Түркістанда онкологиялық және маммологиялық кабинеттер саны көбеюде

Қоғам Көрілім: 32


Өткен жылы Түркістан облысында  бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлері 8739991 қабылдау өткізген. Бұл облыс халқына шаққанда әрбір тұрғын бір жылда кемінде 4 реттен медициналық қызмет алған болып шығады. Жалпы облыста БМСК учаскелерінің саны – 1119, оның 783-і жалпы тәжірибе дәрігерлерінің учаскесі. 127-сі терапевтік, 209-ы педиатриялық учаске. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.

Стационар алмастырушы технологияларды ендіру және дамыту жұмыстарының нәтижесінде күндізгі стационары бар БМСК ұйымдарының төсек-орын саны 1494-ден 1584-ке дейін көбейді. Аурухана ұйымдарының күндізгі стационарларында емделіп шыққан науқастар саны – 59321.

Урбанизацияға және экономикалық нарықтық қатынастарға байланысты аурулардың әртүрлі топтарының өсуі мен таралуы байқалады. БМСК деңгейінде басымдықты және негізгі ауруларды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) енгізілуде. Ағымдағы жылы Түркістан облысының 25 БМСК ұйымдарында үш нозология бойынша АББ енгізілді. Аталған бағдарлама бойынша артериалды гипертония, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі және 2-інші типті қант диабетіне шалдыққан 27 мың 743 пациентпен шарт жасалды.

   Жол картасы аясында облыстың БМСК ұйымдарына 50 онкологиялық және 49 маммологиялық кабинеттер ашылды. Науқастарға стационарлық көмекті жылдам көрсету үшін шұғыл әрекет етуге SOS жүйесі ендірілді. Тромболитикалық терапия 152 науқасқа қолданылды. Сайрам, Сарыағаш аудандарында және Кентау қаласында инсульт орталықтары ашылды. Облыстағы қажетті кардиохирургиялық оталарды орындау мақсатында кардиохирургиялық 12 төсек орын ашылып, барлығы 30 төсек орынға жеткізілді. Аудандардың БМСК жанында қосымша 5 жедел жәрдем бригадасы ашылған.

Клиникалық диагностикалық зертханалық қызметтер сапасын жақсарту, құрал-жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін Леңгір және Кентау қалаларында емханалар мен ауруханаларының зертханалары орталықтандырылды.

Компьютерлік роботталған нейрохирургиялық жүйе орнатылып, омыртқада орналасқан жүйке жүйесінің ауруларын емдеуге қолданылуда. Қазақстанда алғаш рет Витилиго орталығы ашылып, витилигоны жаңа хирургиялық әдіспен емдеу еңгізілді. Стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі орнатылды. Жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген.

Халыққа уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында БМСК ұйымдарының шұғыл кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуде сабақтастығын және қатысуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады.

 

 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz