Жолдау жүктеген міндет


000.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын, балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн екенін атап көрсетті.

Осы орайда Түркістан облысы, Созақ ауданында  өткен жылы балық шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Мысалы, «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданның «Таскенсаз», «Таушаға» және «Бабата» су қоймаларына 500 мың дана балық  шабақтарын жіберген болатын. Шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қолдан балық өсірумен айналысатын «Созақ балық өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі шабақтарды Сарыағаш ауданындағы «Алтын балық – 2020» ЖШС-нен жеткізген. Қазіргі таңда аудандағы Бабата су қоймасына   200 мың дана «ақ мур»  және 200 мың дана «дөңмаңдай» жалпы 400 мың шабақ балығы жіберілді. «Балық шаруашылығын дамытамыз деген біршама азаматтар қазіргі таңда  ұсыныс беріп отыр. Олармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде»,– дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  Созақ ауданы бойынша филиалының директоры Арман Анарбаев. Жалпы бүгінгі таңда аудан аумағында 2 шаруашылық балық өсіру ісін қолға алған.

Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артуда. Мысалы, Түлкібас ауданында қазірдің өзінде осы кәсіппен 4 шаруа қожалық айналысуда. Бүгінде олардың қатары тағы толығып отыр. Атап айтсақ, «Дос» шаруа қожалығы биылдың өзінде 1 гектар жерге жасанды көл жасап, оған 14 мың дана балық шабағын жіберді. Оның 4 мыңы – «ақ амур», 6 мыңы - сазан, қалғаны дөнмаңдай балығының шабақтары. Қожалық төрағасы Қайырғали Тойболов бұл кәсіппен шектелмей, бизнес ауқымын кеңейтуді қазірден жоспарлап отыр. «Жоспар ойдағыдай жүзеге асып жатса, алдағы уақытта бұл аймақты демалыс орнына айналдыруды ойластырудамыз. Қазірдің өзінде жасанды көлдің аумағын қоршап, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді бастап кеттік. Ойымыз іске асса, табиғаты тамаша бұл жерді тиімді пайдаланған болар едік», – деді Қ.Тойболов.

Айта кетейік, бұл кәсіппен айналысатын азаматтарға балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында тиісті көмектер беріліп келеді.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жолдау жүктеген міндет