Аслан ӘБІШЕВ, дәрігер, репродуктолог: ЖОҚ НӘРСЕДЕН БӨПЕ ЖАСАП ШЫҒАРУ ТАҢҚАЛАРЛЫҚ ДҮНИЕ

Screenshot_3.png

-         «ECOMED» клиникасының бүгінге дейін жеткен жетістігі қандай?

   - Біздің орталықтың үлкен жетістігі осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам баланың дүниеге келуі. Қазіргі таңда, Өскеменде сегізінші клиника ашылғалы жатыр. Ең басты Эко орталықтар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан. Жақында Атырауда толыққанды жұмыс атқаратын лабораториясы бар клиника ашылды. Ал, қалған клиникалар емделушілерді дайындап, жақын аймақта орналасқан емханаларға жіберіліп отырады. Ол, Ақтау және Таразда орналасқан. Экомед клиникасы үнемі ізденісте болады. Біздің мақсатымыз - шетелге шығып, сол жақтан керек нәрсені алып келу. Мысалы, күні ертең Испанияға барғалы жатыр. Әлемге әйгілі клиникада тәжірибе жүргізіледі.   

-         Құты ішіндегі баланың дамуына қанша уақыт кетеді?

   - Негізі қойылған диагнозға байланысты. Әр жағдайда, әртүрлі өрбиді. Толық цикл жиырма күндей уақытты алады. Оны ынталандыру деп атайды. Жүктіліктің болуы толықтай екі ай уақытты алады. Бірінші айда дайындық кезеңі болады. Ол кезде қажетті анализдер тапсырылып, әйел немесе ер адамның организмін зерттеу үшін бақылау жүргізіледі. Ал, екінші айында толығымен экобағдарлама басталады. Стимуляцияның түрлері өте көп. Ол сол түрлеріне байланысты жүргізіледі. Біздің клиника стимуляцияның жаңа технологияларын қолдану арқылы үнемі оқып, ізденісте болады. Шетелдік конференцияларға қатысып, білімдерін жетілдіріп, көптеген жетістіктерден көрініп жатыр.

-         Жасанды ұрықтандырудан пайда болған сәбидің кәнігі баладан айырмашылығы бар ма?

   - Ешқандай айырмашылығы жоқ. Себебі, ол басқа генетикалық материалдарды қолданбайды. Мысалы, әйел адамның жатыр түтікшелерінің өтімділігі жоқ делік. Ал, әйел организміндегі ұрықтану процесі жатыр түтікшесінің өзінде болады. Түтікшенің өтімділігі жоқ жағдайда, әйел адамнан ұрық алынады, стимуляция жасалады. Сол кезде, ер адам тағы ұрық тапсырады. Сол ұрықтандыру процесі ғана организмнен тыс болады. Эмбрионның өсуі үш - бес күн аралығында лабораториялық деңгейде өседі. Содан кейін, ол қатырылады, мұздатылады немесе әйел адамның организміне салынады. Бұл жерде ағзадан тыс ұрықтандыру процесі ғана. Өздігінен пайда болған баладан айырмашылығы тек ағзадан тыс ұрықтануында.

-         Соңғы жылдары ерлі – зайыптылар денеден тыс  ұрықтандыруға көптеп жүгінуде. Оның себебі, неде деп ойлайсыз?

   - Жалпы айтқанда, ерлі-зайыптылардан түсетін ең бірінші шағым жүктіліктің болмауы, яғни бедеулік. Оның екі түрі болады: біріншілікті бедеулік, екіншілікті бедеулік. Біріншілікті бедеулік, ол әйел адамның организмінде жүктіліктің мүлдем болмауы. Екіншілікті бедеулік, әйел адамда жүктілік болған, яғни уақытынан бұрын босану, жасанды түсіктің салдарынан екінші жүктіліктің болмай қалуы сынды. Егер, біріншілікті болған жағдайда, оның негізін табу керек. Негізгі мәселе қайдан келеді? 

    Ең алдымен, ер азаматты тексеріп, оның ұрығын көреді. Бәрі дұрыс болған жағдайда, әйел адамның организмін қарастырамыз. Әйел адамның ағзасы жатырда, жатыр түтікшелерінде және аналық безінде құрастырылады. Әрқайсысының атқаратын өзіндік қызметі бар. Аналық безде ұрықтар түзіледі. Белгілі бір мөлшерге жеткен кезде ол жарылып, жатыр түтікшесіне ұрық өтеді. Сол кезде аталық ұрықпен қосылып эмбрион пайда болады. Жатыр ішіне түскеннен соң, әрі қарай жүктілік дамиды. Осы негізгі этаптардың қайсысында өзгеріс бар. Егер, аналық безде, түтікшеде, жатырда немесе ер азаматтың ұрығында өзгеріс пайда болып, емдеуге берілетін болса, қалыпты жағдайда ем-шара жасауға мүмкіншілік бар.         Жалпы, ер азаматтың ұрығында қайтымды өзгерістер болса ретке келтіруге болады. Егер де, мүмкіншілік болмаса жасанды ұрықтандыру жағдайына көшеміз. Неліктен қазіргі таңда, ЭКО-ға келушілердің саны көбейіп кетті? Оның өзіндік негізгі факторлары бар. Бірінші фактор, әйел немесе ер адамның организміндегі өзгеріс. Ол, жұқпалы аурулардың әсерінен, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан пайда болады немесе бұрындары жасалған ота әсерінен өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Тағы да бір, негізгі рөл атқаратын генетикалық фактор, кариотипте өзгеріс болған жағдайда. Мысалы, кариотипті өзгерістерде көптеген синдромдар бар. Одан қалған жағдайда транслокация, инвазия сынды хромосомада көп өзгерістер болады. Оның негізін реттеуге экожағдайда көптеген жаңалықтар ашылды. Мысалы, жаңа технологияны қолдану арқылы генетикалық өзгерісті түзетіп, болашақ ұрпақтың дені сау болуын қарастырады.

-         Құтыдағы бақыттың құны қанша? Мемлекет тарапынан арнайы квоталар қарастырылған ба?

    Жалпы алғанда, ол 300 мыңнан миллионға дейін баруы мүмкін. Жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігі 800 – 900 квота бөледі. Оның барлығы әр облысқа және үш негізгі қалаға бөлінеді. Мәселен, тұрғындардың санына байланысты. Қазақстандағы бедеулікпен күресіп жүрген отбасылармен салыстырғанда квота өте аз. Мысалы, Ресей мемлекетінде бір отбасы жылына екі рет квотамен өтуге мүмкіншілігі бар. Бізде де, алдағы уақытта сондай жағдай жасалынуы мүмкін.

-         Денеден тыс ұрықтандыру әдісіне жүгінетін шетелдік емделушілер де бар болар?

    - Шетелден оқуға келетіндер және емделуші ретінде келетіндер бар. Жақында, менде Оңтүстік Кореядан келген қаралушылар болды. Олар, неліктен мұнда келді? Өздері, Өзбекстанда жұмыс жасайды. Бізге жақын болғандықтан, осында келді. Біріншіден, олар ақшалай жағынан біздің бағаны көріп таңқалды. Өйткені, бізде өте арзан, әрі тиімді бағада. АҚШ долларымен есептегенде, ол елде 13-15 мың долларға дейін барады. Ал, біздің елде 300 мыңнан басталады. Ал, бәрінің бағасын қосқанда миллионнан асуы мүмкін. Екінші, бізде бірінші кезеңді жасаған сәттен жүктілік пайда болды. Бізде жаңа технологиялардың қолданылуы, креоконсервация, сигментация циклы. Цикл екіге бөлінеді. Бірінші, ұрықтарды өсіріп, оларды алып, мұздатып қою. Бір ай демалғаннан кейін, эмбриондарды жатыр ішіне саламыз. Бұны сигментация циклы деп атайды. Осы кезеңдерді жасағанда ол кісілерде бірден жүктілік пайда болды. Олардың жас ерекшеліктері өте жоғары болды. Әйел адамның жасы қырық екіде, ер кісі қырық алтыда. Олар, біздің жұмысымызға разылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, елдеріне қайтты. Мысалы, Өзбекстанда Эко мәселесіне республикалық деңгейде тыйым салынған. Ол мемлекетте экоға енді рұқсат беріліп жатыр. Көбінесе емделушілер сол аймақтардан келеді. Мысалы, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдерінен келеді.

-         Жас ерекшелігіне байланысты қиындықтар туындамайды ма?

    - Әрине, нәтижеліліктің болуы ерлі зайыптылардың жасына байланысты. Неғұрлым жас болса, соғұрлым алынатын аналық жасушаның немесе сперметозоидтың сапасы өте жақсы болады. Бізде статистика бойынша 25, 35, 42 және 42 жастан жоғары болып келеді. Мысалы, 25жасқа дейінгі нәтижелілік өте жоғары. Алпыс жетпіс пайызға дейін болады. Сәйкесінше, жас ұлғайған сайын, нәтижелік төмендей береді.

