12 жылжымалы медицина кешені ауыл тұрғындарына қызмет көрсетпек

        Screenshot_7.jpg

Бүгінде эпидемиологиялық жағдайы тұрақты Түркістан облысы айтып келмейтін ауруға төтеп беруге толықтай дайын. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша  өңірде коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек орынмен қамту қауқары қарастырылған. «Ауруханаларда материалды-техникалық база жақсартылды. Өкпені жасанды желдету аппараттар саны 65 пайызға артты. Сонымен қатар қуаттылығы орасан 80 оксиген аппараты алынды. Оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жеткізіліп, бүгінде өсім 95,0% - ды құрап отыр.  Қосымша 5 ренгтен және 1 компьютерлік томограф аппараттарын алдық.   Аурухана аймақтарынан салынған оттегі станциялары да екі есеге артты. Облыста  көрші елдермен шекаралас екі аудан бар. Олар Сарыағаш пен Мақтарал аудандары. Осы екі өңірде карантиндік стационарлық төсек орындарды даярлап қойдық. Бұдан былай шекарадан өткен әрбір азаматтың қолында ковид-19 инфекциясына тексерілген анализ қорытындысының қағазы болуы керек. Егер болмаған жағдайда жергілікті дәрігерлер олардан анализ алып, стационарға жатқызады. Дәл қазіргі уақытта Сарыағаштағы стационарда  10 азамат жатыр. Жалпы облыс көлемінде  науқастарға арналған 6500 төсек орын дайын тұр. Барлық мекемелерде  2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған.  Жалпы қазір облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты.  Бүгінде  инфекциялық стационарда  ем қабылдап жатқан  екі  науқас бар. Олардың жағдайы тұрақты»,- дейді  Марат Орынбасарұлы.

    Облыстың бас дәрігері  сондай-ақ жыл соңына дейін 122 жедел жәрдем көліктері берілетінін жеткізді.  Бұл облыстағы жедел-жәрдем көліктерінің 100 пайыз жаңаратынын білдіреді. Одан бөлек жақын күндері  12 жылжымалы медицина кешендері өңірдің шалғай ауылдарына барып қызмет көрсетпек.  Медициналық автокешен  УДЗ, рентген аппараттары,  зертханамен жабдықталған.  Ауыл тұрғындары мұнда анализ тапсырып, дәрігерлердің тексеруінен өте алады.