  киелі 100 нысанының ішіндегі 23-і Оңтүстік өңірінде шоғырланған. Мәселен, екінші орында тұрған Қарағанды облысынан тек 12 нысан енген екен.   Ал енді осы қасиетті орындардың әдебиеттегі көрінісі қандай? Бүгінгі әдебиетте қастерлі мекендеріміз қаншалықты дәріптеліп, қамтылып жүр? «Біз осы қастерлі орындарды насихаттауда, әсіресе жастарға танытуда әдеби саланың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?» деген сауалдар сананы мазалайтыны рас.   Ел аузында киелі орындар көп айтылып жүргенімен, көпшілік нақты деректерді біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға да қаламгерлер қауымы сүбелі үлес қосары анық. Маңызды тарихи деректерді әдеби көркем тілмен әспеттей отырып көпшілік аудиторияға жеткізудің орасан пайдасы болатыны сөзсіз.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты алты бағыттың бірі -  «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра¬фиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу және осы арқылы жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Яғни, біздің болашақ ұрпаққа тәрбие беру, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмаудың қамы.  Түркістанның қайта түлеуі – ұлттық болмысымыздың, рухымызды қайта оянуының бірден-бір көрінісі десек артық айтпаған болар едік.    Түркістанның жаңғыруы тек құрылыс жұмыстары, сәулет өнерімен ғана шектелмеуі тиіс, ол тарихи, әдеби және публицистикалық жаңа туындылармен, шығармалармен  де қуатталуы тиіс.

Screenshot_2.jpg

   Бұл тұрғыда жуырда  ел газеті «Егемен Қазақстанда» Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «Елбасы және түркілер төрі Түркістан» атты көлемді мақаласының орны ерекше.   Бұл қатардағы мақала емес. Өңір басшысының Түркістан жайлы осылайша ағынан жарылуы -  облысымыздағы Түркістанды түлетуге деген ұстанымы нық, бағыты айқын екендігін көрсетеді. Өмірзақ Естайұлы өз мақаласында  Тұңғыш Президенттің Жарлығымен осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысының құрылғанына және тарихи қала Түркістанның өңір ор¬талығына айналғанына тоқтала келе, Түркістан – рухани жаңғыру бағдарламасының ең ерекше жемістерінің бірі деп ой қорытады. 

Жиында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Түркістан идеясы-ұлы идея» деген пікір айтты.

-Түркістанның осыдан екі жыл бұрын облыс орталығы мәртебесін алған кезде бүкіл түркі әлемі қуанды. Түркістанның дамуына президентіміз де ерекше мән беріп отыр. Ертүріктің бесігі жалпы түркі әлемінің бесігі,-деді ол. Айта кетері,  жоғарыда аталған Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан» кітабы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көріп отыр.

Кітаптың құндылығы, елдің, жердің, Түркістанның қасиетін танытудағы маңызы туралы  туралы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Әбдірәсілов, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып та атап өтті.

-Мархабат Байғұттың шығармалары ұлтымыздың ұйытқысы болған Түркістан өңірінің шежіресі іспетті,- деді Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков. Ал сенатор Әлімжан Құртаев биыл  1150 жылдығы аталып өтіп жатқан әл-Фараби бабамыздың мұрасын зерттеудегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сенатор 2006 жылы қазақстандық делегацияның  Сирияға барып, бабаның басынан топырақ алып келгенін, дәл осындай шаралардың былтыр да жалғасын тапқанын тілге тиек етті.

-Түркістан деген ұғымнан үлкен ұғым жоқ. Түркістан қаланың, облыс деген ұғымнан жоғары. «Түркілер төрі Түркістан» еңбегі арқылы Мархабат Байғұт туған ел алдындағы парызынан абыроймен орындады деуге болады. Бұл еңбек түркі тілдеріне аударылуы тиіс. Түркістанның келбетін ғана емес, рухани сананы да жаңғыртуымыз керек,-деді Парламент Мәжілісінң депутаты Дархан Мыңбай. 

Белгілі ғалым Мұхтар Қожаның айтуынша,  Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі Орталық Азиядағы ең үлкен сәулет ескерткіш болып табылады.

-Бұл кесененің бір ерекшелігі  тайқазаны, қабір жапқышы сияқты көптеген жәдігерлері сақталып қалған.  Алтынмен жазылғаны құран кітабы қазір Алматыда тұр. Мұндай жәдігерлер Орталық Азиядағы бірде бір ескерткіште сақталмаған-деді ғалым.

Жиында сондай-ақ, өзбекстандық жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мехманқул Исламқұлов, Қазақбай  ЮЛДАШЕВ, Әзірбайжандағы Халықаралық  Жас жазушылар одағының төрағасы, ақын Әкбар Қошалы, түркиялық әдебиеттанушы Бюлент Байрам Киркарели, Шымкенттегі «Ерлік» мұражайының меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенова сөз алып, Мархабат Байғұт шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдірді.