85 науқас толықтай емделіп шықты

Елең еткізер Көрілім: 88

Screenshot_2.jpg

Түркістан облысында жазылмайды деген аурулар дертінен айығып жатыр. Өткен жылы ДСҰ ұсынған жаңа дәрі бойынша жағдайы өте ауыр 85 науқас толықтай емделіп шыққан. Бұл туралы Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбеков айтты. 

Айта кетейік, 24 ақпан – 24 наурыз аралығында «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне орай, айлық іс-шара өткізілді. Шара барысында облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқандығы айтылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында туберкулезден эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Бұл 100 мың тұрғынға есептегенде өткен жылмен салыстырғанда 51,9-дан 37,8-ге дейін төмендеген. Халықтың арасында туберкулездің таралуы 25,8 %-ға азайды. Бұл көрсеткіш өзге аймақтармен салыстырғанда төмен. Түркістан облысында жаңа жағдаймен 745 пациент тіркелген. Белсенді топта 910 пациент есепте тұрады. Емін сәтті аяқтап диспансерлік есептің белсенді емес тобында тұратын пациенттің саны – 1432. 

«Науқастарды ерте диагностикалау мақсатында бізде бактериологиялық зертхана жұмыс істейді. Микроскопиялық, бактериологиялық, молекулярлық-генетикалық аппараттар арқылы  6-12 сағат көлемінде барлық тексерілген материалдан диагноз қоюға қолымыз жетіп отыр. Екі апта үзбей ем қабылдаған пациент туберкулез жұқтырмайды», - деді бас дәрігер Б. Сағымбеков.

Атап айтқанда, екі сағатта туберкулез қоздырғышын және оның рифампицин дәрісіне сезімталдығын анықтап беретін аппарат, үш аптаның көлемінде барлық туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдығын анықтап беретін 1 БАКТЕК аппараты, екі күнде барлық туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдығын анықтап беретін 1 БИОНЕР аппараты бар.

Screenshot_1.jpg

Сондай-ақ шара барысында журналистер диспансердің жансақтау бөлімінде болып, ондағы заманауи медициналық аппараттармен танысты. Мұнда екі бөлме бар. Бірінде өкпеге ота жасалса, екінші бөлмеде өкпеден тыс ауруларға ота жасалады. Аурухана мамандары науқастарды аяққа тұрғызып, ал білікті дәрігерлер өте ауыр оталар жасап, талай адамның өмірін аман алып қалуда.

Бұдан бөлек, МСҚ облыстық филиалының бас сарапшысы Лаура Сапарбекова туберкулез дертіне шалдыққандарды анықтау, емдеу және әлеуметтік қолдауға Түркістан облысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бөлінген қаражат мамандырылған медициналық көмекке, қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz