Елбасы ботаникалық бақтың жоспарымен танысты

18.jpg

Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  назарына ботаникалық бақтың даму жоспары ұсынылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды.

 «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүлзарлар бар.

Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдіктер.

Ал «Күлтөбе қалашығы» Түркістанның тарихи орны деп есептеледі. Бұл жерде жүргізілген қазба жұмыстары Түркістаның тарихының тереңдігін, мұнда көптеген мәдени қабаттардың бар екендігін көрсетті.  Қазіргі уақытта археологтар Түркістанның тарихи жасының 2200 жыл екендігін нақты жәдігерлермен дәлелдеген. Алайда жуырда Түркістанда өткен жиында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, белгілі археолог Бауыржан Байтанаев Түркістанның жасының 3000 жыл екендігін жария етті. Яғни, Түркістан Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі деген сөз. Тарихи деректерде Түркістан Шауғар, ортағасырларда Ясы деген атаумен белгілі.