Шардара пияздары шет елге экспортталады

Биыл Түркістан облысы Шардара ауданында 59 300 гектар жерге егін егіледі. Оның басым бөлігін мақта дақылы құрағалы отыр. Яғни биыл ауданда 18 мың гектарға ақ алтын дәні себілетін болады. Ал 10 710 гектарына бақша дақылдары отырғызылмақ.

f6c36d22-41a0-497e-82d5-2f024e6a4bbb.jpg 

Аудан диқандары жер жырту, егістікті егінге дайындау жұмыстарын атқарды. Солардың бірі - ақпан айының аяғында 50 гектарға пияз егіп жатқан «Тұрар» ауыл шаруашылығы кооперативі. 

Аталған ұжымда бүгінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тамшылатып суару әдісін 5 жылдан бері тиімді пайдаланып келе жатқан кооператив иелігінде 110 гектар жер бар. Соның бүгінде 3,5 гектарына ерте көктемде пісетін қырыққабат пен 12 гектарына мамыр айында дайын болатын пияз отырғызылыпты.

«Пиязымыз мамыр айының ортасында пісіп қалады. Қырыққабатымыз да осы уақытта жұлына бастайды. Негізгі өнімдерімізді Астана, Алматы секілді ірі қалалармен қатар Ресей, Беларусь елдеріне жөнелтеміз»,- дейді кооператив төрағасы Юрий Ан.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бір жерден екі өнім алу тапсырмасына орай, жұмыс атқарып жатқан "Тұран" ауыл шаруашылығы кооперативі мемлекет тарапынан барлық қолдауларды алып отыр. Атап айтқанда, арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш, субсидия. Былтырғы жылы аудан әкімдігі шаруаға қолғабыс жасап, егістік басына электр жарығын тартып беріпті. Бұл өз кезегінде ағын су тартуға кеткен шығынды екі есеге азайтқан.