Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер

Screenshot_12.jpg

(Жалғасы)

Screenshot_6.jpgСовет өкіметінің лаңына ілігіп, жазықсыздан-жазықсыз атылған азаматтардың бірі – Асылбек Сейітов. Ол 1894 жылдың 22-қаңтарда Омбыда Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. 1911 жылы (он жеті жасында) Омбы қаласындағы ерлер гимназиясын бітіріп шыққан соң бірден Томск мемлекеттік университетінің медицина факультетіне түседі. Аталмыш оқу орнын 1916 жылы үздік деген бағамен тәмамдаған соң, Омбы қаласына уездік дәрігер етіп қызметке жібереді. Кейін Павлодар уезіне қарасты Баянауыл стансасына ауысып келеді. Ол жерде 1922 жылға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1922 жылдан бастап 15 жыл бойы ол Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Осы қызметте отырып ұлт игілігі үшін көптеген дүниелер жасады. Көптеген демалыс орындары мен сауықтыру орталықтары бой көтеріп жатты. Туберкулез дертіне шалдыққандарды емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлері осы Асылбек Сейітовтің бастамасымен және тікелей қатысуымен құрылғанын айта кету керек. Асылбек Сейітов Республика денсаулық сақтау саласының көр­некті ұйымдастырушысы ретінде танылып ҚазАССР-нің астанасы Орынбор қаласында өткен дәрігерлердің бірінші съезіне шақыртылады. Ұзамай яғни 1937 жылы Қазақ халықтық денсаулық сақтау комитетіне бөлім меңгерушісі болып қызметке ұсынылады. Алайда мемлекеттік қызметке көтерілгенімен дәрігерлік практикалық қызметін тастамай оны да бірге атқарып жүреді. Осындай жанкештілігінің арқасында Алматы қаласында арнайы емхана ұйымдастыру жұмысын ойдағыдай атқарып шығады. Керек болса, өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындап, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. 1937 жылдың 25-қарашасында №5 емхана деген атаумен тұсауы кесілген емдеу мекемесіне көпшіліктің бірауыздан қолдауымен Асылбек Сейітов бас дәрігер болып сайланады. Алайда ол өз қолымен құрған емхананы бар болғаны 5-ақ күн басқару бақыты бұйырған екен. Сол жылдың 1-желтоқсанында тұтқынға алынып, 10 жыл мерзімге хат алмасу құқығынсыз сотталады. Артынша «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, Кеңес аппаратын басып алу және орыстарды Қазақстаннан аластату жоспарларын талқылау жиындарына қатысушы, 1927 жылы Кеңес билігінің салықтық шараларын орындамаған, 1930-1933 жылы ауыл­да дәрігер болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, Алаш басшыларымен байланыста болып, Қазақстандағы контрреволюциялық мәселелерді талқылады» деген айыптар тағылып, репрессия құрбаны болып, ату жазасына кесілді.

Screenshot_13.jpgАсфендияров Санжар Сейтжапарұлы (20.10.1889-25.02.1938) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым-тарихшы, медицина профессоры, ұлағатты педагог. Ол 1889 жылы 20 қазанда бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы – Ташкентте, қазақ хандарының тікелей ұрпағы Сейітжапар (Жафар, Жағыпар) Асфендиярұлы мен Гуляндам Қасымованың отбасында дүниеге келген. Санжар - Әбілқайыр ханның ұрпағы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Түркістан губернаторы кеңсесінде əскери аудармашы қызметін атқарып, XIX ғасырдың 90-шы жылдары Ташкентке icсапармен алыс-жақын елдерден келген елшілерді қабылдау, орналастыру сияқты дипломатиялық істермен айналысып, Түркістан өлкесінің түpкi-мұсылман халықтары үшін жоғары əскери атақ болып саналған – полковник шеніне ие болған азамат. Сауатты, көзі ашық Сейітжапар Асфендиярұлы өз балаларын оқытуға тырысқан. Екі қызы Гүлсім мен Аннель – Ташкент қыздар гимназиясында, төрт ұлы Ташкент реалды училищесінде білім алған. 

