Гүлдария ШАРДАРБЕКОВА : Науқас диагнозын 100 пайыз білуі керек

Screenshot_3.png

Гүлдария Әбілдабекқызы, елімізде медициналық қызмет көрсетудің сапасы жылдан жылға артып келеді. Осы орайда Бәйдібек ауданындағы  55 мыңға жуық халықтың толыққанды ем алуына қандай жағдайлар жасалынған?

– Мемлекеттің байлығы дені сау тұрғындарымен өлшенеді. Халықтың денсаулығы жақсы болса барлық сала гүлдене түседі. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев медицина саласына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Біздің мекеме де билік назарынан тыс қалмай даму үстінде. Жалпы ауданға ортақ орталық ауруханадан бөлек мұнда 12 дәрігерлік амбулатория, 28 медициналық тірек, 8 фельдшерлік акушерлік тірек халыққа қызмет көрсетеді. Ауруханада кардиологиялық, эндокринологиялық, невралогиялық, ревматологиялық сырқаттарға стационарлық көмек көрсететін 24 төсектік терапия бөлімінің қызметі орасан. Сондай-ақ неврология бөлімінде жүйке жүйесі сыр берген жандарға сапалы ем көрсетілуде. Жүйке жүйесі зақымданған пацинеттердің басым бөлігі емдік шарадан кейін оңалтуды қажет етеді. Науқастар облыс орталығына шапқыламас үшін өзімізде 19 төсек орынға арналған оңалту бөлімшесі ашылған болатын. Мұнда қазіргі заманға сай емдік физикалық жаттығуларға арналған құралдармен жабдықталған және ең бастысы аурулардың аяққа тұрып кетуі үшін қажетті деффектолог, массажист, реабилитолог, логопед мамандары жұмыс істейді. Одан бөлек мекемеде хирургия, балалар, гинекология, босану, паталогия бөлімдері бар. Бүгінде белең алып тұрған инсультті емдеу мақсатында осы жылы инсульт орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының міндеттеріне бірінші орында аурулардың алдын алу және асқынуға жеткізбей емдеу жатады. Осы бағытта ана мен баланың денсаулығы, фертильді жастағы әйелдердің сырқатын дер кезінде анықтап, диспансерлік есепке алу, уақытылы сауықтыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Халықтың нысаналы топтарын жыл сайын профилактикалық байқаудан өткізіп, қазіргі таңда кең таралған түрлі жүрек қан тамыры, онкологиялық, туберкулез, қант диабеті сияқты дерттерді уақытылы анықтап сауықтыру, стационарлы емге жатқызылған науқастарға сапалы көмек көрсетіп ерте үйлеріне сауығып шығу жұмыстары жолға қойылған. 2018 жылдан бері ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жиі асқыну жағдайы кездесетін сырқаттар – артериалды гипертония, қант диабеті, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен тіркелген науқастарды бақылауға алып, үш ай сайын керекті анализдер алынып, емі үнемі қадағалануда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жоғарыда аталған диагнозбен тіркелген пациенттерге үнемі режимді ұстап, керекті дәрі дәрмекті қабылдау кезінде емнің нәтижелілігін бақылау болып табылады. Осындай жұмыстардың арқасында мамандар науқастарға денсаулықты сақтау әркімнің өз қолында екенін медицина тұрғысынан түсіндіріп келеді.

Соңғы жылдары өндірістің, өңдеудің, қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде делік, цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл процесс сөз жоқ денсаулық сақтау саласына да пайдасын тигізуде. Сандық жүйе аурухана жұмысына нендей өзгерістер әкелуде?

Облыс, қаланы айтпағанда республикадағы барлық аудан, шалғайдағы ауылда орналасқан медициналық нысандар замануи үрдіспен цифрланып жатқаны әрине, медицинамыздың дамып келе жатқанын білдіреді. Біздің мекеме де өзгелер секілді цифрлы технологиялар негізінде жұмыс атқаруда. Мәселен, өткен жылдан бері «Даму» серіктестігімен жасасқан келісімшарт негізінде кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМАЖ) ендірілді. Қазіргі таңда бірыңғай тіркелмелі порталы бойынша Бәйдібек аудандық ауруханасына тіркелген 50306 азаматтың 50174-нің, яғни 99,7 пайызының электронды денсаулық паспорты жасалған. «Даму-мед» мобильді қосымшасына 20-60 жас аралығындағы 9276 азамат тіркеліп үлгерді. Барлық медициналық қызметкер кешкенді медициналық ақпараттық жүйе бойынша оқытылды. Ауруханада өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылып, аталған бұрышта жергілікті тұрғындарға Egov және «Даму-мед» мобильді қосымшасын пайдалану жөнінде сауат ашу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде кез-келген маман мен пациенттер аталған қосымшаны еркін пайдалана алады.

Ана мен бала денсаулығы медицинада өзектілігін жоймаған мәселе. Жалпы ана да, бала да аман болудың жолдары қандай?

– Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған тиімді. Сондықтан бірінші кезекте болашақ аналар, жүкті әйелдердің денсаулығына аса мән беріп, белгі бере бастаған ауруды асқындырмай дер кезінде емдеген дұрыс. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында әр дәрігеріміз өзі қарайтын аумақтағы фертильді жастағы әйелдерді үнемі бақылауда ұстап отырады. Әйелден экстрагенитальді сырқат анықталса, дереу диспансерлік есепке алынып, уақытылы сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Жүктілікке абсолютті көрсеткіші бар әйелдер, яғни мүлде босануға болмайтын әйелдерді 100 пайыз контрацепциямен қамтып отырамыз. Бала өлімінің алдын алу мақсатында 2018 жылы баланың жатырішілік дамуындағы ақауларды ерте анықтау мақсатында және босанушы әйелдерге көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында бір УДЗ дәрігеріміз Ресей федерациясының Новосибирск қаласында және Оңтүстік Корея республикасының астанасы Сеулде білімін жетілдіріп келді.  Сонымен қатар Новосибирскіге ауруханадан акушер-гинеколог, педиатр, реаниматолог, бас мейірбике, орта буын акушер мамандары аттанып, біліктіліктерін артырып келді. 2019 жылға осы саладағы барлық мамандар кезең-кезеңімен біліктілігін жетілдіру оқуына жіберілетін болады.

Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан  көптеген қолдаулар көрсетілуде. Соның бір көрінісі ретінде 2017 жылы босану бөліміне 60 миллионға құрал-жабдықтар алынса, былтыр заманауи УДЗ, жасанды демалдыру аппараттары әкелінді. Биыл заманауи экспресс класты УДЗ, лапароскопиялық аппарат және көптеген қажетті құрал-жабдықтар алу жоспарда бар. Мұның бәрі ана мен бала өліміне жол бермеудің қамы.

Байқасаңыз медицинасы дамыған елдердің өзі мультифакторлы аурулармен күресіп келеді. Жаңа атауға ие болған бұл сырқаттардың өлшеуін немен байланыстыруға болады?

– Қант диабеті, артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, атеросклероз, асқазан жарасының көбеюі бірінші кезекте бізді қоршаған ортаның жағымсыз әсерлері, тұқым қуалаушылық факторлар, адамның өмір сүру мәдениеті әсер етуде. Әсіресе соңғы замандарда адамзаттың тамақтану тәртібі бұзылып кетті. Адамдардың бәрі стрестік жағдайда өмір сүруде. Қимыл-қозғалыс та бәсеңдеп барады. Әрбір адам бірінші кезекте жыл сайынғы медициналық тексеруден міндетті түрде өтіп, салауатты өмір салты, дене шынықтырумен айналысып, артық салмақпен күрессе жоғарыда аталған ауруларға душар болмайды.

Кейде ауыр, жазылмас дертке душар болған науқастан диагнозын жасырып әлек болып жатамыз. Қалай ойлайсыз, пациенттен диагнозын жасырған дұрыс па?

– Жоқ, дұрыс емес. Адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда сырқаттың көңіліне қарап, ауруын айтпай қою, жүрегін жараламау, дұрыс көрінетін шығар. Бірақ бұл дәрігердің этикасына жатпайды. Әрі бұдан дәрігер де, науқас та ештеңе ұтпайды. Керісінше, соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Себебі пациент өзінің денсаулығы туралы 100 пайыз білуі керек және осы диагноз бойынша емді дұрыс жүргізу және әрі қарай болатын болжамды науқаспен оның туыстарына түсіндіру керек. Әрине СПИД, қатерлі ісік, ақ қан секілді диагнозы адамның қабылдауы қиынға соғады. Мұндай жағдайда сырқаттың туыстары тарапынан науқасқа қолдау көрсетілсе жеңіл болады.

Әлемге әйгілі дәрігер Леонид Рошаль «дәрігерді қателігі үшін жазалау, бұл мамандықты өлтірумен тең» деген екен. Сіз не дейсіз?

– Дәрігер қателікті әдейі жібермейді. Тіпті әлемнің дамыған озық елдерінің медицинасында да дәрігер тарапынан қателіктер кетіп жатады. Мұндай кезде ақ халаттыларды сынаушылар көбейіп кетеді. Қателік үшін дәрігерді ауыр жазаға тарту, меніңше, дұрыс емес. Алайда әрбір дәрігер қызметі адам өмірімен және адам денсаулығымен тікелей байланысты болғандықтан үнемі білімін жетілдіруге, ізденуге міндетті.

Көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнін қалай тойлайсыз?

– Әдеттегідей үйде отбасымның ортасында тойлаймын. Мереке күні отағасы мен ұлым гүл сыйлап, қуантады. Келін алып қолым әлі ұзара қоймағандықтан үйдің бар шаруасы менің мойнымда. Олар мені түрлі сыйлықтармен қуантса, мен мерекелік дастархан жайып, түрлі тәтті тағамдарды әзірлеймін. Қызым Астанаға тұрмысқа шыққан. Аллаға шүкір екі немерем бар. Әйел заты үшін отбасының амандығынан артық бақыт жоқ.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

                                                   Әңгімелескен А.АСАНҚЫЗЫ


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz