«Шымкентмайдың» өнімдері шетел асып жүр

Screenshot_14.png

«Шымкентмай» АҚ – Қазақстандағы май өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. «Шымкентмай» өндіретін өнімнің сапасын қазақстандықтар ғана емес, сыртқы тұтынушылар да жоғары бағалайды. Бүгінгі таңда компания кірісінің 70,5 пайызын экспорт құраса, бұл өткен жылдарға қарағанда 6 пайызға жоғары.

Компания банктен несие алу арқылы өз өнімдерін өткізу географиясын кеңейтіп, экспорт көлемін арттырды. Бұл бағытта зауыт ҚДБ және «KazakhExport» АҚ экспорттық сақтандыру агенттігімен бірлескен жобалар бойынша экспорт алдындағы қаржыландыру бағдарламасы аясында «Сбербанктің» қаржылай қолдауына ие болды. «Шымкентмай» елдегі майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша ірі өндірушілердің бірі болғандықтан, кәсіпорынның экспорт алдындағы қызметтерін несиелеу тұтастай алғанда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін арттырады.

Бүгінде компанияның өнімдері ішкі нарықта негізінен еліміздің оңтүстігінде, атап айтқанда, Шымкент, Түркістан, Тараз, Алматы, Сарыағаш қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарында саудаға шығарылады. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушінің өнімдерін сатып алатын елдер тізімінде Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Қырғызстан және Түркия бар.

Өткен жылы компанияның өндіріс көлемі, оның ішінде өсімдік майы – 32 мың тонна, шаруашылық сабыны – 6,8 мың тонна, жемшөп өнімі 94 мың тоннаны құрады. Зауыт «Сбербанктің» қолдауымен өсімдік майларын тереңдетіп өңдеу бойынша үлкен жоспарларын жүзеге асыруды ойластыруда.