Түркістан көгалды мекенге айналады

Қоғам Көрілім: 12

1549444454752043.jpg

2018 жылы Түркістан облысында мемлекеттік орман қорын 1 млн 593 мың гектарға ұлғайту жоспары 101 пайызға артығымен орындалып, орманмен көмкерілген алқап көлемі 1 млн 604 мың гектарға жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ілияс Құрамысов баяндады.

Басқарма негізінен үш бағытта жұмыс атқарады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін күзету, жер қойнауын ұтымды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау қызметімен айналысады.

– Өткен жылы 15 жарым мың гектарға көшеттер отырғызылды. 104 гектар таулы және тоғайлы алқапқа, 600 гектар құмды алқапқа сексеуіл көшеттері егілді. 7 мың гектарға сексеуіл тұқымы себілді. 5 мың 500 гектар аумақта орманның табиғи ұрпақтануына ықпал жасалды. 5 мың 682 гектар жерде толықтыру, 18 мың 256 гектарда күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы.

Құрамысовтың айтуынша, Түркістан қаласы да Астана сияқты болашақта жасыл орманмен көмкерілмек. Оның алғашқы қадамдары жасалып та қойған. Былтыр облыс орталығының маңынан «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне алынған 320 гектар жердің 300 гектары өңделіп, 200 гектарына бадам (миндаль), қарағаш, өрік көшеттері егіліпті. Биыл да қаланың тынысын кеңейтетін игі істер жалғасын таппақ. Шаһар айналасынан тағы 740 гектар жер телімі «Жасыл аймақтың» теңгеріміне алынып, мемлекеттік акті алу жұмыстары жүргізілуде екен.

Облыс әкімдігінің елді мекендерді көгалдандырудың 2017-2021 жылдарға арналған «Шатқал» іс-шара жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 2018 жылы аудан, қала әкімдіктерімен 2 мың 289 гектарға 986 мыңға жуық әртүрлі ағаш-бұта көшеттері егілді. Сол көшеттердің 414 мыңнан астамы Құрамысов басқаратын басқарма тарапынан тегін берілген.

Жануарлар дүниесін күзету бағытында Сырдария өзенінің бойындағы тұқымбақта жартылай еркіндікке жіберілген Бұқар бұғыларының саны былтыр 9 басқа артып, 155-ке жетті. Олардың 84-і ішкі қоршауда, 71-і еркіндікте жүр. 2018 жылы Бүкіләлемдік табиғат қорымен (WWF) өңірлік парктен 5 бас бұғы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жерсіндірілді.

Десек те қоршаған ортаға қауіп төндіру секілді заңбұзушылықтарға баратындардың әрекеттері тыйылмай тұр. Оған сұғанақтыққа қарсы күрес барысында өткен жылы орман күзеті қызметкерлерімен жүргізілген 895 рейдтің нәтижесін келтірсек те болады.

– Рейд жұмыстарының нәтижесінде 251 заң бұзушылық фактісі тіркелді. Оның 33-і аң аулау ережесін бұзу, 48-і заңсыз ағаш кесу болса, 170-і басқа да заң бұзушылықтар екені анықталды, – дейді Ілияс Шойбекұлы.

Заң бұзушылықтар бойынша 4,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 4 млн теңгесі, келтірілген 14 млн теңге залалдың 12 млн теңгесі өндіріліпті.

Облыс аумағында 196 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның 37-сімен қатты пайдалы қазбалар бойынша, 28-імен жер асты сулары бойынша, 131-імен тас-шағал, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді кең таралған пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт тіркелген. 131-дің 14-і барлауға, 117-сі өндіруге құқық алған. Алайда жер қойнауын пайдаланушылардың қатарында міндеттемелерән орындамайтын да аз емес көрінеді. Олардан басқарманың жолдаған талап-арызы негізінде 61 млн 200 мың теңгені өндіріп алу бойынша сот шешімі шығыпты. Сол сияқты 189 млн. теңгені өндіру бойынша 11 талап-арыз сотта қаралуда екен. 2-еуімен келісімшартты үзуге де тура келіпті. 4-еуі өз еріктерімен келісімшарттарын қайтарып берген. Су қорғау белдеуіне шығып кеткен 19-ныңкі уақытша тоқтатылған.

Дегенмен, жер қойнауын пайдаланушылармен өңірдің әлеуметтік саласына 2018 жылы 1 млрд. 226 млн. теңге қаражат аударылыпты. Оның 92 млн-ға жуығы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруден түскен. Сонымен қатар, орманды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланудан – 31 млн. 52 мың теңге, жануарлар дүниесін пайдаланудан 132 млн. 621 мың 500 теңге бюджетке алынған.

Өкінішке қарай, басқарма тарапынан қанша мәрте қоршаған ортаны қорғау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, газет-журналдар, әлеуметтік желілер, телеарналар арқылы хабарламалар беріліп, ескерпе аншлагтар мен панолар жол бойларына ілініп тұрса да арамызда айналаны ластаушылар азаяр емес. Соның айқын дәлелі – олардан былтыр облыстық бюджетке 1119,8 млн. теңге өндіріліпті.

Заңбұзушылықтар мұнымен де бітпейді екен. Мына мәлімет соның айғағындай. 2018 жылдың ақпан айында облыс прокуратурасы мен басқарманың бірлескен жұмысы нәтижесінде аудан, қала әкімдіктерімен су қорғау аймағы мен белдеулерінде көлемі 34 мың гектардан асатын 321 жер телімінің берілгені анықталған. Талдау жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктерге жол берген 14 лауазымды тұлғаға тәртіптік шара көріліпті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша заңсыз берілген жер телімдерінің 171-і мемлекетке қайтарылса, 50 жер телімін қайтару ісі сотта қаралуда. Қалған 100 жер телімі бойынша аудан, қала әкімдіктері тарапынан қайтару жұмыстары жүргізілуде екен.

Облыстағы 1 млн 973 мың 331 тұрғынның 82 пайызы қоқыстарды жинау және тасымалдау қызметімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізу көзделуде.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу көлемі меже бойынша 7 пайызға жоспарланған болса, 7,2 пайызды құрапты. Қатты қалдықтарды заман талабына сай жою және қайта өңдеу бағыты бойынша Ордабасы ауданы, Бадам индустриалды аймағында «GREEN Technology Industries» ЖШС-мен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу арқылы гранула және штапель жіптерін өндіру зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен. Зауытты іске қосудың І-кезеңі 2018 жылдың шілде айында жүзеге асырылып, 711 тонна полиэтилен флексі өндірілген. 2019 жылдың сәуір айында зауыттың II-кезеңін іске қосып, полиэтилен қалдықтарынан химиялық талшықтар – синтепон, холлофайбер өндіру жоспарлануда. Ал өндіруге қажетті шикізаттар – полиэтилен қалдықтары облыс аумағынан және өзге де өңірлерден тасымалданады.

Ауаны ластаудың алдын алудың бір жолы – автокөліктер отынын газ ауыстыру. Бұлай ету сұйық отынның атомосферадағы зиянды заттардың көлемінің жүктемесін 2-3 есеге төмендетеді. Бүгінде облыс аумағында 300 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Тұрғындарға 44 жолаушылар тасымалдау компаниясы 1224 автобуспен қызмет көрсетеді. Сол қоғамдық көліктің 294-і газбен жүреді. Басқарманың ұсынысмен жыл басынан 80 қоғамдық көлік газға ауыстырылыпты.

– Түркістан қаласының экологиялық бақылау жүйесін кеңейту мақсатында 2019 жылы «Казгидромет» РМК-мен бірлесіп, атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізетін 3 автоматтық станциялар орнату мәселесі қаралатын болады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Ілияс Шойбекұлының айтуынша, бұл салада туризмді дамыту жұмыстары да қолға алынуда. Туристерді қызықтыратын жобалар жасалып жатыр екен. Бұйыртса, бұқар бұғыларын, қар барысын тамашалайтын күн де алыс емес.


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz