Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер

       Screenshot_12.jpg                          

(Жалғасы)

 Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігер Гүлсім Асфендиарова (1880-1937) 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында дүниеге келген. Шамамен 1892-93 жылдары әкесі Сейітжапар Асфендиарұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназия­сына оқуға береді. Жер­гілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәре­жеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім, Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жыл­дары-ақ  медициналық білім алуды алдына мақсат етіп қояды.  Гүлсім Асфендиарова Петербор­дағы Қыздар медициналық институ­тына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқи­ды. 1905-07 жылдардағы орыс ре­волю­циясы тұсында Қыздар меди­ци­налық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петер­бург Мемлекеттік медициналық универ­ситеті) патша жарлы­ғымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы, 15 қазанда ашы­лып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина қызметкерлерін даярлаумен айна­лыса­тын тұңғыш оқу орны болатын. Гүлсім 1908 жылы дәрігер мамандығын алып,  сол жылдың 5 маусымда әскери-ме­дициналық ведомство бойынша №86 бұйрыққа сәйкес Гүлсім Асфендиарова Шымкент уезінің Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігерлері ретінде қызметке таға­йындалады.

Screenshot_13.jpgТемірлан дәрігер­лік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек еткен соң, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы, 15 қаза­нында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманған уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік дәрігер қызметіне ауыс­тырылады.  Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендиар ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожа­ның ерік танытуымен халыққа меди­циналық көмек ұйымдастыру шара­лары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа қаласының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталып, Гүлсім біраз жыл сол ауруханада  қызмет атқарады. Кейінірек Ташкентке ауысып, дәрігер-гинеколог болып еңбек етті. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиарова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиарова басқарып кел­ген Ташкент қаласындағы 30 орын­дық акушерлік-гинекологиялық ауру­хана­да және оның жанындағы амб­улат­орияда 1920 жылы медици­налық бөлімде 31 адам, ал шаруа­шылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жы­лы мамырда Тұрар Рысқұлов басқар­ған Түркістан өлкелік Мұсыл­ман бюросы Ташкент бөлімі­нің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфен­диарова перзентхана жанынан жергі­лікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетек­ші­лік етуді қолына алады. Сөйтіп, дәрігерлігімен қоса медбикелер дайындау ісіне де атсалысады. Қазақ қыздары арсынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім  Сейітжапарқызы  Асфендиарова  1937 жылы өмірден озып, Ташкентте  жерленген.


Screenshot_14.jpgБақтығали Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысының 5-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. 1902-1910 жылдары Орал реалдык әскер училищесінде оқыды. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетіне оқуға түседі. Алайда соғыстың басталуына байланысты 1917 жылы оқуын мерзімінен бұрын аяқтап Орал облыстық 13-Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесіне дәрігерлік қызметке жіберіледі. Бұл бір халық арасында жұқпалы аурулар таралып, халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен ауыр кезеңдер еді. Бақтығали Бисенов бар күш-жігерін халықтың денсаулық әлеуетін көтеруге, шалдыққан дерттерінен айықтыруға жұмсайды. Базартөбе ауылында 10 орындық емхананың салынуына мұрындық болады. Онымен тынбай оба, шешек, сүзекпен ауырған науқастарға арнап емхана жанынан монша, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар салдыртады. Жалпы аумағы бір гектар аумаққа картоп, басқа да көкөніс түрлері егіледі. Науқас балаларға сүт берудің пайдасын дәлелдеп жүріп сауын сиырлар бағу жұмысын қолға алады. Бұл жұмысы әрине нәтижесіз қалмайды. 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасына басшылық қызметке жіберіледі. Келесі жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мекте­бінің дәрігері, бір жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профилактика ісі жөніндегі инспекторы болып тағайындалады. Алайда Бақтығали Бейсеновты да өзгелер секілді себепсіз қуғын-сүргінге ұшырып, 1937 жылдары сталиндік репрессия тұсында НКВД-ның назарына ілігеді. Жүрген жерінің бәрінде «Алашорда» үкіметінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болды деген желеумен 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 10 жыл­ға еңбекпен түзеу лагеріне ай­да­­лады. Бірақ, кеңестік озбыр­лар алты ай азаптаудан соң, 1938 жылы 19 ақ­­панда «үштіктің» шешімімен атылып кетті.


Screenshot_17.jpgҚошке Кемеңгерұлы (Кемеңгеров Қошмұхамбет Дүйсебайұлы) - Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылында дүниеге келген.

Алғаш Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан дәріс алған. Мұнан соң Омбы приход школында, ветеринарлық фельдшерлік школда оқиды. 1913 жылы Омбы ауылшаруашылық училищесіне түседі. Осында жүріп қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы "Бірлікке" (1914-1918) мүше болып кіреді де оның үні – “Балапан” қолжазба журналына (1916-1918) редакторлық қызметін атқарады. 1917 жылы сәуірде Д.Әділұлы, С.Сейфоллаұлы және т.б. азаматтармен бірігіп, Ақмолада қазақ комитетін құруға атсалысады. Осы жылыАқмола облысы халық санағын жүргізуге қатысады. 1917 жылы күз-қыс айларында осы облыстаАлаш Орда комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. 1918 жылы "Бірлік" ұйымы "Жас азамат" ұйымы ретінде қайта құрылғанда, оның мүшесі және ұйым аттас газеттің редакторы болып сайланады. 1918 жылдың аяғында ауылшаруашылығы училищесін бітіріп, 1919 жылы Ақмола облыстық (Омбы) халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесіне нұсқаушы болып қызметке кіреді. 1919 жылы желтоқсанда Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтының медицина бөліміне оқуға түседі. Облыстық "Бостандық туы" (Омбы – Қызылжар) газетіне тілші ретінде қатысып тұрады. 1924 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. Ташкентте ол бірден қызметке араласып кетеді. Мұнда "Ақжол" газетінде, "Сана" журналында қызмет жасады. Сонымен бірге Орта Азия университетінде, Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ берді. Оның "Алтын сақина" пьесасымен 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ мемлекеттік ұлттық театрының ресми шымылдығы ашылған. 1924 жылы Мәскеуде басылған "Қазақ тарихынан" атты еңбегінде бодандық тұсындағы тарих зерделенген. Жазушы проза, драматургия, әдебиеттану, тілбілімі, педагогика саласына елеулі үлес қосты. 1930 жылы ОАМУ (САГУ) аспиранты болып жүрген жерінен М.Әуезовпен бірге тұтқындалды. Екі жыл Алматы абақтысында отырып, 1932 жылы Украинаның Валуйкіне жер аударылып, одан 1935 жылы босанды. Оған Омбының Шарбақкөліне тұруға рұқсат берілді. Осында аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет етті. 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, жалған айыппен 21 қарашада Омбы қаласында атылған.


Screenshot_16.jpgАққағаз Досжанова – Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгер қыздарының бiрi. Ол 1893 жылы Ақтөбе уезiне қарасты Бөрте болысының 5-шi ауылында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келдi. Анасынан ерте айрылып, ағасы Сағындықтың тәрбиесiнде өстi. Аққағаздың бiлiм алуына, дәрiгер деген қастерлi мамандықты таңдауына сол ағасының ықпалы зор. Ағасының  ақылымен ол  Орынбор гимназиясына оқуға түсiп, оны 1914 жылы үздiк бағамен бiтiрiп шығады. Бiлiмге құштар, оқуға зерек, зерделi қазақ бойжеткенi  Мәскеудегi жоғары әйелдер курсына оқуға түстi. Бірақ, өкінішке қарай, ауырып қалуына байланысты 1918 жылдың күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн жедел аяқтап, атамекенге оралады. Бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеп алған ол әрекетсiз отыруды жөн көрмедi. Мәскеуде бiрер жыл оқып келгенi бар, бiлiм нәрiне толық сусындап үлгермеген талапты жас қайтсе де бiлiм алуға, өнер үйренуге құлшынды. Сол жылы бiлiмге iңкәр оның арманы орындалып, Томскдәрiгерлiк институтына оқуға түстi. 1920 жылы тәуекелге бел буып, Ташкентке келiп Орта Азия жастарына арнап ашылған Түркiстан мемлекеттiк университетiнiң дәрiгерлер факультетiнде оқуын жалғастырады.Оқи жүрiп, өз мамандығы бойынша қызмет еттi. Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. 1922 жылы Аққағаз Досжанова Түркiстан мемлекеттiк университетiн тәмамдады. Дәрiгер мамандығын алған қазақ қызы  өз мамандығы бойынша гинеколог және педиатр болып халқына қалтқысыз қызмет еттi. А.Досжанованың өмір сүрген уақыты дәрігер мамандардың тым тапшы кезі еді. Сондықтан оның терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог секілді медицинаның бірнеше саласын қатар алып жүруіне тура келді. Күн демей, түн демей науқастарға көмек беріп, адам жанының арашашысы болды. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жаралы кеңес әскерлерін емдеуге де атсалысты. Осындай қиын-қыстау күндерде  дәрігер басқа халықтарға қарағанда қазақтардың өкпе ауруына көбірек шалдығатынын байқайды. Аққағаз қауіпті де жұқпалы сырқаттарға шалдыққан жандарды емдеп жүріп өзі де ауыр дертке шалдығады. 1932 жылы 21 қаңтарда небәрі 39 жасында Шымкент қаласында еңбек етіп жүріп көз жұмған.

        Өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн өзі таңдаған қастерлi мамандықтың туын түсiрмей өткен асыл тұлға қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де артына өшпестей жарық iз қалдырды. Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет етті. Ел жадынан шығып бара жатқан жақсыларымыздың есімін жаңғырту ретінде Аққағаз Досжановаға Ақтөбе қаласының бір көшесіне аты беріліп, медициналық университет жанына ескерткіш қойылған. 

      Есте болар бір мәселе, Аққағаз Досжанова көп жылдар бойы қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер делініп келді. Шындығында, Түркістан уни­верситетінің медициналық факульте­тін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Бұл маңызды оқиғаға «Тілші» газетінің қызметкерлері 1923 жылы 1 ақпанда «Аймақ ішінде» атты айдарда жұрт­шы­лықтың назарын аударып, үлгі ретінде көрсеткен. Оқуын аяқтаған­нан кейін, Гүлсім Асфен­диарова жетек­шілік еткен Ташкент қаласының пер­­зентханасына жұмыс­қа қабыл­дан­ған А.Досжанова Гүл­сімнің шә­кірті атанып, одан тәлім алған. 


Screenshot_15.jpgАлғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Иса Таумышұлы Қашқынбаев 1891 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен 2-ші жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1920 жылғы маусымның 21-індегі Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. 

Ол 30-шы жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы сәуірдің 23-інде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы желтоқсанның 1-інде түрмеден босатылды. Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 

Есімі қазақтың тұңғыштарының қатарында қалған Иса Таумышұлы 1948 жылы дүниеден өтті.


( Жалғасы бар...)

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының  докторы,

профессор, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.          

Тараз


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер