Материалдық-техникалық базасы нығайған аурухана

  Screenshot_1.jpg                

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша өткен мәжілісте:  «Бүгін біз еліміздегі эпидемияға байланысты ахуалды және коронавирустың екінші кезеңіне дайындық барысын талқылау үшін жиналып отырмыз. Алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақытымыз жеткілікті болды. Жалпы эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинадық. Бұл тәжірибені мейілінше тиімді пайдалануымыз керек.  Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек»,- деген еді. Бүгінде  мамандардың болжамы расқа айналып, елімізде індет жұқтырушылар қайта тіркеле бастады. Мемлекет басшысы айтқандай бірінші толқында біраз тәжірибе жинақтаған Қазақстанның денсаулық сақтау саласы екінші толқынды сауатты түрде еңсеріп келеді. Қазір барлық өңірде науқастарға арналған төсек орындар мен емдеу аппараттары, дәрі-дәрмек жеткілікті. 

     Түркістан облысы «жасыл аймақта» тұрғанымен қауіп жоқ деген сөз емес. Қазір облыстың барлық аймақтарында көзге көрінбейтін инфекциямен күрес жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Таулы аймақта орналасқан Төлеби аудандық ауруханасының ұжымы да індетпен күресуге тас-түйін дайын тұр. Ауру өршіген тұста науқастардың өмірі үшін арпалысқан мұндағы ақ халаттылар күн сайын білімін жетілдіріп, ковидті емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерімен танысуда. 

Screenshot_3.jpg

    Аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Омарованың айтуынша  Төлеби ауданы бойынша инфекциялық стационарларда бүгінгі таңда короновирусқа қарсы емдеу шаралары үшін Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен 20 төсек орын дайындалған. Ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде жалпы 44 орталықтандырылған оттегі нүктесі оның ішінде инфекциялық стационарда 28 орталықтандырылған оттегі нүктесі орнатылған. Сонымен қатар 45 оттектік концентратормен қамтылған. Қорда дәрі-дәрмек және дезинфекциялық заттар мен жеке қорғаныс киімдері толықтай қамтамасыз етілген.  Өмір үшін күрес жүретін  жансақтау бөлімі 9 өкпені жасанды желдету  аппараты мен орталықтандырылған оттегі жүйелерімен қамтылған. 

      Адамзатты әбіргерге салған вирусты ауыздықтауда  мобильді топтардың еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн. Осы мақсатта ауданда 16 мобильді топ құрылған болатын. Әр топтың құрамында тәжірибелі дәрігер, мейіргер және санитарлық автокөлік жүргізушісі қамтылған. Халықпен етене қарым-қанытас жасап, құнды кеңестерімен бөлісетін бұл мамандар бүгінде жұмыстарын тоқтатқан емес.  

Бұл індет Гиппократ антына берік талай маманның өмірін қиып әкетті. Сондықтан медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі басты назарда. Осы мақсатта аурухананың  барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныш құралдарымен, пульсоксиметр, байланыссыз термометрмен, антисептиктермен қамтамасыз етілген. 

Screenshot_2.jpg

     Тәжвируспен алысып жүргенде өзге де сырқаттардың өршуіне жол берілмеуі қажет. Өйткені коронавирус қосымша, созылмалы дерті бар науқастар үшін аса қауіпті. Әсіресе онкологиялық аурулар күн тәртібінен түскен емес.  Жақында емханаға  скрининг жасау үшін сүт безі ауруларын ерте анықтау мақсатында мамографиялық аппарат орнатылды. Енді ауданның нәзік жандылары  облыс орталығына сабылмай  осында келіп, тексіреле алады. Сондай-ақ пандемияның екінші толқынына дайындық аясында ауруханаға  қосымша жаңадан сандық рентген диагностикалық аппараты қойылды.  Аталмыш қондырғының коронавирус, пневмония дертін анықтауда таптырмас көмекші екені анық. Материалдық-техникалық базасы күннен күнге жақсарып келе жатқан мекеме таяуда санитарлық автөкөлікке ие болды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған көлікті  ауруханаға медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында «СарыаркаАвтоПром» кәсіпорны сыйлап отыр. Сонымен қатар  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркістан облысына бөлінген 12 жылжымалы медициналық диагностикалық кешеннің  бірі Төле би ауданынан да бұйырды.  Заманауи медициналық кешен флюрография, ультра дыбыстық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр, электрокардиограмма, сандық рентген аппараты, гинекологиялық кресло және тағыда басқа құралдармен жабдықталған. Бұл әсіресе дәрігерлер азаматтарды толық тексеруден өткізіп, ауруды дер кезінде анықтап, бар күш-жігерін халыққа білікті медициналық көмек көрсету үшін жұмсап, қиын жағдайда жұмыс істеуіне тура келген пандемия кезінде өте маңызды.  Қазіргі таңда аурухана дәрігерлері әлеуметтік арақашықтықты сақтау мақсатында тұрғындармен онлайн кеңес жүргізуде.  Осы ретте мекеме басшысы Қарлығаш Раушанқызы  тұрғындарға барлық сақтық шараларын сақтауға, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, күтінуге шақырады.