Ең үздік емхана


Screenshot_1.png

Облыс орталығына айналған Түркістан шаһарында орталық емхана  бар.    Бүгінде жаңаша келбетке ие болып, жаңғырып жатқан көне қаланың аталмыш медицина мекемесі де заманауи талаптарға сай даму үстінде.  Түркістан қалалық орталық емханасының екі жыл қатарынан еліміздің ең үздік емдеу мекемесі атануы да бекер емес.  

«Театр киім ілгіштен басталады» демекші  мұнда  ғимаратқа кіргеннен цифрландырудың «жемісін» көруге болады.   «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышындағы»  сенсорлы экранда  емхана дәрігерлерінің фотолары көрсетіліп, аты-жөндері жазылып тұр. Іздеген дәрігеріңіздің тұсын бассаңыз, оған қалай баратыныңызды бағыттай қояды. Тепкішекпен көтеріліп, кабинетіне кіріп барғандай, алдыңыздан дәрігердің фотосы шыға келеді. Қағазбастылықтан арылған мекеменің  бұдан өзге  инновациялық жаңалықтары жетерлік.  «Облыста ең алғаш болып, смарт-кардио, смарт-ЭКГ бағдарламары  біздің емханаға ендірілді. Бүгінде 6 бөлімшеміз осы жүйеге жалғанған. Нәтижесінде 25-30 шақырым жерде орналасқан дәрігерлік амбулаторияда ЭКГ аппаратымен тексерілген пациенттің түсірілімін орталық емханадағы медицина маманы базадан көріп отырады. Білікті дәрігер жүрек қағысының кінәраты бар-жоғын анықтап, диагноз қорытындысын бес минуттың ішінде амбулаторияға қайта жолдайды. Яғни, пациент дәрігерді іздеп сабылып әуре болмайды, – деді емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.  

Қазір еліміздің медициналық мекемелері аз қаржы жұмсап, мүмкіндігінше нәтижелі ем шараларын жүргізуді қолға алуда. Аз шығындалу ең бірінші кезекте пациенттерге тиімді. Мемлекетке де қолайлы, экономикамызға да салмақ түспейді. Осы мақсатта емханада 25 төсек-орынды күндізгі стационар істейді. Пациенттер күндіз келіп дәрі-дәрмегін тегін қабылдап, үйіне қайтады. Стационар жанынан 10 адамдық оңалту бөлімшесі ашылған. Мұнда кешегі ковид инфекциясынан кейінгі пневмониядан жазылып шыққандарды, жалпы оңалтуды қажет ететін жасы үлкен кісілердің ағзаларын күшейту, өкпенің, тіннің қатаюын қалпына кетіру процесі жүреді. Сосын инсульт алғаннан кейінгі аяқ-қолдардың салдануы секілді қимылы шектелген азаматтарға, инфаркт алған пациенттерге көмек көрсетіледі. Буын сырқаты барларға, травматологиялық ота жасатып, жамбас, буын сүйектерін ауыстырғандарға қимыл-қозғалысының шектелуін азайту, қайта қалпына келтіру мақсатында емдік шаралар жүргізіледі. «Осы бөлімшеде алдағы уақытта балалардың церебралды сал ауруына шалдыққандарды аяқ-қолдарын тепе-теңдікте ұстауға бейімдеу мен емдеуді қолға алуды бастаймыз. Сосын тұтығып сөйлейтін, әріптерді толық айта алмайтын тілінде мүкісі бар балаларға да көмектессек деген ниетіміз бар. Осы мақсатта әзірге бір логопед маманды жұмысқа қабылдауды келісіп жатырмыз. Бәрі біз ойлағандай болса, жоспарымызды толық жүзеге асыратын боламыз, – дейді Райымбек Берікұлы.  


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ең үздік емхана