Жақсы маманның бірнеше құпиясы

Screenshot_1.png

Бірде Иса пайғамбар емханаға барып, адамдарды емдеп көргісі келіпті. Қабылдау басталып, ауырған пациенттер ішке кіре бастайды. Бәрі бірдестен емделіп шығып жатыр екен. Бір мүгедек арбадағы пациент те кіріп: «Міне, маған он жыл болды, жүрмеймін» депті. «Тұр да жүр!» депті Иса. Пациент орнынан тұрыпты да кете беріпті. Кабинеттен шыққан кезде кезек күтіп отырғандар «Ал, жаңа дәрігеріміз қалай екен?» дейді. Сөйтсе әлгі адам: «Ой, алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Не тыңдаған жоқ, не сөйлескен жоқ...» депті.

Ел аузынан

Бізге сонау Жоғары оқу орнында оқып жүргенде-ақ «Егер науқастың дәрігермен сөйлескеннен кейін 5 минуттан соң жағдайы жақсармаса – дәрігер өзінің міндетін орындай алмағаны» деп айтатын.

Расында солай. Сіз сонау шашыңыздың ұшынан бастап табаныңызға дейін біліммен, тәжірибемен қаруланып алған болуыңыз мүмкін. Бірақ пациентпен ортақ тіл табыса алмасаңыз, онымен байланыс орната алмасаңыз, емдеу тиімділігі төмен болмақ. Көптеген аурудың астарында пациенттің психологиялық жағдайы ғана емес, сенімнің жоқтығы да жатады.

Адамдарға тиімді нағыз дәрігер болуға «эмоциялық интеллект» көмектеседі. Бұл рационалды интеллект пен эмоцияны ұштастыра отырып, оған қоса сауатты маман болу. Дәрігер өзінің де, өзгенің де сезімдерін ажырата алатын, айналасындағылармен санасып, олардың сеніміне кіру арқылы қарым-қатынас құрып, қайғысын бөлісе алуы керек. 

  • Пациентті тыңдаңыз, оны әңгімеге тартыңыз (тіпті ол негізгі тақырыптан      қашқақтап отырса да). Біздің мына әлемде кейде адамға оны тыңдайтын      сұхбаттас табу қиын. Дәрігердің бұл қасиетін ол бірден бағалайды. Әрине,      әңгіме ұзаққа созылып кетпес үшін пациентке нақтылайтын сұрақ қойыңыз, оны      қажетті тақырыпқа қалайда алып келіңіз. Бұл кезде пациент үшін тез      қойылған диагноз бен емдеудің сауатты тактикасы емес, сіздің ықыласыңыз      маңызды.  

  • Пациентпен әзілдеспеңіз. Негізі өзіңіздің юмор қасиетіңізді аурулармен      сөйлескен кезде ірке тұрған жақсы. Статистика бойынша, адамдардың 30      пайызында юмор қасиеті болмайды екен. Ал сіздердің медицина саласындағы      кейбір қалжыңдар тек қана дәрігерлер арасында түсінікті болуы мүмкін.

  • Пациентті жарты жолда тастап кетпеңіз. Оның мәселесінің шешілуіне      атсалысыңыз. Пациентті барлық емдеу кезеңінде бақылап отырыңыз. Жеке      қабылдамасаңыз да.

  • Пациенттің байланыс номерлерін алып қалыңыз. Оған қоңырау шалып,      денсаулығы қалай екенін сұрай салу қиын емес. Науқас өзіне берілген      рекомендацияны ұстанып жүр ме, сұраңыз, анализдерінің қорытындысын      хабарлаңыз. Ол сіздің 1 минутыңызды ғана алады, Көзге көрінбесе де алыстан      болса да дәрігердің қолдауы – баға жетпес үлес. Пациентке сенім      береді. 

  • Пациентке оның ауруы туралы түсіндіріп беріп, қалай емдегелі      жатқаныңызды айтыңыз. Себебі, пациент көбіне дәрігердің тағайындағанын түсінбегендіктен      емдеу шарасына атүсті қарайды. Әсіресе гипортониктер дәрігердің курспен      тағайындағанын ұстанбастан, кейде ғана препараттар қабылдайды. Кейбір      пациенттерден сұрасаң тағайындаған дәріні «басы ауырған кезде ғана      ішетінін» айтқан. Курс бойынша неге ішпейсіз деп сұрасаң, пациент: «Неге      ішуім керек? Дәрігерге келіп басым ауырып тұр дедім. Дәрі тағайындады –      көмектесті». Тіпті кейбір пациенттер гипертонияны ауру деп қарастырмайтыны      белгілі болған. 

  • Пациентке «Біз біргеміз» деп айтудан қорықпаңыз. Ол өзінің күрделі      ауруын жеңер жолда қасында сенімді одақтасы бар екенін, өз проблемасымен      бетпе бет жалғыз қалмайтынын түсіну керек. Әсіресе бұл күрделі аурумен      ауыратын, ұзақ емдеуді қажет ететін пациенттер үшін маңызды. «Біз бірлесіп      шешеміз», «Біз осылай жасаймыз», «Емдеудің схемасын өзгертеміз». Бұл сіз үшін      күрделі шаруа емес, ал пациентке бұл өте үлкен қолдау.

  • Уәде бермеңіз. Біз құдай емеспіз. Өкінішке қарай, заманауи медицина      көптеген созылмалы ауруларды емдеп, эмоциялық жағдайын жақсартуға      қауқарсыз. Сол себепті, қолыңыздан келмейтінін білсеңіз, емдеймін деп уәде      бермеңіз.

  • Диагнозы анықталмайынша пациентке ештеңе айтпай тұра тұрыңыз. Өз      тәжірибемнен мысал келтірейін. Бір пациентті бас ауруы әбден қинаған,      тіпті кейіннен есінен танып қала беретінді шығарған. Дәрігер оны миында      ісік бар деп тексерілуге жіберген. Олай етудің орнына әлгі пациент үйіне      барған да ракпен ауыратынын хабарлап, бәрібір де жақын арада өлетінін      айтып, дәрігерге бармаған. Сосын ол тағы есінен танып құлап қалған кезде      Жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізген. Білесіз бе, сауатты дәрігер не      анықтағанын? Остеохондроз! Мидағы қан айналым      жүйесінің бұзылғанынан мойын остеохондрозы пайда болыпты.

  • Пациентке қандай зерттеу әдісі мен және оны не үшін тағайындап      жатқаныңызды түсіндіріңіз.

  • Емдеу барысын толық түсіндіріп, оның қалай әсер ететінін. Неліктен      қажет екенін толық түсіндіріңіз. Әсіресе таблетка емес, кешенді емдеу      тағайындайтын болсаңыз. Оған өзін қай кезде жақсы сезіне бастайтынын,      қалай білінетінін айтыңыз.

  • Пациенттерге қолжетімді болыңыз, оларға жұмыс орныңыз бен жеке телефон      номеріңіз жазылған визиткаңызды беріңіз.

  • Мүмкіндігінше пациенттің өмірін оңайлатыңыз: кеңес одағындағы      бюрократиялық медицина сияқты көп жүк артып қоймаңыз. Ол сізге осыныңыз      үшін риза болады. 

  • Ең бастысы жақсы дәрігер болуды ұмытпаңыз. Оқыңыз, үйреніңіз, машықтаныңыз,      кеңес сұраңыз.

  • Өзіңізге жауапкершілік алудан қорықпаңыз, өз еңбегіңіздің және      науқастың нәтижесін бақылап, өзіңіз бен пациенттің арасындағы байланыстың      үзіліп қалмауын қадағалаңыз.

Әрине, менің кейбір рекомендацияларыма кезекте 50 адам күтіп тұр, «12 минут ішінде» мұның бәрін елеп-ескеру мүмкін емес дерсіз. Сеніңіз, 5 минуттың ішінде ұқыпты әрі тиімді болуға болады. Бұл ережені әрбір дәрігер ұстануы тиіс, әрине жақсы маман деген атқа ие болғысы келсе.

Құрметпен, сіздің дәрігеріңіз медицина психологы, медицина этикасы жөніндегі консультанты Сергей Попович


Аударған Ж.ПЕРДЕБЕК

 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz