Флебэктомия: сұлу аяқтың сыры

    Screenshot_1.png

    Бүгінде жүз адамның бірі пластикалық отаға жүгінеді десек қателеспейтін шығармыз. Эстетикалық операцияға біріміз қажеттіліктен енді біріміз тек сән үшін барып жатамыз. Флебэктомия қажеттіліктен туындаған ота деуге болады.

    Адамзат баласы үшін қос аяқтың қызметі орасан. Тіршіліктің, қимыл-қозғалыстың басты тірегі аяқтың ауырғанынан асқан қайғы жоқ шығар. Жиі кездесетін аурулардың бірі варикоз (латынша varix- түйін, үрлену) аяқтағы қан тамырларының кеңейіп түйінделуінен туындайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жер шарындағы халықтың 10-15%-і осы кеселге шалдыққан, ерлерге қарағанда әйелдерде (әсіресе, жүкті әйелдерде) бұл ауру 4 есе жиі кездеседі. Ауру баяу басталады да, бірте-бірте тамыр созылып, үстіндегі терісі көгереді, кейде сол жер жұқарып тесіледі. Науқас адам аяғына ауыр салмақ түскендей сезініп, балтыр еті тартылып, тез шаршағыш келеді. Аяқ ісініп, ауру күшейе түседі. Варикоз көбіне ұзақ уақыт аяғынан тұрып ауыр жұмыс істейтін адамдарда (шаштараз, аспаз, мұғалім, т.б.) болады. Сондай-ақ аяқтың варикоздық сырқаты өндірісі дамыған елдер тұрғындарының арасында жиі кездеседі. 

    Соңғы онжылдықта аталған сырқатпен ауыратындар арасында жастар көбейген. Аяқтың созылмалы көктамыр жетіспеушілігін кейде «ауыр аяқ синдромы» деп те атайды. Варикоздың тұқым қуалайтын жағдайлары да анықтаған. Көп ретте мұндай сырқаттардың варикоз ауруының дамуына тектік бейімдігі, негізінен анасы жағынан (92%) бейімдігі тіркелген. Жер басып жүрген сайын шыдатпай ауыртатын кесел адамның әсіресе әйел затының психикасына да кері әсер етеді екен. Себебі юбка, көйлек киюді ұнататын нәзік жандылар үшін көгерген аяқпен ел алдында жүру үлкен проблема. Варикоз асқынған жағдайда тамырлар едірейін көзге жаман көрініп тұрады. Дертті жеңуге ем-дом көмектеспеген жағдайда операция үстеліне жатуға тура келеді. Бұл ота флебэктомия деп аталады. Процедурадан кейін варикозды біржола ұмытуға болады.

   ХІХ ғасырда жасала бастаған отада  алғашқыда эстетика болған жоқ. Пациент аяқ аурынан айыққанымен көк тамырлардың орнын үлкен тігістер басты. Науқастың операциядан кейінгі оңалу шаралары да ұзаққа созылатын. Қазір медицинаның дамуына байланысты отадан кейін аяқта соншалықты тыртықтар қалмайды. Тиімді, оңтайландырылған тәсілді 1908 жылы америкалық хирург Бебкоко ойлап тапты. Ол сирақ пен саннан кішкене екі тілік тіліп, жаралы тамырларды  металл құрылғы зонд - экзереземен суырып алуды ұсынды. Хирургтың оң тәсілі бертінге дейін қолданылып келді. Дегенмен дәрігерлер одан әрі ізденіп, тыртықты қалдырмаудың амалын қарастырды. Сөйтіп швейцариялық хирург Роберт Мюллер экзерезенің орнына жіңішке скальпель мен хирургиялық инені қолданды. Бұл минифлебэктомия деп аталған тәсіл кездейсоқ жағдайда туындапты. Операция кезінде Мюллердің зонды сынып қалады. Басқасын іздеп отыруға уақыты болмаған дәрігер бөлмедегі соған ұқсас құралдармен жасап шығады. Нәтижесінде ота мінсіз болып шығады. Роберттің жаңалығы флебэктомияны күрделі хирургиялық ота емес амбулаторлық жағдайда жасалатын пластикалық отаға айналдырды.

