15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

034.jpg

Президенттің пәрменімен заңға өзгерістер енгізіліп, масаң ккүйде көлік басқаратындарға жаза қатаңдатылғаны мәлім. Осындай құқық бұзушылықты болдырмау маұсатында облыс әкімінің тәртіпті кұшейту туралы тапсырмасымен ж.ргізілген рейд барысында полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізушіні ұстады.

Тамыз айының ортасында Түлкібас ауданында аудан орталығының көшелерін патрульдеу кезінде патрульдік полиция инспекторларының назарына жол қауіпсіздік ережесін бұзған "ВАЗ" маркалы автокөлігі түсті. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің автокөлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Алайда, Түлкібас ауданының тұрғыны өзін ақтау мақсатында тек "қымыз" ішкенін жеткізді. Нәтижесінде медициналық куәландыруға сәйкес, құқық бұзушыда "Алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесі" екені анықталды.

Мас жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен "Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйдегі адамға беру" әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция жиналған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді.

Түлкібас аудандық сотының шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге автокөлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап ҚР әкімшілік заңнамасына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес мас халде көлік құралын басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айыру және 15 тәулік қамауға алу көзделген. Осы бап қайта бұзылған жағдайда, жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жыл мерзімге автокөлікті басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары Түркістан облысының жүргізушілері мен тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және мас күйінде рульге отырмауға шақырады. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін абай болу, қашықтық пен жылдамдық режимін сақтау, қарсы қозғалыс жолағына шықпау және маневр жасау ережелерін бұзбау қажеттігін ескертеді. Сондықтан жол ережесін сақтаңыздар!