Өмірбаев Мақсат, ангиохирург: Біз балаларға дос ретінде қатынас жасаймыз

image.png

–Көңіл-күйіңіз қалай? Дәл қазір не ойлап отырсыз?

–Дәл қазір науқастарды көріп, денсаулықтарын бақылап келдім. Пациенттермен позитивті тұрғыда әңгіме болғандықтан көтеріңкі көңіл-күйдемін. Не ойлайсыз десеңіз,  Түркістан облыстық балалар ауруханасында «Интервенциялық кардиология, ангиохирургия » саласында  5-6жылдан бері жұмыс жасағанымызбен,бөлімше болып  құрылғанына бір жыл енді толды. Аудандық тұрғындар күрделі оталар тек Алматы, Астанада жасалады деген стереотип қалыптастырып алған. Бірақ науқастардың басым бөлігі (95%) облыстың деңгейінде ем алып, сауығып жатыр. Осы деңгейді учаскелік дәрігерлер, аудандық педиатр, кардиологтармен бірлесіп толыққанды жұмыс жүргізсек деген ниет бар. Соның төңірегіндегі кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған ой-жоспармен жүрмін. 

–Алғаш мамандығыңызды естігенде таң қалдым. Өте жауапты  сала. Бұл мамандықты не себепті таңдадыңыз?

–Х.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ды  2009 жылы  дәрігер хирург мамандығы бойынша бітіріп , «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Жамбыл облысы, Жуалы аудандық ауруханасында хирург, анестезиолог қызметтерін атқарып жүрдім. Сол кезеңдегі отандық медицинаның  аудандық  деңгейі көңілімді құлазытты. Науқас өлімі көп, әсіресе балалардағы жүрек аурулары дер кезінде анықталмай әртүрлі асқынуларға әкеліп жатты. Көп ойланып, шамамның жеткенінше балалар өлімінің азаюына өз үлесімді тигізуім керек деп шештім. Ол үшін білімімді жоғарылату керек. Қалай оқимын? Неден бастаймын? Сұрақ көп... Шет елде оқу қарапайым ұстаздар жанұясынан шыққан, отбасылы  мен үшін оңай шаруа емес. Сонымен көп іздене жүріп, Ресей мемлекетінің елімізге бөлінген квотасы арқылы 2011-2013 жылдары Мәскеу қаласында А.Н.Бакулев атындағы жүрек -қантамыр ғылыми институтының  клиникалық ординатурасын,  2012-2014 жылдары «Болашақ»бағдарламасы аясында  Ресей федерациясындағы  И.М.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің  қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша магистратурасын тәмамдадым.

Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық балалар ауруханасында  2014 жылдан бері кардиохирург, интервенциялық  ангиохирург,бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып келемін. Жергілікті мамандар болып жылына  400-ден аса нәрестелер мен балалардың туа пайда болған жүрек-қан тамыр ақауына  ота жасап, отандық медицинамыздың  дамуына бар күш жігерімді салып келемін. 2019 жылы ауруханамыздағы жаңа басшылықтың қолдауымен малоинвазивті инновациялық бағыт-интервенциялық кардиология ,ангиохирургия бөлімшесін аштық , балалардың  жоғары технологиялы медициналық көмекті  алуына кеңінен жағдай жасалды. Бұрын оталар төсті жарып ашық түрде асалатын. Қазір ақауларға технологиялардың көмегімен жабық түрде оталар жасалуда.  Науқастар 3-4 күннің көлемінде үйіне шығарылуда. Бұл балалардың психикасына тиімді. Әрі мемлекет экономикасына пайдалы фактор. Жабық түрдегі оталарды тек жүрек-қан тамыр ақауларымен шектелмей, онкология, гиннекология салаларына енгізген жөн. Уақыт өте нейроинтервенцияны қолға алатын мамандар табылатынына сенімім мол. Денсаулық саласы өте жауапты сала болғандықтан үлкен қажыр қайратты, сабырды,үнемі ізденісті қажет етеді. Ал науқастарды емдеп, олардың  отбасына сауығып оралуын көру дәрігерге үлкен шабыт сыйлайды. 

– Қалыпты жұмыс күніңіз қалай өтеді?

image.png

–Таңғы сағат 8:30-да аурухананың  бас дәрігер және орынбасарларымен бөлім меңгерушілері бірлесіп күнді жоспарлау жиналысынан бастаймыз. Ол жиналыста барлық мәселелер, жоспарлар қаралады. Содан кейін бөлімдегі барлық науқастарды дәрігерлер мен медбикелер  аралап, денсаулығын бақылаймыз. Жедел және жоспарлы оталарды  жасаймыз.Аурухана ішілік консилиумдарға қатысамыз, емханадағы  науқастарды қараймыз

– Қазіргі кезде   балалар арасында қандай диагноздар кең тараған? Сіздерде қандай күрделі оталар жасалуда. Өзге елдерде іс-тәжірибеден өткен мамандар бар ма?

– Былтыр елдегі індетке қарамастан бөлімшеде  жыл соңына дейін ангиограф аппаратымен жүрек-тамыр ақауларымен туылған 400-ге жуық балаға малоинвазивті ота жасадық. Қазіргі таңда науқастарымыз 95%  жағдайда облыстық деңгейде емделіп жатыр. Негізгі жиі кездесетін ақаулар: Жүректің туа пайда болған ақаулары (жүрекше ішілік перденің дефектісі мен ашық артериялық түтікшені окклюдер құрылғысымен жабу, өкпе артериясы қақпақшаларының тарылуларын баллонды дилатациялау, өкпе гипертензиясын, күрделі ақауларды катетеризациялы зерттеп анықтау). Қан тамыр ақаулары гемангиома, мальформацияларды ашық түрде алып тастау, пункциялық склероэмболизациялық әдістермен ота жасау. Учаскелік дәрігерлер, аудандық педиатр, кардиологтар жүрек-тамыр ақауына күмәнді балаларды дер кезінде анықтап,балалар ауруханасындағы ангиохирург маманына жолдап отырса, жоғары технологиялық инновациялық әдіспен толыққанды ем алуға мүмкіндік қарастырылған. 

Өзімнен кейін  2 әріптесіме жол көрсетіп, Болашақ бағдарламасы аясында білім алуына мұрындық болдым. Өзімізде шет елдерден тәжірибе жинақтауға аталған карантинге байланысты бара алмадық,алайда мүмкіншілігіміз  кеңейер еді.

– Балалар арасында қандай диагноздар кең тараған? Оған қандай факторлар себеп?

image.png

–Жүрек ақауларының түрлері өте көп,ең жиі кездесетіні: жүрекше ішілік перденің дефектісі, ашық артериялық өзек, қарынша аралық перденің тесіктері, өкпе артерияларының тарылуы. Осы ақаулармен көбірек мән беріп жұмыс жасаймыз. 

Болашақ аналар жүктілікті алғашқы триместрін өте сақ өткізу керек. Салауатты өмір салтын сауатты ұстануы керек. Жүктілік жоспарлы болғаны дұрыс.  Жүкті ана вирустық аурулардан қорғанып, тамақтану рационын бақылаған жөн.. Фаст-фуд, газдалған сусындардан аулақ болғаны абзал. Жүктілік интервалы (балаларының жас ерекшелігі) 3 жылдан кем болмағаны дұрыс. 

– Бізде жүрек ауруы 60 жастан кейін басталады  деген қате түсінік етек алған. Баласының бойындағы күрделі  диагнозды ата-ананы ң қалай қабылдайтыны жөнінде біршама материалдар қарап көрдім.  Науқас ауруының қыр-сырын білуі - оны емдеудің жарты бөлігі деп жатады ғой. Дәрігер ата-анаға баласының диагнозы туралы айтқанда беруде қандай қағидаларды ескерген абзал?

–Балаларды емдеу ісі – өте күрделі сала. Кез келген балалар дәрігері үлкен адамдарды емдеуі мүмкін, бірақ кез келген дәрігер балаларды емдеп кете алмайды. Бала қай жері ауыратынын айта алмайды. Көп балалы ата-ананың кейбірі  тұрмыстың қамымен перзентінің денсаулығына мән бере алмауы мүмкін. Ауруы қашан басталған, қалай өтіп жатқанын айта алмайды. Көбіне баланың психологиясына назар аударамыз. Дене тұрқына, инструментальды диогностикалық әдістерге мән береміз. Золотая методика (алтын әдіс) деп жатады, яғни УЗИ-дің нәтижелеріне иек артамыз. Жүрек ауруымен науқастанатын балалардың физиологиясындағы даму үдерісі төмендеу болады. Жүзінде, ауыз, мұрын айналасында көгерулер ,физикалық аз күш түссе де ентігу байқалады. Осы нәрселерді аңғару бала диагнозының анықталуына көмек береді. 

Бала бойынан анықталған әрбір диагноз – ата-анаға ауыр травма. Консультацияға баласын анасы алып келеді. Біз жолдасын, үйіндегі үлкен кісілерді шақырып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Медицина тарапынан қандай көмектер болатынын ашық түрде айтамыз. Балалар медицинасының бір ерекшелігі – үлкендерде психологиялық  тұрғыда  ауруына әсер етеді деп жасырып қалатын тұстар болса, балалардан жасыру мүмкін емес. Жасырып қалған нәрселер бала болашағына кері әсер етуі ықтимал. Жасырған жағдайда бейқамдыққа әкелуі мүмкін. Сол себепті нақты іс-шаралар қолданылмай қалуы мүмкін. Сондықтан барлық нәрсені ашық айтамыз. Өзіміздің шамамыз жетпесе, IV деңгейде (республикалық) ол мәселенің шешілуіне барынша ат салысамыз. Балаға операция басқа жерде жасалса да, отбасына оралған соң науқастың денсаулығын ата-анасымен байланысып, біліп отырамыз. Жалпы, баланың болашағына ата-ана мен дәрігер теңдей жауапкершілік алады.Кеңес үкіметінен келе жатқан «Барлық жақсылық балалар үшін» деген  жақсы сөз бар еді. Бүгінде күшін жойғандай. Бөлімшемізге арнайы тақтаға осы сөзді жаздыртып, ілдім. Әрбір бала – біздің келешегіміз. Оны жан-жақты ескеріп, экономикалық нақты қадамдар жасаған абзал. Жаһандық бәсекеге қабілетті ел ретінде ірге қалыптастырамыз десек, бүлдіршіндер басты назарға ілігу керек. Ойдың саулығы – деннің  саулығынан басталады. 

–Жақында қызықты мақала оқыдым. ВИЧ-ке шалдыққан балаларға 14 жасында  диагнозын қалай қабылдағаны жөнінде естеліктер баяндалған екен. Ауруға ересектерге қарағанда балалар төзімді келеді. Ауыр диагнозды балаға хабарлағанда дәрігер нені ескерген жөн?

–Бала өтпелі кезеңді артқа тастағанда айтқан дұрыс деп есептеймін. Бала психологиясына кері әсер етуі мүмкін. «Мен осындай ауру екенмін, мен ешкімге керек емес екенмін» деген сияқты қабылдап, әртүрлі жағдайға ұшырап қалуы ықтимал. Түсіндіру жұмыстарында ата-ана мен балаға бөлек түсіндіреміз. Кейбір ата-ана баласына бірге түсіндірейік деп ұсыныс айтады. Ол жағдайда талап-тілекті ескереміз. Көп жағдайда ата-анаға бөлек, тереңірек түсіндіреміз.  Түпкілікті ақаудың ауыр екенін түсіндіру қажет емес деп табамыз.  Жүрек ақауы 80 % жағдайда  2-3 жасқа дейін емделіп, ота жасалып кетеді. Үлкен жастағы, қалған 20 % жағдайда  бала  уақыт өте өзі сезініп біле бастайды. 

–Бір психоаналитиктің қолжазбасынан оқығаным бар еді. Өзінің ауыр диагнозын білген бала сырқатын өмірлік жағдаяттарда  «жеңілдік» ретінде қолдануға дағдыланып алады.  Нәтижесінде, психоаналитик науқастың өзін «құрбан» ретінде көрсету типажымен  ұзақ күресуге мәжбүр болады. Сіздерде диагнозына байланысты психологиясында қиыншылық орнаған балалар болды ма?

 –Болады. Дер кезінде ауылдық, аудандық деңгейде уақтылы диагноз қоймағанның әсерінен өкпе гипертензиясына ұласады. Ол балалардың ағзасы отаға «жарамайды». Ота жасауға болады. Бірақ өкпесін қоса ауыстыру керек. Тәуекел үлкен, әрі ешкім өкпесін бермейді ғой былайша айтқанда. Өкпе трансплантациясы – бізде енді дамып келе жатыр. Жүрек ақауы уақтылы анықталмауының әсерінен өкпедегі тамырлар кеңейіп кетеді. Ал барлық тамырды кішірейту мүмкін емес. Сондықтан ол қиын жағдаймен аяқталады. Сол жағдайды балалар 10-12 жасында түсінеді. «Неге маған ота жасамайды, мен неге ауруханада көп  емделемін?» деген  сұрақ туындайды. Бұл психологиясына орасан зор зиян әкеледі. Ол балаларда клиникалық өзгерістер байқалады: саусағы, тырнағы қараяды, домбығады. Ентігу, сыныптастарымен бірге оқи алмау, спорттан тыс қалу оның жүйке жүйесіне кері әсерін береді. Ол балалар өзін керек емес сезінеді. Көз жанарында жарық, жылт еткен үміт болмай қалуы ықтимал. Ол көрініс бәрімізді де  қынжылтады. Ондай балалармен арнайы психологтар жұмыс істиді. Әрбір ауданда балалар кардиологын тағайындау керек. Біздің кей аудандарда балалар кардиологы жоқ. Арнайы мамандардың айлық жалақысын көбейтіп, оқыту керек. Сонда маман тапшылығы жойылады. Балалар кадиологы болмаған соң, ересектер кардиологы ақауды дер кезінде анықтай алмайды. Жүйені сатылап реттеу керек. Әр ауданға барып, балалардың жүрек ақауын анықтауға жыл сайын 2-3 консультациялық кеңес беру мақсатында жолсапар ұйымдастырамыз. Дегенмен аудандағы әр баланы тексеруге мүмкіндік бола бермейді. Жергілікті дәрігерлер күмәнды балаларды  неғұрлым ертерек анықтаса, ауыр салдар болмайды. 

2017 жылы кезекті  шет елдерден шеберлік сабағын өткізуге келген Оңтүстік Кореялық  профессор Корей елінде медицина мамандарының  ешқандай тұрмыс тіршіліктің мәселесіне алаңдамай тек науқастарды емдеп, зерттеулер жасайтынын,үнемі оқу қажет екенін,сонда ғана денсаулық саласында  ілгері жылжу болатынын айтты.

 –Оқырмандарымызға да ауыр тиетін дүниелер көп сөз болған секілді. Сізден кәсіби мотивация болсын. Көзіндегі үміт ұшқынын алаулатып, емдей алған пациенттеріңіз жөнінде естелігіңізбен  бөлісіңізші. 

–Карантин режимі күшейтілген кезең еді. Шілде айында А есімді 17 жасар бала түсті. Ауласында  інісі байқаусызда көлікті оталдырып, қозғалтып жібереді. А есімді бала үй қабырғасы мен көлік арасында кептеліп қалады. Ағасының тізесінің асттындағы тамырларын ауыр соққы кесіп түсірген. Көп қан жоғалтып,шокқа түскен. Ол кезде аяқты тізеден ампутация жасауға көрсеткіш болды. Дер кезінде көмек көрсетіп, тамырын жалғауға бел будық. Тізе асты артериясын жалғадық. Кейін асқынулар болды. Өйткені бұлшықет өте дамыған. Ісінгенде, тамырды қайта бітеп қояды. Біз екінші рет ота жасап, тамыр жалғаған бөлікті қайтадан ашып, тазалап қайта жалғадық. Індет кезінде, туған-туыстарымыз ауыр жағдайда сырқаттанып жатса да, сол балаға күнделікті 4 мезгіл күтім жасадым. Бар зейінімді аударып, аяғының кесілмеуін шын қаладым. Өте үлкен еңбекті талап етті. Баланың жігері  мұқалмай, бір жарым айда аяққа тұра алды. Маған сол бала «Аға Сіздің арқаңыз,рахмет» деп алғысын білдіріп, хат жазыпты. Ол маған өте қатты әсер етті. Бұл дәрігерге үлкен шабыт сыйлайды. Жалпы мұндай ірі тамырлардың зақымдануымен 2020 жылдың өзінде  5-6 рет бетпе-бет келдім. 

Жүрек ақауларынан емделген балалардың ата-анасы іздеп келіп, алғыс айтып жатады. Ол балаларды  уақыт өте біз танымай қалып жатамыз. Аяқ не қолды кесу шешімімен 2020 жылы 5-6 рет бетпе-бет келдім. Болгаркамен өзін жарақаттап алу секілді балалардың тарапынан зақым алу көктем кезінде көбейеді. 

–Індет қай салаға болмасын ауыр міндет жүктеді. Ауруханаларыңызға COVID-19 қалай әсер етті?

–Пандемия кезінде өкпе аурулрымен қатар, жүрек-қантамыр аурулары көбеюі, асқынуы жиіледі. Өйткені инфекцияның тамырларда болуы жүрек тамыр жүйесіндегі әртүрлі бұзылыстарға әкеледі. Сондықтан жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын реттеу және оны қадағалауды ата-ана, жергілікті дәрігерлер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Осы екі тарап бір мәмілеге келмей, жеңіске жету қиын. 

– Бізде кішкентай кезден баланы дәрігермен, нақтырақ екпемен қорқытып тастайды. Қандай да бір теріс әрекетінің жазасын дәрігерге бару деп қабылдатады. Сіздерге балалар отаға дейін, тіпті кейін тексеріске кеп тұруы қажет қой. Әлеуметтік желіден бір балалар дәрігері өлең айтып баланы шалғытып екпе еккен видео тамашаладым. Сіздерге келетін балалар дәрігер қабылдауынан қорықпауы үшін қандай әрекеттер жасайсыздар?

–Біз балалардың ойын сергіту үшін мультфильм қаһармандарының бейнесін ауруханамыздың қабырғаларына бейнеледік. Киім үлгіміз балалардың көңілін аулайтын анимациялық элементтермен болады. Түстері де ашық. Біз балаларға дос ретінде қатынас жасаймыз. Жеке тұлға екенін сездіріп, ата-анасынан бөлек жағдайын сұраймыз. Ашық диалог құруға қадам жасаймыз. Бала 3-4 айынан сыртқы ортаны түсінеді. 

–Республикалық деңгейде емделетін қандай аурулар? 

–Күрделі жүрек-қантамыр ақаулары. Біз арнайы хаттама арқылы науқастарды Республикалық орталықтарда ем алуына жағдай жасаймыз. Ол жақта құрал-жабдық пен мүмкіндіктер аясы кең. Балаларда кардиологиялық ақаулар қазір  анасының жатырында жатқанда, жүктілік кезеңінде анықталады. Сол кезде талдап, баланың жүрек ақауының күрделілігіне байланысты Алматы немесе Астанада босануға кеңес береміз. Осында босанып, біз дер кезінде көмек бере алмасақ, санавиация шақырып, межелі жерге жеткенше уақыт жоғалтамыз. Сондықтан бала дүниеге келерден бір апта бұрын сонда жіберіп, уақыттан ұтылмауға жағдай жаратамыз. Бұл әрекетте алгоритмді жеңілдеткен – УЗИ құрылғысының дамуы.

–Бірі білсе, бірі білмейді. Антон Чехов дәрігер болған. Оны көбі жазушы ретінде таниды. Чехов жазушылыққа хобби секілді қараған ғой. Сол секілді сізде қандай хобби бар?

–Кітап оқығым келеді. Еліміздегі туризм аймақтарын аралағанды  қалаймын.Уақыт тапшы. Ата-анаммен, балаларыммен көбірек  уақыт өткізгім келеді. Бұрын сурет салатын едім. Сол арқылы дем алатынмын.  Арт-терапияда сурет салу ерекше орын алады. Назарбаев зияткерлік мектебінде  оқушылар арасында арнайы анимациялық топ бар екен. Қолқалап,  онкологиялық және жүрек ақауымен емделуші балаларға  анимациялық, робототехникалық жұмыстар жасағанбыз. Ол психикалық тұрғыда өте жақсы қолдау. Балаларға құрастыру техникасын  түсіндірген соң, ары қарай тез-ақ үйреніп кетеді. Оларға ұнағанын көз жанарынан-ақ байқаймыз.

–Әңгімеңізге көп рақмет!

Суретер Мақсат Өмірбаевтың жеке архивінен алынды