Еркін НҰРЛЫХАНОВ: Тұрғындарға білікті мамандар онлайн көмек береді

Аудандық емхана десе, қаңырап тұрған ғимаратты елестетуге бейімделіп алғанбыз. Жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуді тек қана шетелдік сериялдардағы сыпайы этикетке құрылған сюжет деп білеміз. Мамандарды аймақтық медецинаға жұмылдырғанынан үміт күтпейтін деңгейдеміз. Бірақ, оқиғаның шынайы картинасы «біздің санадағыдай» ма? Мүмкін біз ол туралы аз білгендіктен, ақ халаттылар имиджмэйкердің көмегіне зәру болмағандықтан солай ойлап жүрген жоқпыз ба? Осы сұрақ төңірегінде жауап табуға Отырар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Еркін Нұрлыхановпен диалог құрған едік. Назарларыңызға ұсынамыз!

image.png

Еркін Болатұлы, Отырар аудандық орталық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалғаныңызға бір жылға таяпты. Сол уақыт аралығында қандай медициналық тенденцияларды жұмысыңызға енгіздіңіз? Ауруханада қандай инновациялар орын алуда?

– Қызметке тағайындалған соң көп өтпей пандемияның өршіген кезеңіне тап келдік. Емдеу протоколы да жиі өзгеріп тұрды. Барлық күш короновируспен күреске жұмылдырылды. Ол фактор инновацияларды емдеу ісіне енгізуге қол байлау болып қалды. Дегенмен, медицина саласына цифрландыру жүйесін енгізуге басымдық берудеміз. Барлық құжаттар электронды нұсқаға көшірілуде. Ауруханаішілік кіріс-шығыс хаттар, сұраныстардың барлығын электронды құжаттық айналым ретінде жүйелеуді мұрат еттік. Облыс аумағында тұңғыш болмасақ та, бұл жүйені енгізе білген біріншілердің қатарында болсақ дейміз.

Екінші мақсатымыз – ішкі жүйені заман талаптарына сәйкестендіру. Ақпараттық қауіпсіздікті сақтап, қызметкерлердің жұмысын оңтайландыру . 

Ішкі баланстағы заттардың бәрін электрондық тізімге (заттық алынуы, құны) енгізу. Жүйенің артықшылығы – заттың тозығы жеткенін, яки бұзылу себептерін анықтау жеңіл болады. Бар ақпарат – қолжетімді. 

Пандемия кезінде Жапония секілді инновациялық мемлекеттер карантин режимін роботтандырылған жүйемен алмастырды ғой. Мысалы, мейрамхана ісін, Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметтерін, білім беруді адамдар роботтармен жүйеледі. Бізде де соны енгізуге болады. Роботты дәріхана пункті деген аппаратты аурухананың тенденцияға ілесуі деп қарастырсақ болады. Осыған дейінгі дәстүрлі жүйеде тіркеуде тұрып, мемлекет тарапынан дәрімен қамтамасыз етілетін науқастарымыз бар еді. Жүрек, бүйрек, бауыр аурулары бар науқастардың дәрі алуы қиындық тудыратын. Науқас ол дәріні алу үшін дәрігерге жазылуы керек болатын. Мобильді қосымша қолдана алмайтын кей адамдар тіпті жазылу үшін бір, тексерістен өту үшін екі келетін. Анализ тапсырып, тексерілу үшін науқастың бір күні кететін. Дәрігер тағайындаған дәрілердің кейбірі тегін болса, біздің мекеменің дәріханасынан алады. Бұл жүйедегі қолайсыздық – дәріхана сағат 17:00-де жабылады. Науқас сонда тағы бір күнін дәрі алуға арнауы керек болады. Солай дәрі-дәрмек алу үшін бірнеше күн уақыты кететін. Адами факторлар әсерін ескермей кетпеске болмайды, қатынайтын көліктің реті, дәріханадағы дәрілердің болу-болмауы, бәрі әсер етеді. Жазда елдің бәрі дәрі іздеп, дифицит байқалғандай эффект бергені есіңізде болар. Сондай жағдаяттардың алдын алу мақсатында Роботты дәріхана пункті қажет. Көлемі үлкен, ені – 4,5  метр, биіктігі – 2  метр аппарат. Сыйымдылығы – 4,5 мың қорап дәрі сияды. Емхананың алдына кішігірім ғимарат салдық. Камера, қауіпсіздік ескеріліп, алдағы уақытта осы аппарат жұмысын бастайды. Енді науқастар рецепт жазылған қағазын әрі-бері тасып әуре болмайды. Бастысы, дәрігерге тексерілсе, дәрі-дәрмекпен қамтудың ақпараттық жүйесіне (ДҚАЖ) тіркеп, жазады. ДҚАЖ роботтың бағдарламасымен байланыстағы база. Науқастың күніне қанша дәрі қабылдайтыны, белгілі уақыт аралығында қанша қорап дәрі керектігі есепке алынады. Пациент аптаның кез келген күні өзі қалаған уақытта саусақ таңбасы яки көз торы арқылы сәйкестендіруден өтіп, қажет дәрісіне қол жеткізе алады. Және арнайы карта арқылы науқастың күтушісі дәрі-дәрмекті алып кетеді. Роботты дәріхана жүйенің тиімділігін арттырады. 

– Бұл жүйе негізі қай мемлекетте бар?

– АҚШ, Ресей секілді мемлекеттердің медицина саласында кеңінен қолданылады. Қазақстанда Алматыда онкологиялық науқастар үшін орнатылған.

– Пандемия адамдарға тура мағынада көп нәрсені үйретті. Адамның жеке кеңістігі сақталатын елдер үшін әлеуметтік ара қашықтықты сақтау «жаңалық» болмады. Шетелдік медицина маркетингіннде  «Онлайн доктор» секілді бағдарламалар іске қосылған.  Президентіміз де Солтүстікке барған сапарында дәрігер тапшылығын онлайн режимде жұмыс істеитін мамандар арқылы реттеуге болатынын айтқан еді. Сіз басшылық етіп отырған аурухана дәрігерлері онлайн режимде жұмыс істей ме?

– Оңтүстікте бұл жүйені алғашқы болып біз енгізіп жатырмыз. Өткен жылы күздің алғашқы айында осы мәселеге байланысты бір компаниямен келісімшартқа қол қойдық. Ол компанияның қызметі – Назарбаев және ҚазҰУ университетінің IT мамандары, Алматыдағы Акушерия, гинекология ғылыми орталығы мамандары бірлесіп мобильді телемедицина деген  қосымша жасаған. Елімізде ана мен бала саулығы баса назарда ұсталады. Қосымшаның артықшылығы – жүктілікке байланысты тіркеудегі әйелдеріміз бен бір жасқа дейінгі баласы бар аналар консультация алады. Жаңа қосымша әрбір тіркеудегі азаматшамыз телефоны арқылы көмек алады. Бұл қосымша «Supermom» деп аталады. Бұл жүйе карантин режимінде де үйде отырған аналар үшін аса тиімді. Әрі болашақ аналарды мобильді болуға үйретеді. 

Бағдарламаны бірден қабылдамай, контент анализ жасадық. Сынақ мерзімі 3-4 ай уақытты алды. Біздегі проблема – шалғай ауылдардағы ғаламтордың әлсіздігі. Жүкті әйелдердің бағдарламаны игеруіне байланысты мәселе туындап тұрады. Мамандарымыз ақпараттандыру үшін күш салуда. 

– «Supermom» бағдарламасының қызмет көрсету тілі қандай? Сөз арасында «ақылы бағдарлама» екенін айтып қалдыңыз. Жобаны кім қаржыландыруда?

– Бағдарламада қазақ және орыс тілінде көмек алуға болады. «Supermom» бағдарламасын аурухананың бюджетінен қаржыландырамыз.  Ана мен бала саулығынан ешнәрсені аямау керек деп білемін. Әрі акушер-гиннекологтардың жұмысын жеңілдетеміз. Бұл жүйеде біздің аурухана мамандары онлайн жүйеге көшпейді. Алматылық жоғары білікті мамандар call-орталық іспетті денсаулығына байлансыты шағымданған қолданушыға  жауап береді. SOS батырмасын басқан әр пациентпен 24 сағат аптаның кез келген күні мобильді қосымшадағы мамандар байланыста. Біздің мекеме мамандары физиологиялық тұрғыда оффлайн көмек береді. 

Кейбір жүкті әйелдердің көшкені туралы мәлімет берілмей қалады. Бізге қоныс аударған жүкті әйелдер өзге мекемеде тексерілген кезде ғана дереек анықталады. Сондай кезде де біздің базада тұрған нәзік жандылардың денсаулығы қараусыз қалмайды. Пациент Қазақстанның қай қаласында болса да, мобильді қосымша арқылы көмек алуына болады. Алдағы бір айда «Supermom» бағдарламасына сараптама жүргізіп, қорытынды шығарамыз. 

– Құқықтық тақырыпта жазғанда учаскелік полицияны өзіне блінген аймақ тұрғындарын танымайтындығы үшін сынап жатамыз.  Тиісінше, медицина саласының ауқымында пациенттеріңіз дәрігерлерін қаншалықты таниды? Біздегі науқастар бір-біріне «кеңес бергіш» қой...

– Менің ойымша, бұл проблема дәрігердің коммуникациялық қырының жоқтығынан туындайды. Дәрігерің әлеуметтік ортамен ашық диалог жасауға қабілеті болғанмен, уақыт тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол – адами фактор. Құжаттер мен тағы да басқалай жүктемелер дәрігердің фокусын тек науқасқа бұруына кедергі келтіреді. Кәсіби маман барлығын «түсіндірдім» деп ойлағанымен, науқасқа кей мәлімет түсініксіз болуы ықтимал. 

Шағым болса, науқаспен өзім сөйлесіп мәселені анықтаймын. Негізгі проблемалық фактор – дәрігердің уақыт тапшылығы, цифрлық жүйеге көшпеуден туындайды. Қызметкерлердің қарым-қатынасы, этикасы назарда. 

– Сіздерде дәрігердің жүктемесі қандай ауқымда? Әр науқасқа дәрігер қанша уақыт бөледі?

– Жалпы тәжірибелі дәрігердің бір науқасқа бөлуі керек уақыты 15 минут деп есептеледі. Терең білімі бар (узкий специаст) дәрігер терапиялық профильге 40 минут уақыт бөледі. Хирургиялық профиль – 30  минут. Облыстық клиникалық ауруханада бөлек мамандықтар бар. Мысалы, Сурдолог, андролог секілді мамандар бір науқасқа 45 минут уақыт бөледі. Бұлар жалпыға бірдей нормативтер. 

Бізде кей науқастар анализ тапсыру-тапсырмауын ғана сұрап кетуі мүмкін. Бір науқастар тереңірек зерттеуді (аурудың басталуы, даму кезеңі) қажет етеді. Науқасты субъективті, объективті, зертханалық, аспаптық (инструментальды) тексеру әдісн қолданып бақылауға жарты күн кетіп қалады. Сондықтан біз цифрландыру, оңтайландыру секілді жұмыстың бәрін науқас пен дәрігер арасындағы диалогтың сапасын жақсартуы үшін жасаймыз. Медициналық тайм-менеджменттің тиімділігін арттырамыз. Шағымдардың басым бөлігі түсініспеушіліктен туындайды. 

Қазір  ауруханада пациентті қолдау қызметі бөлімі бар. Ол бөлім науқастарға сапалы медициналық көмек беруге негізделген. Кейбір дәрігерлердің пациенттері көбейген сайын қызмет көрсету сапасы түсіп кетуі ықтимал. Пациентті қолдау қызметі бөлімінің мақсаты – дәрігердің медициналық көмек көрсету сапасын бақылау. Медицина маманына сөгіс беру – емдеу мекемесінің мұраты емес. Негізгі жұмыс – қатені болдырмау, бір дәрігердің олқылығын екіншісі қайталанбауына негіз болу.  Профилактика барлық проблеманың алдын алады. Яғни болуы мүмкін ппроблемалардың алдын алу стратегиясын негізге алып отырмыз. 

– Соңғы уақытт адамдардың арасында «дәрігер проблеманы көбейтеді» деген тұжырым пайда болған. «Бір жерің мазалап бара қалсаң, өзге де аурулар қоса тауып береді» деген түсінік қалыптасқан. Тағы бір адамдар «дәрігерлер түк білмейді, кімге барсаң да УДЗ-ге түсіп кел» деп айтады» дейді. Заманауи құрылғылардың саны артуы дәрігер білімін шектеп қойған жоқ па?

– Екі ұғымға де түсінік бере кетейін. Біз де не айтсаң да «Қазақпыз ғой...» деген қате ұғым алдыңнан шығады. Ал, негізінде атам қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Сіз айтып отырған әлеуметтік топ негізінен ауруы әбден меңдегенде дәрігерге жүгінетін адамдар. Олардың дәрігерге уақтылы көрінбеуі жаупкершіліктің төмендігінен туындайды. 

Қазірде медицинаның негізгі назары – аурудың алдын алу, профилактика, скрининг. Оның бәрі жаңағы айтылғандай, науқасты бір ауру мен екінші ауру қабаттасып мазаламас үшін жасалған қадам. Ол экономикаға да тиімді. Аз қаражатпен емделу, өмір сапасының төмендемеуі секілді аса қажет құрылымдармен жапсарлас. Пациенттің денсаулығына байланысты мүгедектікке шығуына жеткізбей емдеу науқас жанына, мемлекет бюджетіне тиімді. 

Екінші мәселе – УДЗ тексерісінен өткізу дәрігер сауатсыздығының көрсеткіші емес. Әртүрлі дәрігер бар. Мен көз алдымдағы дәрігерлердің артықшылығы мен кемшілігін қатар білемін. Көп дәрігер науқасты қарауды, тыңдауды, психологиялық диалог құруды біледі. Сол функцияларды атқарған соң МРТ, УДЗ секілді апппараттың диагнозды анықтауға қаншалықты қажеттігін анықтайды. Ондай дәрігер көп. Сұраулық формадағы диагноздарды нақтылаған дұрыс. Бізде екі жыл сайын өзгеріп отыратын «диагностикалық ем протоколы» бар. Яғни әр диагноздың өз протоколы бар. Емдеу және тексеру сатысынан тұрады. Дәлелді медицина көмегіне жүгінетін пациент аппараттарды дәрігер білімсіздігі деп қабылдамағаны жөн. Оның бәрі өзіне дейін зерттелген әдіс, қабылданған заң аясындағы процесс.  

– Отырарда қазір бұрын болмаған қандай оталар жасалуда?  Науқастар қалаға, облыс орталығына сабылып, әуре болмайтындай жағдайлар туралы мәлімет беріңізші?

– Біраз жерде жұмыс істеген 20 жылдық тәжірибесі бар білікті балалар хирургын жұмысқа қабылдадық. Кәмелет жасына дейінгі пациенттерімізді ота жасатуға бұрын облыстық балалар ауруханасына жіберетінбіз. Қазір өзімізде хирургиялық ем жүргізіледі. 

– Қазір медициналық маркетинг жолға қойылғалы еуропалық, ресейлік дәрігерлер ақылы тексерістен өткізетінін мәлімдеп елді «шулатып» жатады. Шығыс медицинасы деп даурығатындар бір бөлек, әрине. Сондағы дақпырттың бәрінің астарында адам сенімі көрініс табады. Сіздердің аурухана дәрігерінің білігін естіп, ат арытып іздеп келетін науқастар бар ма?

– Әрине, бар. Аудандық аурухана болғандықтан Отырарға жақын жерлердің тұрғындары келеді. Көшілес аудандардан, Қызылорда облысынан да шипа іздеп келетіндер бар. Болашақта алыс-жақын елдермен, медицинасы дамыған озық технологиялы мемлекеттермен денсаулық сақтау саласындағы байланыстарымызды, тәжірибе алмасуларымызды қазіргіден де жақсартып нығайта алсақ, білікті маман көмегіне жүгінетіндер Құдай қаласа көбейеді деген ойдамын. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Жалпы, кәсіби шеберлігі жоғары тәжірибелі мамандарымыз баршылық.

– Өзіңіз айтқан жаңашыл бағдарламаларға бейімделуге қанша уақыт кетеді?

– Бағдарламаның түріне байланысты. «Supermom» бағдарламасында дәрігер мен жүкті әйелдер паралель оқиды. Жүктіліктің жас ерекшелігі адамның үйренуге бейім уақытын қамтиды. Бірақ, ересек жастағы аудиторияның үйретуде аздап мәселе туындауы мүмкін. Қазір циифрлық жүйе қарқынды дамуда. Біздің стратегиялық жоспарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында жаңа бағдарламалар қолданысқа толық енгізіледі. 

– Дәрігерлердің білімдерін жетілдіру мәселесі қалай? Маман тапшылығы жоқ па?

– Маман тапшылығы аздап байқалады. Инфекционист, реаниматолог, хирург мамандар қажет. 

– Билік, сала басшылығы тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

– Білікті дәрігер, іскер ұйымдастырушы Марат Орынбасарұлы жетекшілік ететін облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Тегін квалификация жоғарылату, білім жетілдіруге байланысты көмек көп. Пандемия кезінде гуманитарлық көмек жағы жақсы ұйымдастырылды. Қолдау өте жоғары жеңгейде жүргізіледі. 

– Соңғы уақытта ауруханаларыңызға қандай аппарат алдыңыздар?

– Отырар ауданында арабтардың базасы бар. Былтыр бізге сол фазенда басшылары ең соңғы үлгідегі германиялық компьютерлік томограф аппаратын сыйға тартты. Ол аппарат наурызда іске қосылады.  Қазір сол аппараттың қызмет көрсету сапасына жауапты мамандар арнайы курстарда оқуда. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі байқалуда ма?

– МӘМС тиімділігі – бірнеше  сатыдан соң аңғарылатын процесс. Егер аталған жүйе толыққанды енгізіліп, халық оның тиімділігін түсінсе, көз жеткізсе, статустарын анықтап алып, жарнаны міндеттемей-ақ уақытылы төлеейтін болады.

– Арнайы уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен А.ДОС