Арт-терапия – дертті емдейтін өнер

Адам баласы сурет салу арқылы жан дүниесінде бітісе қайнап жатқан өкпе реніш, үрей, тәуелділікті жеңе алады. Осыған орай  әлі күнге дейін білім ордаларында психологиялық дәрістер жүргізіліп отырады. Жасөспірімдер сол  арқылы жан қалауындағы суретті қағаз бетіне түсіре отырып, сыртқа  беймәлім ішкі ала-дүлейінен сыр шерте алады. Демек, аталмыш өнер емінің адам психологиясына өзіндік пайдасы бар екендігінен дәлел. Кейбір адамдар өз психологиясымен алысып, ішіндегі қайнаған даумен бөлісе алмай көп жағдайда өлшеулі өмірімен қош айтысып жатады. Мұндай жағдайларда арт-терапия мейілінше көмек бере алады.


image.png

 Арт-терапиясы дегеніміз – сурет салу арқылы адам жанын емдеу. Арт-терапиясының қазақша баламасы «шығармашылық ем» деп аталады. Жалпы арт-терапияның негізі мақсаты – адамның психоэмоциялық жағдайын шығармашылық арқылы емдеу. Бұл терминнің негізін қалаған британдық суретші – Адриан Хилл. Дәл осы әдісті 1938 жылы туберкулезге шалдыққан адамдардың көңіл-күйін сипаттау мақсатында қолданған екен. Кеңес үкіметі заманында көптеген ауру түрлерін (бронхы, сарыауру аллергия, туберкулез, сонымен қатар наркологиялық ауруларды) арт-терапия арқылы емдеп келген.  

Қағаз бетіне сурет салу арқылы жаныңды жегідей жеп жатқан мәселеңнің шешімін табуға болады. Әдетте суретшілердің ой-өрісі,олардың болмысы, адаммен қарым-қатынасы, басқа адамдарға қарағанда ерекше. Өйткені олар – өнер адамы. Жалпы өнер адамы табиғатынан қиял-ғажайып келеді.

Өнер арқылы емдеу дегенге көп адам сене бермеуі мүмкін. Өйткені бұл емдеудің ерекше түрі. Қағазға жаның қалаған суретті сала қойып, аурудың диагнозын табу десе, қарапайым халық «бұл не тағы?» деп тұра қашуы ғажап емес. Сіз адамдармен сөйлескіңіз келмеуі, ішіңіздегі жағдаймен бөліскіңіз келсе де ешкімге айта алмауыңыз бек мүмкін. Осындай жағдайда арт-терапия арқылы ішкі сырыңыздан жұрт хабардар бола алады. Сондай-ақ ары қарай мәселесіз ғұмыр кешуіңізге сеп болуы мүмкін. 

Сонымен қатар бұл емдеу әдісі адамның санасында кездесетін   қорқынышты түс көру, бала кездегі көзімізге елестейтін түрлі елестер, адамның ішкі күйін ашуға көмектеседі. Мұндай жағдайлар кез-келген адамда кездесуі ғажап емес. Әсіресе өтпелі жастағы жасөспірімдер қатары осындай жағдайларға көп ұшырайды. Өтпелі жастағы балалар осы кезеңдерден өте алмай соңы өліммен аяқталып жатады. Адам психологиясы түрлі қақтығыстардан тұрады. Мәселен, үйдегі ата-ананың келіспеушілігі немесе қоршаған ортасындағы  кереғар әрекеттер. Осы секілді дүниелер бала тәрбиесінің құлдырауына алып келеді. 

 Арт-терапия суреттермен тікелей жұмыс болғандықтан, түрлі түстілік емдеу түріне тән қасиет. «Реңк – адамның жан дүниесінен хабар береді» дейді мамандар. Мәселен, бала психологиясында былай: сары және қызғылт түстер зорлық-зомбылық құрбаны болғанын білдірсе, қара яки сұр түстер нашақорлық секілді түрлі нашар жолда жүргендігінен хабар беретін көрінеді. Ал, жасыл түс адам жанын тыныштандыратын болса, қоңыр түс салмақтылықтан сыр шертеді екен. Яғни, дәрігерлердің пікірінше, түстер адам денсаулығына тікелей байланысты. 

Дегенмен, арт-терапияның бала психологиясы емінде пайдаланылып жүрген бірнеше түрлері бар. Олар: фототерапия, кинотерапия, құм терапиясы, драматерапия, ертегі терапиясы, әуен терапиясы, ойын терапиясы. Аталған әрбір түрінің өзіндік емдеу жолдары бағыт-бағдары да қарастырылған. Осы аталған бағыттар адамдарды түрлі күйзелістер мен ойлардан арылтуға көмекші болады. Мәселен, түрлі картиналар, адам көңіл күйіне әртүрлі әсер қалдыруы мүмкін. Музейге барып, әлдекімнің туындысын тамашалағанда міндетті түрде  сана-сезімімізге я жүрегімізге алпауыт тебіреніс сыйлайды. Бұдан шығатын қорытынды тұлғаның тұла бойы өнерге байланған. 

image.png

Суретші Жанерке  Жарқынбекқызы

Өнер адам баласына даритын құбылыс па, әлде қызығушылықтан туындайтын әуесқойлық па? Осы сұрақтар төңірегінде біршама ізденген едік. Сурет өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген біздің болашақ суретші Жанерке  Жарқынбекқызы арт өнері жайында өз пікірімен бөлісті. 

– Өнер –  Жаратушыдан адамға жеткен сый! Әр адамның бойына біткен дарыны, таланты болады. Жалпы бейнелеу өнері тас ғасырынан бастау алады екен. Кейіннен адамдар жетілген сайын өнер де ерекше қарқынмен дамып отырған. Менің түсінігімде өнер – бізді қоршап жатқан табиғат. Кей адамдар ойлайды екен, «өнер деген суретші, әнші, биші, актер, актриса» деп. Жо-жоқ, сіз де өнер адамы бола аласыз. Жан-тәніңізбен қызығушылығыңыздың арқасында сіз де табиғатпен тілдесе аласыз. Мен табиғатпен тілдесу арқылы дүниеге өз қолымнан жаңалық алып келемін. Жаңалық дегенім ол менің туындым. Менің ойымша кез-келген суретші немесе әнші өз туындысын табиғатпен тілдесе отырып жаратады. Алайда өнерді сүйе білу де адамның өз ішкі сезімдерімен өлшенеді, – дейді ерекше өнер иесі Жанерке. 

image.png

Арт-терапевт6 психолог Алтынай Сауытбекқызы.

Арт-терапия бүгінгі қоғамда мейілінше сұранысқа ие емнің бір түрі болып табылады. Адамдардың басым бөлігі дәрімен емес, керісінше халық емі арқылы емделгенді құп көреді. Бұл емнің пайдасы қаншалықты деңдейде? Әдіс-тәсілі қандай? Осы сұрақтар төңірегінде арт-терапия маманы Алтынай Сауытбекқызымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жалпы арт-терапия – психотерапияның маңызды салаларының бірі. Арт-терапияны көбіне өнер арқылы емдеу деп те  айтамыз. Бұл емді кез-келген адамға қолданады. Яғни, кішкентай баладан бастап, қарт кісілерге дейін арт-емін жүргізуге болады. Ең алғаш арт-терапияны қолданысқа енгізген Адриан Хил есімді суретші өзінің санаториясында туберкулезге шалдыққан адамдарға осы емді қолдана отырып, оның пайдалық қырларын аша бастаған. Суретші науқастарды екі бөлікке бөліп, екі түрлі жолмен емдеп шыққан. Бір тобына дәрі беріп емдесе, екінші бір тобына дәрімен қоса сурет салдырған. Бірнеше уақыт өткеннен соң қараса, тек дәрі  ішіп жүрген науқастарда өзгеріс болмаған. Ал, дәрісін ішіп әрі арт-терапия әдісімен сурет салған науқастар тез сауыға бастаған. 

Арт-терапия аурудың кез-келген түріне ем. Сондай-ақ аталмыш емнің түрі өте көп. Сазбалшық  терапиясы, би терапиясы тағы басқа деп бөлінеді. Осы арт-терапия емінде «Кактус әдісі» бар. Кактустың суретін салдыра отырып, арнайы сұрақтарын қойып емдейді. Адамға сұрақтар қою арқылы оның диагнозын анықтауға болады. Өнер арқылы емдеу барысында ертегі жаздыру арқылы емдеу тәсілі де бар. Яғни, ол адам ертегі құрастырып жазады, салдарынан пациенттің жанындағы шешілмей жатқан мәселесін білуге болады. Мен өзім кактус әдісін жиі қолданамын. 

Тағы бір айта кететіні,  өте керемет әдістің бірі  – «фильмнен үзінді». Өзіне қол салған, суицидке дейін барған жандардың не себепті осы әрекеттерді жасағанын анықтайтын сенімді әдістің түрі саналады. Бұл әдіс барысында науқасты қалай емдейміз? Яғни, өзі құрастырған ертегісі немесе әңгімесін соңына дейін тыңдап, тығырықтан шығар адамға арт-терапияны қолдану маңыздылығы өте жоғары. Арт-терапияда емдеудің өте көп әдіс-тәсілі қолданылады. Мен маман ретінде көп қолданатын әдіс – хат жазу. Жан баласына ішкі мұңын шаға алмай сыр бөлісе алмай қиналып жүрген адамдарға бұл өте дұрыс таңдау. Ішкі күйзелістерін қағазға ақтару арқылы жеңілдеу. Менің қабылдауыда  6 жастан жоғары адамдар болды. Көбіне орта жастағы адамдар мен балалар келеді, – дейді 

 

P.S. Арт-терапия – адамдардың шығармашылық арқылы психикалық қақтығыстарға ұшыраған жандардың өз ойын ашық жеткізуі, арнайы шығармашылық ем арқылы қайта қалпына келтіру түсінігіне кеп саяды.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Арт-терапия – дертті емдейтін өнер