Түркістан облысында 28 жас дәрігер баспаналы болды

Қоғам Көрілім: 26

20190208172153.jpg

Түркістан облысында шалғай ауылдардағы медициналық мекемелерде  маман жетіспеушілік мәселесін шешу жүзеге асуда. Бұл мақсатта жас дәрігерлерді ең алдымен баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып тұр. Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен, соңғы жарты жылдың ішінде жоғары оқу орнын бітіріп келген 28 жас дәрігер үйлі болды. Хирург, онколог, терапевт, балалар дәрігері және акушер гинеколог мамандығын игеріп шыққан жастар баспаналы болып, алғашқы қоныс тойын тойлай бастады. Ұлт саулығы үшін тер төгетін азаматтардың алғысы шексіз. Олардың дені медициналық мамандықты Алматы, Астана секілді ірі қалалардан игерген. Еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көрген жастарға жергілікті билік тарапынан Түркістан өңіріндегі ауылдарға жұмысқа орналасқан денсаулық саласындағы әр маманға 1 миллион теңге бір реттік қаржылай көмек ретінде төленіп келеді.

2018 жылы ауылдарға жолдама алған 89 жас маман әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілген. 

-Мұндай көлемде дәрігерлерге қолдау өзге өңірлерде көрсетілген жоқ. Нәтижелі жұмыстың жалғасы ретінде облыстық мәслихаттың сессиясында осы көмек көлемін 1,5 млн-ға көтеруді ұсынбақпыз. Депутаттар қолдайды деп сенеміз. Бұл облыстағы тапшы мамандардың орнын толтыруға септігін тигізеді», – деді М.Егізбаев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Жаңадан шаңырақ көтерген Шардара аудандық орталық ауруханасының жас мамандары Әлібековтер отбасы да еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көрген. Отағасы отбасылық дәрігер, ал келіншегі акушер-гинеколог. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер алып, қоныс тойын өткізген отбасының жақында тұңғыштары дүниеге келген.

-Пәтер өзімізге ұнады. Жаңа, жылы және барлық жағдайы жасалған. Жастарға қолдау көрсетіп жатқан басшыларымызға тек алғыс айтамыз. Бұл бастаманы жүзеге асырып жатқан ел ағаларына ризамыз, дейді Шардара аудандық орталық ауруханасының дәрігері Ерлан Әлібеков. 

Шардара аудандық орталық ауруханасының 8 дәрігері жаңа үйден баспана алған. Ауылды жерге жұмысқа орналасқан 28 жас отбасы (Мақтарал, Отырар, Арыс, Шардара, «Абай» Келес ауданы, «Мырзакент» Мақтарал ауданы, Түлкібас ауданы, Ордабасы ауданы, Шардара ауданы)  баспанамен қамтамасыз етілді. Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі биылғы жылы да жалғасын таппақ. 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz