Жалақы өскенше...

52.jpgАзық-түлік қымбаттап барады

Қыркүйектен бастап, Шымкентте нанның бағасы шамамен 10 теңгеге қымбаттады. Бұрын 50 теңгеден сатылған бір бөлке нан қазір 60 теңге. Әкімдік мұны коммуналдық қызмет төлемі мен жанармайдың қымбаттауымен байланыстыруда. Шымкентте 2016 жылдан бергі аралықта ауыз су 24,7 пайызға, электр қуаты 27,2 пайызға, АИ-92 маркалы жанармай 25, 2 пайызға қымбаттаған.

Мұндай қымбатшылық республиканың барлық өңірінде бар. Статистика комитетінің таратқан мәліметіне қарағанда, баға азық-түлік тауарларына бір жылда (2018 жылғы қазан мен 2017 жылғы қазан аралығында) 4,7 пайызға өскен. Нан, ұн, макарон, тоқаш және ұн өнімдері, ет және ет өнімдері, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай, қант, кондитерлік өнімдер, жемістер мен көкөністер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады, ал жармалар арзандады.

2018 жылғы қазанда сүт өнімдерінен сүзбеге орташа баға килограмына 1585 теңгені (өткен жылғы тиісті кезеңде – 1462 теңге), қаймаққа – 1047 теңгені (967 теңге), мәйекті ірімшікке – 2461 теңгені (2189 теңге), айранға – 282 теңгені (266 теңге), пастерленген сүтке 222 теңгені (211 теңге) құрады.

Елбасы биылғы Жолдауында төменгі жалақыны көтеруді тапсырғаны белгілі. Келер жылдан бастап аз жалақы алып келген 1 миллион 300 мың адамның жалақысы көтеріледі.

Өкінішке қарай, жалақымен бірге баға да көтеріліп барады. 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz