Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер

Screenshot_4.jpg

Қазір әлемді дүрліктіріп, бүкіл адамзатты алаңдатып отырған қауіпті індет – коронавирустан миллиондаған адам көз жұмыпты. Тосын келген бұл тажал-індет күннен-күнге ушығып, өрісін кеңейтіп барады. Жаһанды жайлаған қатерлі індетті ары қарай таратпау, тосқауыл қою жолын іздеп, дертті анықтау және оған шалдыққандарды емдеу жаупкершілігі медицина қызметкерлерінің мойнында тұрған  зор жауапты іс. Бұл күндері күн демей, түн демей халық денсаулығын сол қауіпті індеттен сақтау мақсатында бастарын қауіп-қатерге тігіп бірнеше мыңдаған дәрігерлер мен медбикелер «мылтықсыз майданның» алдыңғы шебінде жүр. Біздің елімізде де кенеттен келген қауіп-қатерге тосқауыл қою мақсатында, халық денсаулығын қорғау үшін төтенше жағдай енгізіліп, көптеген ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Індетпен күресу үшін медицина, ішкі істер (полиция) және әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Халық денсаулығының сақшылары ақ халатты абзал жандар - дәрігерлердің  бұл іс-шараларда алар орнын, рөлін біз айтпай-ақ көпшілік жақсы біліп, жетік түсініп отыр. Осындай сәтте кең байтақ елімізде ертеде, өткен ғасырларда орын алған, халықты қынадай қырған жұқпалы індеттермен (оба, сүзек, шешек, тырысқақ, көкжөтел, көкала және т.с.с.) күрескен дәрігерлердің қайсар да қажырлы істері еріксіз еске түседі. Олар біздің кеңбайтақ Ұлы даламыздың әр түкпірінде қиын-қыстау жылдары аянбай еңбек еткендер, әсіресе ұлтымыздың алғашқы дәрігерлері туралы мәліметтер, өкінішке қарай, тым бұлынғыр, көмескі десек те болады. Өйткені, өкінішке қарай, уақыт бір орында тұрмайды, жылдар өткен сайын тарихи мәліметтер сары сағымға айналып, заманның шаң-тозаңы басып,  ұлт тұлғаларының талайының есімдері  естен шығарып, базбірі тіпті, ұмыт болып барады. Олар туралы көп жылдар бойы тірнектеп, там-тұмдап әр басылымдардан, ғаламтор-интернетен жинаған біраз мәліметтерді көпшілікке ұсынуды жөн көрдік. Олардың сонау дүрбелеңге толы, қиын-қыстау жылдары қайсар да қажырлы, жанқиярлық, жанкешті ауыр еңбектерін бағалап, тағзым ету біздің - қазіргі ұрпақтың, парызы.

Медицинаның шығу тарихына көз салсақ, тарихшы-ғалымдар алғаш медицина қызметі тас дәуірінен бастау алады деген пікір айтады. Онысы рас. Сол кездегі адамдар жарақаттарына, ауруларына өздіктерімен түрлі шөптерді дәрі-дәрмек ретінде пайдалана бастаған. Дәл осы кезеңде адамдардың бір біріне қол ұшын созып, ауруын ем-дом қолданған кездері өздігінен медицина қызметінің туындауын алып келген. Әрине, бұл деген медицинаның, сөйтіп, бірте-бірте дүниеге келгеніне күмән келтірмейді. Олар жан-жануарлар жейтін шөптердің көбін дәрі ретінде қолдануға болатынын түсінген. Тарихшылардың зерттеулерінен алғашқы жеке бас тазалығы (гигиенада) осы кезде қалыптасып, тас дәуірінің адамдары сүйек сынығында, шытынағанда алғашқы көмекті көрсете білген. Өсімдіктер және де басқа табиғат дәрілерін кең қолданған.

Ал, біздің еліміз Қазақстандағы медицина қызметі қашан пайда болғанына келсек, археологиялық және этнографиялық зерттеулерден көптеген деректер алуға болады. Мысалға алар болсақ: Павлодар-Ертіс өңіріндегі Қараоба обасынан табылған әйелдің, Батыс Қазақстандағы Сайқын станциясы маңынан табылған ер адамның, Тараз қаласы төңірегінен табылған жауынгердің бассүйектері; Орталық Қазақстандағы Қарабие мекенінен табылған адамның қаңқасы жатады. Бұл деректер яғни, Қазақстандағы емшілер –дәрігерлікпен, емдеу ісімен, хирургиялық әдістермен ерте бастан шұғылданғандығын айтады. Әл-Фараби, Әбу-Мансұр, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ірі тұлғалар орта ғасырларда медицина ғылымдарына қомақты үлес қосып, із қалдырған. Ел арасында алғашқы көмекті бақсы-балгерлер, емшілер, сынықшылар, молдалар, кіндік шешелер жүргізген белгілі. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз кезеңінде шипагерлігімен елге танылған, медицина тақырыбына арнап кітап жазған  қазақ емшісі. Қазақтың алғашқы жоғары білімді зиялы қауымының қатарына  енген  Барлы­бек­ Сыртанұлы патша­лық билік жүйесінде ұлық дә­режелі қыз­мет­те 18 жыл болған шенеунік 1909 жылы отставкаға шыққанан кейін Жетісудағы атамекені Ақсу бекетінің қасында 12 ша­қы­рым жердегі қыс­тауы­на оралады.  «...Ол өзі таби­ғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербор­да­ғы Императорлық университетті бітірген соң, туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұ­сын­да қазақ даласында өсетін емдік қа­сиеті зор шөп, гүл т.с.с. зерттеп, орыс тілінде  «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растения. Способы их употребления») деп аталған медициналық еңбек жазған», - деп жазады жазушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай (Adebiportal.kz). Бірен-сараң болса да алғашқы білімді, озық ойлы ұлт өкілдері сол ауыр кезеңде  ел жағдайына барынша көңіл бөліп, титімдей болса да халқыма пайдамды келтірейін деп өмір сүрген, қолынан келген көмекті аямаған. 

Дәстүрлі медициналық көмек алғашқы жоғары білімді дәрігерлермен тек ХХ ғасырдан бастап көрестіле бастады десек қателеспейміз. Қазақтан шыққан алғашқы дипломды дәрігерлерге тоқталсақ, тұңғыш көш басшыларға Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов, Мұхаметжан Қарабаев, Әміре Айтбақин, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Сейітжапарұлы Асфендияров, Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров, Дәулетшах Жүсіпұлы Көсепқалиев, алғашқы қазақтан шыққан әйел дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Рақия Шагабудинова-Ермекова сынды тұлғаларды айтамыз. Басқа да көптеген қазақ дәрігерлері мен фельдшерлері қоғамдық істерге белсене араласып, еліміздің денсаулық сақтау ісінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Screenshot_2.jpg

Қолда бар құжаттарға зер салсақ, алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігерлері қатарына Мұхамеджан Қарабаев енеді. Оның қарапайым қазақ аулының бақташысының біртума жан екендігін көрнекті педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин байқаған және Троицк гимназиясына оқуға түсуге көмектескен. Жас Мұхаметжан Қарабаев 1881 жылы  кәмелеттік аттестат алған кезде Торғай облысында 105 мың шаршы шақырым аумақта орташа есеппен бір дәрігер, бір фельдшер және бір кіндік шешеге 82 мыңнан астам адамнан келді. М.Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жас­тайынан біліп өсті. Ол туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жас­тайынан біліп өсті. Аш, жала­ңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы импе­раторлық университеттің медицина факультетіне түсіп, оны 1887 жылы бітірген.Ол 1888 жылы маусымда уез дәрігерінің қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, сүзек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті.  Ол қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, байтақ даладағы алғашқы аурухананы сонда ашып, он жылдан астам сол ауруханада қызмет еткен. Бірақ, сол кездегі күн сайынғы  ерлікке толы еңбек оған жеткіліксіз көрінді. 1911 жылы елу үштегі дәрігер өз еркімен қауіпті оба ауруымен күресу үшін Якутияға жол тартады. Ол бес жыл Орта Колым және Якутиядағы инфекциялық ауруларға арналған емханада жұмыс істеді. 1916-1917 жылдары Петроградта Қызыл крест ұйымында жұмыста болды. Одан кейін Отанына оралғанда дәрігерлерден тарығып отырған денсаулық сақтау бөліміне келіп, бар күш-қуатын аямай халыққа қызмет етуге дайын екендігін білдірді. Ырғыз,Шалқар, Ақтөбе жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы  ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысты. 1919-1921 жылдары Қостанай аймағына сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індет көп таралған кезеңде, медициналық көмек ұйымдастырып, ел-жұртты індеттен қорғауға көп үлес қосты. М.Қарабаев уезд халқының санитарлық мәдениетін көтеруге, оларға тазалық пен гигиенаның қарапайым шарттарын үйретуге ерекше көңіл бөледі. 1921 жылғы тырысқақ індеті елімізде аштықпен тұспа-тұс келді, өліктер (кейде бір түнде 60 адамға дейін өлді) қала көшелерінде ашық-шашық жатты.  Мұхаметжан Қарабаев өзінің ұлғайған жасына қарамастан демалыссыз тынбай жұмыс істеп, алыс ауылдардағы адамдарды  ажалдан құтқару үшін атқа салт мініп аралады.  Семиозер және Боровской ауруханаларын басқарған ауыр жылдарда тек медициналық аспаптар ғана емес, кей кезде тіпті сабын да жетіспеді.  Ол 1927 жылы денсаулығы сыр бергесін, өмірінің мәніне айналған жұмысын тоқтатады. Оған денсаулық саласындағы зор еңбегі үшін дербес зейнетақы тағайындалды. Бірақ, адамдардың есінде өзі туралы жақсы естелік пен алғыстарын қалдырып, ешбір байлық жинамастан қарт дәрігер 1928 жылы өмірден озды. Ол өзінің 40 жылдық дәрігерлік еңбегімен еліміздің денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға, дамытуға елеулі еңбек сіңірді. 

Screenshot_3.jpg

Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы бұрынғы Ішкі Орданың Талап бөлімі, 1-старшындық ауылында 1873 жылдың 20 сәуірінде дүниеге келген. Ол обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы. М.Шомбалов 1899 жылы Қазан университетінің медициналық факультетін тамамдаған. 1899-1903 жылдары Орда оба стансасында дәрігер, 1903-1917 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болды. Ол 1906-1910 жылдары екі мәрте “Қырғыз даласының Нарын бөлігі мен оңтүстік округтердегі обамен күрестегі еңбегі үшін” арнайы күміс белгісімен марапатталған. 1911 жылы белгілі орыс ғалымы И.И.Мечников басқарған экспедиция құрамында Қалмақ даласында оба індетін зерттеу жұмыстарына қатысты. Азамат соғысындағы тұрмыстың ауыр кезеңіне қарамастан, Бөкей губерниясында 370 төсектік, оның ішінде Ордада 100 төсектік аурухана ашты. 1923 – 1929 жылдары денсаулық сақтау халкомының орынбасары, сонымен бірге Қырғыз АКСР Орталық Атқару комитетінің мүшесі және Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі болып тағайындалды. 1929-1938 жылдары Қазақстанның дәріхана басқармасының бастығы болды. Өмірінің соғы жылдары біраз уақыт Орал қаласында обаға қарсы стансаның меңгерушісі қызметінде болып, 1940 жылы дүние салды.  Бүгінде Алматы қаласындағы №4-ші дәріхана Мажит Шомбаловтың есімімен аталады.

Screenshot_5.jpg

Халел Досмұхамедов 1883 жылдың 24 сәуірінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол – көп қырлы дарын иесі, аса ірі саяси тұлға. Қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Негізгі мамандығы - дәрігер.  Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық сынабына қабылданып, оны үздік бітіреді. Келесі жылы Санкт-Петербургтағы императорлық әскери-медицина академиясына қабылданады.  Оны 1909 жылы алтын медальмен үздік бітіріп, дәрігерлік атақ алып Пермь губерниясында қызметін бастайды. Кейін №2 Түркістан, №2 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. 1912-1913 және 1915 жылдары таралған оба індетіне қарсы күрес ісіне белсене қатысып, «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек, «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалалар жариялайды. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. Кейін бұл еңбектерін толықтырып «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты ғылыми кітап етіп шығарады. 1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы;  Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі  болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Ол қазақ дәрігерлерінің арасында тұңғыш осындай ғылыми атаққа іліккен азамат. Алайда келесі жылы Совет өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Ресейдің Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етті. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Жалындап тұрған шағында нақақтан-нақақ өмірі қиылды.

(жалғасы бар)

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

  дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының  докторы,

  профессор, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.          

  Тараз.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер