Гинекология саласының мамандары тәжірибе алмасуда

Елең еткізер Көрілім: 61

d13d41b2-143d-462d-bdde-75ea7482d170.jpg

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бастауымен Шардара орталық ауруханасының қабырғасында ауқымды шара өтуде. Медициналық мекеме техникалық жабдықтар мен қажетті қондырғылармен толық қамтылған. Ана мен бала өмірін сақтап қалуда барынша еңбек етіп келетін бұл аурухана мамандарының біліктілігінің арқасында соңғы жылдары Шардара ауданында ана мен бала өлімі болмаған. 

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген клиникалық протоколдарына сәйкес жаңа тиімді технологиялардың енгізілуіне байланысты өңіріміздің барлық аудандары мен шалғай елді- мекендерінен жиналған гинеколог дәрігерлер, анестезиолог, реаниматолог, акушерлер, перзентхана мамандары мен медициналық қызметкерлер бас қосты. 

Кентау, Созақ, Сайрам, Мақтарал, Отырар, Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Төле би мен Түлкібас ауданынан арнайы келген ақ жейделілер акушерияға тиімді перинаталдық технологияны ендіру мен медициналық көмек сапасын арттыру бағыттарын жетілдіруге жұмыла атсалысып жатыр. 

Салауатты өмір бастауы мен дені сау ұрпақты өмірге әкелу - салауатты ұлт қалыптастыруға негізделген мақсат болып табылады. Осы бағытта Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген бірнеше жобалар мен бұйрықтарға негізделе отырып денсаулық сақтау ұйымдарында жүкті және босанушы, босанған әйелдер мен гинекологиялық сырқаты бар әйелдерге тиімді медициналық көмек көрсетілуде. Атап айтсақ,  

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 3 шілде, 2012жылғы №452 бұйрығы, жүкті, босанушы, босанған және фертильді жастағы әйелдерге медициналық көмек көрсету., ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 16 сәуір, 2018 жылғы №173 бұйрығы,  Қазақстан Республикасындағы акушерлік гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттары. 

Ана мен бала өлімін төмендету мақсатында көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы жетекшілігі бірнеше халықаралық жобалар ұйымдастырды. Осы салада тиімді перинаталдық және неонаталдық күтім тиімді   технологиялар ендірілуде. Ана мен сәби өмірін сақтап қалудағы медицина қызметкерінің жетістігін дәл өңделген әрекеттер мен манипуляциялар айқындап бергендігін дәрігерлер растай түсуде. 

Мамандандырылған акушерлік көмек, нәрестеге щұғыл көмек, акушериядағы шұғыл жағдайларды мониторлау, мамандандырылған реанимациялық көмек, босандыру ұйымдарындағы ауыр жағдайларды болдырмау бағдарламалары, жүкті , босанушы және босанған әйелдер мен нәрестелерге көсетілетін көмек сапасын арттыру тақырыбындағы ауқымды мастер кластар өткізілуде.

Мамандардың біріге жұмыс жасауы, тиімді перинаталдық технологияны ендіру ана мен бала өлімі көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етуде. Демек, ана өлімі көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда 35,9%-ға, сәби өлімі-10,4%-ға төмендеді. Республикада сәби өлімі 2018жылдың қорытындысы бойынша 6-шы орында тұр. 

«Мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру» бағдарламасы бойынша 2018 жылы облыстық деңгейде 4939 маман біліктілігін арттырды. Оның ішінде 111 маман шет мемлекеттер ауруханаларында (Белоруссия-1, Россия-82, Корея-17, Израиль-2, Өзбекстан-9) біліктлігін арттырды. 

Сонымен, ана мен бала өлімін төмендету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар да өзекті мәселелер де аз емес. Ауыр жағдайлардағы ана мен бала жағдайларын тереңірек мониторлап, аталмыш жағдайлардың алдын алып, барынша болдырмауға атсалысу қажет, дейді мамандар. Ауқымды шара бірнеше күнге жалғасады.


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz