Өз дертіне дауа таппаған Ибн Сина

Screenshot_10.jpg

«Мен медицина саласына бет бұрдым. 

Дәрігер ретінде науқастарды бақылай отырып, медициналық білімімді жетілдіре түстім. 

Тәжірибе - емдеу әдістерін кітап арқылы таба алмайтындығымды үйретті»

Ибн Сина 


  Медицина ғылымында Авиценна есімімен танылған парсылық дәрігер, ғалым, философ және ақын Әбу Али ибн Сина Бұхараға жақын маңдағы Афшан қаласында 980 жылдың 16 тамызында дүниеге келген. Ол Орта Азия мен Иран және Бұхара шаһарларында ғылыммен айналысып, сонда өмір сүрді. Аталмыш қалаларда математика, астрономия, философия және медицинаны оқып, әртүрлі билеушілердің қарамағында дәрігер және түрлі лауазымдарды иеленді. 

  Ибн-Сина өмірінің алғашқы отыз жылын өзі қағазға түсірді. Ғұмырының қалған игілікті тұстарын шәкірті әл-Джузжани жалғастырып жазып, үш баспаханада сақтаған. Ол бастапқы білімді әкесінен және саманидтер әкімшілігінің шенеунігі Исмаилидтерден алды.  Ерекше қабілетке ие болған Авиценна он жасында Құранды жатқа біліп, парсы және араб грамматикасы, поэтика, риторика, әдебиет пен тарихты жақсы меңгерді. Ол көпес Махмуд Массохтан математиканы, Исмаил Заһидтен логика мен фиқһты, ал медициналық ілімді атақты Бұхаралық дәрігер Абу Мансұр Камариден алған. Философиялық білімді, евклидтік геометрияны, астрономияны Әбу Абдаллах Натилидің жетекшілігімен меңгерді. Арада көп уақыт өтпей ол ұстазын басып озды. Оған оның мына сөздері дәлел бола алады: «Ол менің талантыма ерекше таңданыс білдіріп, ата-анама алғысын білдірді. Маған ғылымнан басқа ешбір саламен айналыспауға кеңес берді. Мен бес-алты теореманы Натилидің арқасында меңгердім, ал қалғанын өз бетімше үйрендім. Натилидің мені оқытуға шамасы жетпеді. Ол өзі білмеген сұрақтардың жауабын мен арқылы тапты. Мен кітаптарды өзім оқып үйрене бастадым». 

  Он бес жасынан бастап өз бетінше білім алған ол, он сегіз жасында Бұхарада білікті дәрігер ретінде танылып, атақты ғалым атанады. 1002 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Хорезм астанасы Гурганж қаласына келген оның ғылым жолы мен өмірі белгілі ғалымдардың басын қосқан Мамун академиясымен тікелей байланыста болды. 1008 жылы Ибн Сина Сұлтан Махмұд Газневидің ұсынған жұмысынан бас тартып, ғылым жолын Хорасан мен Табаристанда жалғастырды. Сондай-ақ, гректің атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерін оқып, олар айтқан ережелерді толықтырып, ескірген ұғымдарды алып тастады. 

  Ол өзінің сапарларында бірнеше шығармалар жазды. 1015-1024 жылдар аралығында Хамадаға келіп эмираттың мемлекеттік және саяси істеріне атсалысты. Әмір қайтыс болғаннан кейін Исфахан әміршісінің орнын алмақ болды деген күдікпен төрт айға қамауға алынды. Ол соңғы он төрт жылында Исфахан билеушісі әмір Әл Ад-Давлдың сотында қызмет етті. Ибн Сина  әмірдің бас дәрігері әрі кеңесшісі болды. Алайда, оның ғылыми ізденістеріне пікір білдірушілер қатары күнсанап артып отырды. Сондықтан, ол әдебиет пен филологияға бет бұрды. Ибн Синаны әлемге танытқан жемісті ғылыми жұмысы «Дәрігерлік ғылымның ережелері» осы тұста жазылып, бітті. Исфахан соғысында асқазанның қатерлі дертін жұқтырған Ибн Сина, өзін емдеуге келгенде шарасыз қалды. Осылайша Медицинаның атасы 1037  жылы мәңгілік мекеніне аттанды. 

  Ибн Синаның араб және парсы тілінде жазылған мәңгілік мұралары әлі күнге дейін сақтаулы. Оның философиялық көзқарасы мен ғылыми ұстанымдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлға Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби болды. Әл-Фарабидің неоплатонизм және «Аристотель теологиясы» атты туындысы оның бірқатар ғылым жолында жетіле түсуіне жәрдемдесті. Ибн Синаның негізгі философиялық еңбегі – «Емдеу кітабы» деп аталады. Аталмыш  энциклопедиялық туынды логика, физика, математика және метафизика сынды ғылымдарды қамтиды. Парсы тілінде жазылған «Білім кітабы» да осы еңбектің құрамына енеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған «Бағыт және нұсқаулық» атты еңбегі оның сопылық жолына ықпал еткен философиялық идеяларының түйіні болып саналды. Оның «Дәрігерлік ғылым ережелері» кітабы әлемдік медицина энциклопедиясы деп аталып, зор бағаға ие болды.  Бес томнан тұратын энциклопедиялық кітап Ибн Синаның атын күллі әлемге әйгілі етті. Ал, «Анатомия мен физиологияға кіріспе» еңбегі әлемдік медицинада маңызды орынға ие болды. 

uIEtZ_vfR7I.jpg

«Медицина ғылымының ережелері» 

  Ибн Сина «Медицина ғылымының ережелері» атты еңбегінде 700-ден астам дәрілік заттардың емдік қасиеттерін ескере отырып, сипаттады. Ол сипаттаған 150-ге жуық өсімдік заманауи медицинада қолданылып келеді. Медицинаның атасы атанған ғалым әйгілі трактатында қатерлі ісік ауруының белгілері мен емдеу шараларын көрсеткен. Сонымен қатар, Ибн Сина батыс медицинасында «Авиценна әдісі» деп аталатын буындарды, күйіктерді және жеңіл жарақаттарды емдеу әдістерін ұсынды.  Ол тырысқақ пен обаның арасындағы айырмашылықты көрсете отырып, алапес ауруының белгілерін де сипаттады. «Дәрігерлік ғылымның ережелері» атты еңбегі ауруды емдеу әдістерінің қарапайымдылығымен ерекшеленетін, ғасырға татитын айрықша туынды.

«Гигиена туралы»

  Авиценна аурудың алдын алуға да ерекше көңіл бөлді. Сол себепті ол өзінің «Гигиена туралы» еңбегінде жеке гигиена ережелерін сақтауға шақырды. Дене тазалығын сақтау үшін үнемі өзін таза ұстап, таза жүруге үгіттеді. Аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды міндет екендігін де атап көрсетті. Ол әртүрлі жастағы адамдарға арнап физикалық жаттығуларды ұсынды. Ғалым аурудың алдын алу үшін диета мен ұйқыға ерекше көңіл бөлуді талап етті. Авиценнаның салауатты өмір сүру туралы 1000 жыл бұрын жазылған еңбегі бүгінгі медицинаға пайдасын тигізуде. 

avicena06.jpg

                                           Ибн Синаның кеңестері

Дене белсенділігін басты назарда ұстаңыз:

  Авиценна былай дейді: «Жұмыссыздық пен жалқаулық адамды надандыққа әкеліп қана қоймай, аурудың пайда болуының басты себебі болып саналады». Дене жаттығуларымен қалыпты және тұрақты түрде айналысу аурудың алдын алады. Күнделікті жаттығу жасаудан бас тартқандар үнемі шаршаңқы болып жүреді. Себебі, оның ағзаларының күші әлсірейді. Егер сіз физикалық жаттығулармен айналысуды әдетке айналдырсаңыз сізге дәрі-дәрмек қолданудың қажеті жоқ. 

Дұрыс тамақтану:

  «Тағамға талғаммен қарамау асқазанды ауырлатады, ал жаман сусын – асқазанды шектен тыс керексіз затпен толтырады. Егер, сіз көп тамақ жеген болсаңыз, келесі күні аш қалуыңыз керек». Жеңіл тағам денсаулықты жақсарта түседі, алайда күш қуатыңызды ұзақ уақыт сақтауға көмегін тигізбейді. Күнделікті жейтін асыңызды шамаңызға қарай талғаңыз.  Бірінші өсиетім: тамақтану процесіне баса назар аударыңыз. Екіншісі: аз шарап ішіңіз. 

Дұрыс ұйқы жанның саулығы:

  Адам баласы ұйқыға көп көңіл бөлуі тиіс. Ұйқысы қалыпты адамның ісі де өнімді болмақ. Дұрыс ұйқы бойыңыздағы табиғи күшті молайтып, қуатыңызды арттыра түседі. Ал, шамадан тыс ұйқы психикалық күштің ауытқуына, ми жұмысының дамуына кедергісін келтіреді. Көрпе мен биік жастықтың денсаулыққа әсер ететіндігін есте сақтаңыз. Ұйықтар алдындағы ең дұрыс позиция оң жақпен жату. Егер адам ұйқы кезінде етпеттеп жатса, ол  асқазанның жұмысын жақсарта түседі. Бойындағы ауруының салдарынан әлсіреген адамдар арқасымен жатып ұйықтайды. Сондықтан, өзіндік ұстанымдарыңыз бен іс-әрекеттеріңізді назарға алуды ұмытпаңыздар.


Әзірлеген: Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Өз дертіне дауа таппаған Ибн Сина