-         Экстракорпоралды орталықтардың көбеюі денеден тыс ұрықтандыру әдісін кәсіп көзіне айналдырып жібермеді ме?

   - Оны менің ойымша, кәсіп көзі деп айтуға ауыз бармайды. Мен өзім мемлекеттік мекемеде жұмыс атқарғанмын. Мемлекеттік мекеме мен жекеменшік кәсіподақта жұмыс атқарғанның айырмашылығы өте жоғары. Мемлекеттік тараптан оқыту, шетелге жіберу, оның барлығы кішкене қиынырақ. Өйткені, мемлекет тарапынан аз қаражат бөлінеді. Ал, бәсекеге сәйкес болу үшін жекеменшік кәсіпорындардың сапасы өте жоғары. Оның себебі, біздің өзіміз жылына екі не үш рет шетелге барып, білімімізді толықтырып қайтамыз. Екіншіден, мемлекеттік пен жекеменшікті салыстырғанда техникалардың алынуына да байланысты. Мемлекеттікте, бір затты алу үшін қаншама құжатқа қол қойылуы керек, оған рұқсат алыну керек және қажеттілігін көрсетіп, дәлелдеуің керек. Ал, біздің тараптан басқа жақтан оқып, көріп келгеннен кейін айтамыз, бізге мынадай техника, мынадай қоректік орталық қажет, мынадай инелер, мынадай инкуватор қажет болады деп айтамыз. Егер сіздер маман ретінде соларды қажет десеңіздер соны алып береміз дейді. Жекеменшік кәсіпорын бізге оны алып береді. Сол бойынша жұмыс жасаймыз. Әрине, жоғары сападағы технологияны қолдансақ, жұмыс сапасы да жоғары болады.

-         Бұл салаға келуіңіздің себебі не?

   - Қарапайым отбасыдан шыққанмын. Жалпы орта мектепті аяқтап, Астана медициналық университетіне оқуға түсіп, сол жерден акушерия, гинекология саласы бойынша білім алдым. Осы мамандықпен үш жыл көлемінде жұмыс атқардым. Қарап отырсам, бір ғана босандыру, гинекологиялық оталардан басқа ештеңе көрмеймін. Айына, он бес, он алты кезекшілік болса, екі күн бойы ауруханада жүресің. Ешқандай, жаңалықтар ашылып жатқан жоқ. Жаңашылдық пен өзгерістерді іздегендіктен осы салаға келдім. Себебі, үнемі ізденіс үстінде болдым. Ал, репродуктология маған қызықты сала болып көрінетін. Жоқ нәрседен бөпе жасап шығару таңқаларлық дүние. Өз көзіңмен эмбриондарды көресің. Жатыр ішіне салып, УЗИ бойынша сол сәбиді толықтай өз бақылауыңа алу бұл үлкен ғанибет жағдай. Ары қарай, жұмыс жасауыңа ынталандырады. Сонымен, ізденіп  репродуктология саласын таңдап, сол бойынша жұмыс істеп келе жатырмын. Үш жыл көлеміндей болды.  

    -   Осы бедеуліктің алдын алу үшін маман ретінде жастарға қандай кеңес айтар едіңіз!

 -  Статистика бойынша, Қазақстан Республикасында әрбір бесінші отбасы осы мәселемен келеді. Бірақ та, әрбір бесінші отбасы деп оларға экомедті айта бермейді. Оған консервативті ем қажет болады. Кейбіреуіне ота жасау қажет болады. Ал жеке алатын болсақ ер және әйел деп бөлетін болсақ, ол  екеуінде де бірдей, елуде елу. Сол себепті, өздеріңізге қараңыздар. Ер азаматтар, салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жақын болғаны дұрыс. Дер кезінде барлығын, алдын алып жүріңіздер. Сосын, донор болу. Мысалы, өздеріңіз білесіздер эритроцидтердің өмір сүруі 120 күн. Сіздердің ағзада күнделікті жаңару болып жатыр. Біріншіден, сіздер өзгелерге көмектесесіздер. Екіншіден, ағзаларыңыз күнделікті тексерісте болады.  Әйел адамның организмі өте нәзік механизм. Психологиядан бастағанда. Бастысы денсаулығыңыздың күтімін жасап, жылы киініңіздер!

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

 

 

 

 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz