Қазақстан әлемдегі тамағы қауіпті 10 мемлекеттің бірі саналады

Елең еткізер Көрілім: 79

20161111172504-620x413.jpg

Қазақстанда дұрыс тамақтанбаудың кесірінен жыл сайын 300-ден астам адам қайтыс болады. Дұрыс тамақтанбау дегенде, аш-бұратылып жүруді айтып тұрғанымыз жоқ. Керісінше, тамақты талғамай жеуден болатын өлімді айтып тұрмыз.

Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

«Өлім-жітімнің 60 пайызы тағамға байланысты. 100 пайыздың 60 пайызы өте жоғарғы деңгейді көрсетеді. Сондықтан тамаққа дұрыс қарамау үлкен қате» – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Өлім-жітімге әкелетіндей ол не тамақ дейсіз ғой?! Майлы, тұзды ас-ауқаттар ғой. Нақтырақ айтсақ: фаст-фуд, ылдым-жылдам даярланатын тағам деуге келмейтін кесірлер. Бір қызығы, малдың ішек-қарыны мен керексіз қалдықтарынан дайындалатыны фаст-фудты жеуге қазақстандықтар жылына 260 миллион доллар жұмсайды… Бұрын зиян тамақ арзан, кедей-кепшіктің асы деуші ек. Әне қараңыз, удай ақшаға у сатып алып жатырмыз…

«Майлы тағамды шектеу керек. Трансмайлары бар тамақтарды шектеу керек. Қуырылған тамақтардың орнына суға пісіріп, буға бұқтырып жеген жөн» – дейді қоғамдық денсаулық сақтау орталығының маманы Шынар Аралбайқызы.

Майға қуырып жасалатын ас-ауқат зиянды дейді ғой, қысқасы. Айтпақшы, ұлттық тағамын осындай шылқылдаған майға шыжғырып-қуырып әзірлейтін Өзбекстан, азаматтары астан ауру болатын, өлім құшатын әлем мемлекеттерінің ішінде, бірінші болып тұр. Мұнда, жыл сайын 100 мың адамның 394-і қайтыс болады. Ал, қазақтың хәлі нешік?

«Өкінішке орай, біздің елде етті тағамдарды көп қолданамыз. Ет біздің әдет болып қалған» – дейді қоғамдық денсаулық сақтау орталығының маманы Шынар Аралбайқызы.

Ет туралы өкінішке орай деп сөйлегенде, тіксініп қалдық. Бірақ, әлем ғалымдары осы ет өнімдеріміз үшін тамағы адам өміріне аса қауіпті елдердің ондығына қосып жіберді.

«Мынау қазақта айтады ғой. Тоқсанбайлар, сексенбайлар қайдан келді? Ет жеп өліп қалатын болса? Мысалға айтам. Қазіргі қоғамдағы ауру-сырқаудың көбеюі етті жей бергеннен дегенге келіспеймін. Бәлкім етті баптау жағынан, етті сүрлеу жағынан қателесіп жүрген шығармыз?» – дейді ақын, этнограф Ұларбек Дәлейұлы.

Иә, мәселе ет сүрлеу технологиясын ұмытқанымызда. Қан тамшылаған қызыл етті, тоңазытқышқа қоя саламыз. Оның зияны шаш етектен. Сосын, бұрнағы қазақ, етті қазіргідей талғамсыз жемеуші еді. Төрт түлік малдың етін уақытына қарай кәдеге жаратушы еді. Қойды жазда, ешкіні күзде, ал қыста жылқыны дегендей. Ал, қазіргі қазаққа ет болса болды. Ажыратып жатпайды. Майлы тауық саны дейсіз бе, қақталған түрлі шұжық дейсіз бе, әйтеуір ет дегеннің барлығын да жеп жүргендер көп. Етке қатысты бұл мінезді өзгерту керек. Шама келсе, жылқы етінен өзгесін өте көп мөлшерде тұтынбаған ләзім дейді, Шарманов мырза.

«Қойдың етін жесең оның сіңімділігі өте төмен. Ертеңгі күн батқанша сіңеді дейді. Ол ғылыми жолмен де дәлелденген. Сиыр еті, таң ағарып атқанша. Ал жылқы еті, төсек салып жатқанша. 3 есе жылдамдықпен жеңіл. Пайдасы бірнеше есе көп. Сіңімділігі ғана емес, пайдалы жағы жер мен көктей. Әрі жеңіл, әрі пайдалы. Қан қысымына қарсы, тоқ етіп қана қоймайды, ағзадағы ауысуларды жақсартады. Жылқының етінде трансмай қышқылы болмайды. Ал сиырда болады, қойдың етінде болады» – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Ата-бабамыздың табағы еттен, мұрты майдан ажырамаған дерсіз. Бірақ ата-бабамыздың өмір сүру салты қандай еді? Ертелі-кеш шаруаның соңында жүрді емес пе? Ал бүгінгі ұрпақтың өмір сүру салты қандай? Қазіргі заман қимыл-қозғалысы аз кеңсе жұмысы, техника мен технология заманы ғой. Тіпті жаяу жүретін жұрт жоқ. Жегеніңіз қай кезде қорытылып, қай кезде ағзаңызға сіңеді?

Ет, ет өнімдерін талғамай, көп мөлшерде тұтына беру жүрек, қан тамырлары ауруына шалдықтырады. Соңғы уақытта, осы жүрек-қан тамырлары ауруынан өте көп кісі қайтыс болады. Бұл өкінішті статистиканы дұрыстаудың бір-ақ жолы бар. Етпен бірге көбірек, көкөніс тұтыну керек. Көбірек дене қимылы керек» – дейді гастроэнтеролог Малика Ибрагимова.

Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін етті беймізгіл жей бермеңіз дейді ғой. Сосын, ауру астан дегенді қазір сәл өзгерту керек шығар? Ауру еттен,-деп. Себебі, қалтасын қалыңдату үшін, етке небір у-химикат қосатындар.

«Етті жақсы көретін қазақтың баласымыз ғой. Соғым сояйын десем, қорқам. Мынаған гормон салды ма екен деп. Іздеп жүрем. Жасырақ малға көп нәрсе үлгермейді. Қожайынына айтам, әй маған егілмеген мал берші,-деп. Дүкеннен ет сатып алуға қорқам. Толған зиянды антибиотикпен әбден былғап тастаған еттер көп» – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Әлгі 51 мемлекеттің тамағының сапасын, сол ас-ауқаттан келетін ауру-сырқауды, өлім-жітімді зерттеген ұйым, тамаққа талғаммен қарайтын елдерді де анықтапты. Ол Испания, Израиль және Франция.


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz