Түркістан 14 ханның астанасы болған

18.jpg


-Түркі әлемінің қарашаңырағы Түркістан қаласы ХVІ ғасырдан бастап 300 жыл Қазақ хандығының астанасына айналды. Түркістанның мұндай атақ дәрежеге ие болуы Қожа Ахмет Ясауи есімімен тікелей байланысты еді,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени 

қорық-музейі» РМҚК директоры  Нұрболат АХМЕТЖАНОВ.

-Есім ханнан бастап қазақтың 14 ханы Түркістанды астанасы етіп жариялады. Мұнда дәстүр қалыптасып хандар, сұлтандар, билер, батырлар және игі жақсылар өздерін Түркістанға жерлеуді аманттады. Қазіргі таңда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында ғылыми дерек бойынша қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры мәңгіге тыныстап жатыр. Түркістан ХVІ ғасырдан бастап қазақ халқының ұлттық пантеонына айналды. Жазба деректерде сүйенсек, тарихшы Әбілғазы ханның айтуынша, «Есім хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітеді. Осыдан бастап Түркістан қазақтың он төрт ханына астана ретінде қызмет атқарды» десе, орыс ғалымы М.П.Вяткин осы ойды одан әрі  «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Үлкен Ақсарай» бөлмесінде мемлекеттік іс жүргізіп, елшілер қабылдап, бұйрықтарға қол қойғандығын, Тәуке хан елшілерді қабылдағанын» жазды. Тарихшы Т.И.Сұлтанов Есім ханды 1598 жылдың күзінде хан тағына отырды дей келе, Тәуекел ханнан кейінгі қазақ сұлтандары ішінде ең беделдісі Есім сұлтан болатын деген пікір айтады. Есім хан билігі тұсында Ясы қаласы – Түркістан атауына ие болды. Есім ханнан бастап Түркістан қаласының киелік маңызымен қатар, саяси-әкімшілік және рухани орталық ретінде маңызы артады да, бірнеше ғасыр бойы қазақ еліне қызмет етеді», – делінген. 

Тарихи деректерде Есім ханның тұсында қазақ хандығының ресми астанасы болған Түркістан үш ғасырдан астам  үш жүздің басын қосатын, ел тағдыры, жер тағдыры шешілетін маңызды мәселелер қозғалатын орталыққа айналды. Сол замандағы тарихшылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар жиі кеңес өткізіп тұрғандығын хатқа түсірген. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Түркістан 14 ханның астанасы болған