    Пластикалық отаны варикоз мазалаған пациенттердің барлығы жасата бермейді. Алдымен дәрігер флеболог науқастың жағдайын түбегейлі тексереді. Егер тромбоз қаупі туып тұрса онда отаға рұқсат береді. Операция жасайтын маман да сырқаттың ахуалын тексермей отаны бастамайтыны белгілі. Ол біріншіден қантамырларға ультрадыбысты зерттеу жүргізеді. Бұл кезде хирург емдеуді қажет ететін тамырларды анықтайды.  Кейіннен пациент электрокардиограммаға түседі. Әрбір сырқаттың өзіндік қайталанбас белгілері болады. Сондықтан тиімді кешенді таңдап, емдеу шараларының қаншалықты нәтижелі болатындығын физиологияны және аурудың патофизиологиясын жетік білетін дәрігер ғана айта алады. Флебэктомия варикоздың деңгейіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Кроссэктомия – науқасқа тромбофлебита төніп тұрған жағдайда шұғыл түрде жасалатын әдіс. Қан кері айналмас үшін түйінделген тамырларды қалыпқа келтіреді. Сафенэктомия – варикозды емдеудің кішіинвазивті бір түрі. Жиі жасалатын отада пациентке наркоз салынып, сирақ пен санынан бірнеше тіліктер тілінеді. Хирургиялық құралдардың көмегімен түйінделген тамырлар  алынады. Жараның орнын жіңішке эстетикалық жіппен тігеді. Уақыт өте келе ол өздігінен бітіп, ізін қалдырмайды. Кейде хирург тілікті жіппен тікпей арнайы пластырь жабыстыруы мүмкін. Сондай-ақ минифлебэктомия да аяқ ауруына ем.  Мұнда  тыртықты мүлдем уайымдамауға болады. Себебі ол кезде денеге тек ине егіледі. Отадан кейін аяққа жұмсақ бинт оралады. Жалпы оталардан кейін төсектен тұруға тек келесі күні ғана рұқсат беріледі. Оның өзінде 10 минуттан көп жүрмеу керек. Ауруханадан шығарда дәрігер пациентке емдік денешынықтыру, массаж бен су процедураларын  үйретуі тиіс. Екі айға дейін компрессті трикотажды тастамай аяққа киіп жүру керек.  Сондай-ақ бүгінде дамып отырған лазерлі процедура да ешқандай ауырсынусыз өтеді.  Ине арқылы тамырға лазерлі сәуле енгізіледі.  Ол тамырды іштей күйдіреді.де кейіннен тамырларды бір-біріне желімдейді. Операция допплерография аппаратының көмегімен жасалады.  

    Флебэктомияның тағы бір түрі стриппинг – терішілік  минифлебэктомия болып табылады. Аталмыш процедура кезінде тамырға жіп енгізіліп тамыр ішінде түйінделеді, Кейіннен түйінді тамырды стриппердің көмегімен суырып алады.   Склеротерапиялық түрінде иненің көмегімен ауру тамырға склерозант дәрісі егіледі. Ол тамырларды бір-біріне жабыстырады. Бұл тек кішкентай көктамырларды емдеуге ғана арналған кіші хирургиялық ота. Алайда процедураның нәтижесі уақытша ғана. 4-5 жылдан кейін сырқат тамырлар қайта ажырап кетуі мүмкін. Сондықтан оны жиі-жиі жасап тұруға тура келеді.  Радиожиілікті облитерация – бұл варикозды хирургиялық жолмен емдеудің ең жаңа әрі кеңінен қолданыла қоймаған тәсілі. Мазалаған тамырға мұнда қыздырылған бір реттік катетр жіберіледі. Ол жұмысы бұзылған тамырларды күйдіреді. Отаны қайталап жасаудың қажеттілігі жоқ. Себебі мұнда жарамыз тамырлар жалғанбайды түбегейлі алынып тасталынады.

     Кеңейген тамырға жасалатын хирургиялық емнің сәтті шығуы бірқатар жағдайларға байланысты. Мұнда пациенттің жасы, аурудың деңгейі, өзге де қосарланған сырқаттар операция кезінде және оңалу процесінде үлкен рөл ойнайды. Кейде отадан кейін мынадай асқынулар орын алуы мүмкін: операция барысында аяқтағы нерв жүйелеріне зақым келген болса сол аймақтағы тері қабаты жансызданып, сал болып қалуы, пышақ тиген орындардың іріңдеуі, қан кетуі, тіліктің айналасында тағы да кеңейген тамырлардың пайда болуы, жалпы аяқтың ауыруы. Аяқтың көктамыр жүйелері жақсы жетіліп, дамыған және көп вариантты болып тарамдалған көптеген тамырлар шоғырынан құралған. Сол себепті хирург әр өрнектің әрбір миллиметрін өлшеген зергер секілді әр тамырды ұқыптылықпен емдеу қажет.

    Егер науқастастан төмендегідей аурулар анықталса, онда дәрігер отаға рұқсат бермейді: варикоздың соңғы сатысы, жүректің ишемиялық аурулары, гипертония, инфекциялық аурулар, сырқаттың жасының тым үлкендігі, экзема секілді аяқтиың жиі асқынатын ауруы, жүктіліктің соңғы триместрі, қант диабеті, инфаркт пен инсульт. 

    Түрлі жағдайлардың себебімен пайда болатын варикоздан құтылу кез келген нәзікжандының арманы болса керек-ті. Өйткені аяқтағы білеуленген тамыр аяғыңыздың сұлулығына сын келтірсе, екінші жағынан ауыртатыны бар. Кеңейген тамырларды үй жағдайында да емдеуге болады. Алайда есте сақтаңыз, халық емі тек варикоз қылаң бере бастағанда ғана көмектесуі мүмкін. Асқынған ауруды өз бетіңізше емдемей, дәрігерге жүгіну керек. Сонымен:  кез келген дәріхананың сөресінен табылатын алма сірке суынан 1-2 тамшы 1 стақан жылы суға араластырып, таңертең ашқарынға ішесіз. Бұл сіздің ағзаңызды А, В және С дәрумендерімен қамтиды, қан тамырлардың саулығын арттырады әрі теріңізді тегістейді.  Үйіңіздегі каланхоэ гүлі де сіздің дертіңізге дауа болады. Ол үшін гүл мен спиртті бірдей көлемде алып, араластырыңыз. Дайын болған тұнбамен білеуленген тамырды сүртіңіз. Емді 1 ай бойы жүргізесіз. Көк қызанақтың да кереметері мол. Ол үшін қызанақты езіп, білеуленген тамырға жағасыз. Сыртынан қағаз қойып, жұқа матамен орап қойыңыз. Шамамен 30-40 минуттан соң компресті аласыз. Осылайша үзбей 2 апта жүргізсеңіз, ем нәтижесін береді.  2 ас қасық қалақайды 250 гр. қайнаған суға салып, тұндырыңыз. Тұнба салқындаған соң сүзіп алып, жарты стақаннан ішесіз. Емді күніне 3 рет жүргізу керек.  3 дана алманы 1 литр қайнаған суға салып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 4 сағаттан соң алманы езіп ботқа жасайсыз. Оған бал араластырып, таңертең және кешке ішке қабылдайсыз. Алма тұнбасы қан тамырларыңыздың саулығын арттырады.  Жасыл грек жаңғағы білеуленген тамырға керемет ем екенін екінің бірі біле бермес. Оны дайындау үшін жаңғақты ыдысқа саласыз. Үстіне зәйтүн майын құйып, 6 апта тұндырып қойыңыз. Ыдысты күн тимейтін жерге қоюды ұмытпаңыз. Белгіленген уақыттан соң дайын болған тұнбамен күнде жатар алдында аяғыңызды сүртесіз.  Орташа көлемдегі картопті үккіштен өтікізіңіз. Оны варикоз шыққан жерге жағып, сыртынан дәкемен орап қоясыз. Осылайша таңға дейін жатасыз. Таңертең компресті алып, аяғыңызды жылы сумен шаясыз.  250 гр. сарымсақты қабығынан аршып, үгесіз. Сосын оны 350 гр. таза балмен араластырып, 2 аптадай тұндырып қоясыз. Белгіленген күннен соң тұнбаны алып, 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішке қабылдайсыз. Емді 2 апта үзбей жүргізсеңіз, ішкі ағзаларыңызды тазартасыз әрі варикоздан құтыласыз.

   Флебэктомия – эстетикалық ота болғанымен аурудан құтылудың бір жолы. Сол себепті оны жасатуға қорықпаңыз.  Дей тұрғанмен ақ халаттылар варикозға шалдықпас үшін мынадай кеңестер береді; ұзақ уақыт тік тұрмауға тырысу, биік өкше киюді сирету сондай-ақ ұзақ уақыт бір орында отыра беруден аулақ болу.


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz