Подагра: ұлылар мұңы ма, парасат шыңы ма?

Подагра. Аяққа қақпан. Дәл осы сырқат тарихта «із» қалдыруға кедергі емес. Диагноздың ерекшелігі - отызында   орда бұзып, қырқында қамал алған жігіттерді «қақпанына» түсіреді. Көптеген ұлы адамдар подаградан зардап шеккен. ХХ ғасырдың ортасында ғалымдарды бұл диагноздың данышпандар арасында жиілеуі таңқалдырған.  Қанда артқан несеп қышқылы  теобромин мен кофеиннің қасиеттеріне ие – ақыл-ой белсенділігін жоғарылатады екен.Бұл сонда дерт пе, дарын ба?  

image.png

Дертке шалдыққан жанның организмінде зат алмасу процесі бұзылады. Қанда несеп қышқылы артады. Салдарынан  оның тұздары буындарда, дене мүшелерінің басқа тіндерінде жиналады. Ауру – созылмалы. Подаграның дамуына жиналған урат (несеп қышқылының тұздары) түйіршіктерін организмнен шығаратын әр түрлі ферменттер қызметінің бұзылуы әсер етеді. «Ауру – астан» деп бекерге айтпаған ғой. Ет және майлы тағамдарды, бұршақты көп пайдалану, ішімдікті мөлшерден көп ішу, аз қозғалу  – аурудың дамуына себепші болады. Подаграның тұқым қуалайтын түрлері де бар. 

Аурудың белгісі – бір немесе бірнеше буынның қабынуы. Ең алдымен аяқтың бармағы (әдетте бас бармағы) зақымданады. Зақымданған буын ісініп, терісі қызарады, дене қызуы 38-40 градусқа көтеріліп, қалтырайды. Дерттің қозуы бірнеше күнге созылады. Ұстаманың қайталауы жиілей берсе, ауру созылмалы түріне ауысады. Бұл кезде тері астына жиналған урат түйіршіктері түйін-түйін болып, негізінен шынтақ және тізе буындарынан бұлтиып білінеді. Урат түйіршіктерінің бүйрек тіндерінде жиналуы да жиі байқалады. Бұл өте қауіпті, себебі, несеп шығару жолдарында тас жиналу процесі жылдамдайды. 

 Патшалар дерті 

image.png

Суретте Александр Македонский 

Әр түрлі уақыттағы дәрігерлер подаградан көбінесе ақылды, белсенді, талантты адамдар  зардап шегетінін бағамдаған. Француз Эжен Мушрон 1739 жылы «Подагра және қасиеттер туралы» брошюрасын шығарды. Автор «подагра – ақылды  және дарынды адамдардың тағдыры» деп санайды. Брошюрада подаграмен дерттенген саясаткерлер, әдебиетшілер, өнерпаздар, суретшілер аталады.

  Қуырылған ет. Шарап. Подаграға жетелейтін жол іспетті. Гиппократ дертті «ақсүйектер ауруы» деп атаған. Әңгіме ақсүйек болу-болмауда емес. Жоғары өмір сапасы мен күйзелісте. Басшылықтың қай түрі уайымсыз болып еді? Артта қалған заманның алыптарын бұл аурудың қақпанына сауықшыл әдеті жеткізсе керек. 

Әке-шешесі де патшалық отбасыдан. Он үш жастан данышпан Аристотель ұстаздық еткен. Ұстазы мықтының өзі осал болушы ма еді? Әдебиеттен медицинаға дейінгі ілімді игерген  Александр Македонский жайлы сөз қозғаудамыз. Финикия, Мысыр,  Парсы елі, Орта Азия, Бактрия елдерін бағындырған.  Александр сол кезеңдегі өркениет шыңындағы елдерді уысында ұстай білгенін аңғарамыз. Шығыс ақындары арнған жырында даңқын аспандата айтатын қолбасшы стратегиясымен ерекшеленген. Оның да түбірінде даналық жатса керек-ті.   

Бұл қатарда ақсүйек отбасыда өскен Юлий Цезарь,  Иван Грозный,  Петр I,  Карл XII, адмирал Нельсон секілді аталар есім көп .  Данышпандықтың «даңғыл» жолы 

image.png

Суретте Ньютон

 Мошеронның брошюрасына дейін де дерттің дарынға қатысы қызықты еді.  Мыслаы, Чарльз Дарвин «Түрлердің пайда болуы»  еңбегінде, «Адамның шығу тегі және жыныстық таңдау» кітабында ақыл-ой туралы жанама тұжырым жасаған. Мұны оның туысы Сэр Фрэнсис Галтон түсіндірген. Дарвин зерттеу барысында ақыл-ой қабілеттері тұқым қуалайтын сипатқа ие деген қорытындыға келген.  

Дарвин мен Галтонның отандасы Гавелок Эллис 1927 жылы «Ағылшын данышпандарының тарихы» кітабын шығарды. Эллис подагра диагнозы болған  55 әйгілі ағылшын пациенттерін мысал ретінде келтірді. Эллис оларды ерекше батыл және бөлек тұлғалы деп санаған.  Бірақ Эллистің ағылшын данышпандар тізімі мыңнан асқанын ескерсек,подаграның данышпандыққа қатысы азая түседі. Айтпақшы, алғаш жанама тұжырым ұсынған Чарльз Дарвиннің өзі подаграмен  сырқаттанған. 

Готфрид Вильгельм Лейбниц те осы дерттің «тұтқыны». Ол – неміс  философы және ғалымы.  Ғалым болмыстың мәнін ашуға талпынған. Оның пікірінше, болмыс ұсак ерекше рухани бөлшектер - монадалардан тұрады. Монадалар - болмыстың алғашкы элементтері, атомдар. Осындай ұсақ-түйекке дейін зерделей білген данышпанның 62 тамырында урат түйіршіктері «саяхаттаған».  Бұл дерттен тартылыс заңын ашқан Ньютон да айналып кете алмаған... 

Жазушылардың жазмышы 

image.png

Суретте Иван Тургенев 

Ресейлік көрнекті генетик Владимир Павлович Эфроимсонның  жазған кітабы заманында көп шу шығарған. Оның подаграның адамдардың ақыл-ой дарынымен байланысы туралы идеяға деген құштарлығы орасан болған. Дәлелі, генетик подаграмен ауырған әйгілі адамдардың есімі жазылған қырық мың картадан тұратын картотека жасаған. Эфроимсонның картотекасына байланысты  КОКП Орталық Комитетінің мүшелері қызығушылық танытқан. Ғалым жазған кітап қандайда бір кедергілерге байланысты  жарыққа шықпайды.  

Қазір геномдық мыңжылдықтың басында біз оннан астам генді білеміз.  Олардың бұзылуы мен мутациясы ақыл-ойдың дамуы мен ағза дамуының тежелуіне әкеледі. Мидың таңғажайып механизмдерін білуде нақты прогресс бар. Яғни – кісі ісімен кісі. Шығармашыл, креатив, стандарттан тыс әрекеттер – адам дарынын сыртқы ортаға жеткізеді. 

 Мысалы, Стендаль лақап атымен танымал француз жазушысы Анри Мари Бейльдің шығармашылығы.  Мари-Анри Бейль Гренобль қаласында бай адвокаттың отбасында дүниеге келген. Подагра дерті Стендальды да мазалаған. Әдебиет пен философиядан хабары бар Стендальдың жазу шеберлігі тарихта қалды. Осыған дейін тек элиталы ақсүйектер сөз болды. Француз  жазушысы Ги де  Мопассан  кедейленген дворян отбасында дүниеге келген.  

Ник Филдинг, Феодор Тютчев, Иван Тургенев секілді жазушылардың жазмышы да осы дерттің ықпалында.  

Қылқалам. Талғам. Тағдыр

image.png

 Рембрандт Харменс ван Рейннің картинасы

Ғаламда қылқалам шеберлерінің көптеген ғажайып туындылары бар. Олардың арасында құны миллиард доллар тұратындары қанша? Кейбір бояу мен қылқалам арқылы қиялындағы бейнені қағазға түсірген суретшілерді тек бір ғана туындысы арқылы әлем таниды.Біз осыған дейін таныған әйгілі суретшілердің дарыны аз емес.   Микеланджело – италиялық  мүсінші әрі қылқалам шебері. Эстетикалық құны жоғары туындыларымен жаһанға танымал. Дегенмен, өмірінің соңғы 30 жылында Микеланджело мүсін мен кескіндемеден бірте-бірте алшақтап, негізінен сәулет өнерімен және поэзиямен айналысты. Ол бейнелеу өнерінен гөрі құрылыс жұмыстарымен көп шұғылданды. Микеланджело Флоренцияда Лауренциана кітапханасының ғимаратын тұрғызды. 1546 жылдан өмірінің соңына дейін Римдегі әулие Петр соборы мен Капитолий ансамблін салды (екеуі де автор қайтыс болғаннан кейін аяқталды). Микеланджело қартайған шағында да поэзиядан қол үзбеді. Оның лирикасы терең, асқақ, трагизмге толы болды. Эрудит тұлғадан да подагра анықталған.  Рубенс, Ренуар, Рембрандт.... Подаграмен сырқаттанған науқастар легі жалғасып кете береді. 

 Балерке ӘСІЛХАН