Сейітжапардың кенже ұлы Санжар 1898 жылы Ташкент қаласындағы әскери реалдық училищеге оқуға түсіп, 1907 жылы 5 маусымда училищені үздік тәмамдайды.  Одан әрі дәрігерлік мамандығын таңдауға дәрігерлік қызметте жүрген әпкесі Гүлсімнің әсері болып, білімін жалғастыру үшін Ресейге асып, С.-Петербургтағы әскери-дәрігерлік академиясына түседі. Ол онда әскери министрліктін теңіз ведомствосының стипендиясына оқып, 4 жыл қатардағы әскерде қызмет етуге міндеттелінді. Ресей империясының астанасы болған Петербор қаласында ол Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды ұлттық тұлғалармен танысқан. Дума депутаты Серәлі Лапиннің қызы Рабиғаны кездестіріп, кейін оған үйленеді. Рабиға Смольныйдағы текті қыздар институтында оқыған, еуропалық мәдениетті бойына сіңірген қазақ бойжеткені болатын.

Талантты, зерек те зерделі қазақ жігіті 1912 жылы академияны дәрігер-лейтенант шенінде алтын алқамен үздік аяқтағаннан кейін Түркістандағы Термез алқабында орналасқан 10-шы Түркістан атқыштар батальонына жіберіледі. Артынан 9 полктың аға дәрігері қызметін атқарады. Жас полк дәрігері емдеу жұмыстарымен ғана айналыспай, халық мүддесі үшін үлкен қызмет атқарды. 

1914 жылдың тамызында ол бірінші дүниежүзілік соғыстың Шығыс майданыны аттандырылып, ондағы жараланған солдаттарға медициналық көмек көрсетеді. 1918-19 жылы С.Асфендияров аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссиясының Сырдария облысы бөлімшесін басқарды. 1919 жылы денсаулық сақтау халық комиссары, 1920 жылы Түркістан АКСР көгеріс су шаруашылығының халық комиссары болып тағайындалады. 1928 жылдан бастап 1933 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып қайта құрылған Қазақ мемлекеттік университеттінің алғашқы ректоры, Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, Алматы медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931-33) қызметтерін атқарды. С.Асфендияров осы институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен біргеанатомия, қалыпты физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін және хирург кафедралар ашты. Ол жұқпалы аурулармен күреске, аурулар мен қауіпті індеттердің алдын алу шараларына, халыққа ақысыз дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медециналық көмек ісін ұйымдастырды. Орта дәрежелі оқу орындарында, қысқа мерзімді арнаулы курстарда әртүрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды.

Screenshot_11.jpg

Санжар Асфендияров зайыбы Рабиғамен

С.Асфендияровтың қызметі әрқашанда Қазақстандағы және Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістермен байланысты болды. Басқарушы қызметкер бола жүріп, ол тұрмыс ерекшеліктерін, Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті мөселесі жөнінде жақсы білетін еді. Осы қабілет-біліміне сай 1921 жылдан 1922 жылға дейін С,Асфендияров Түркістан республикасының Мәскеудегі өкілі, сонымен қатар РСФСР Кеңхалкомы үлттық мәселе жөніндегі коллегиясының мүшесі болды.

Ол Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген белгілі ғалым. Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерту институтының тарих секторының меңгерушісі,1933-37 жылдары КСРОҒА-ның Қазақстандық базасы, кейін оның бөлімшесі орынбасары қызметтерін атқарды. С.Асфендияровтың Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы жөнінде ашық айтылған, орташылдықты әшкерелеген тарихи шығармаларын оқуға тыйым салынды. Ол саяси көзқарасы сенімсіз деген жаламен 1938 жылы ұсталып, ату жазасына кесілді. Жұбайы Рабиға да КарЛАГ-та 5 жыл айдауда болды. 1958 жылы 26 мамырда С.Асфендияров ақталып, 1990 жылы Алматы медициналық институтына оның есімі берілді.

Screenshot_7.jpgКөсепқалиев Дәулетшах Жүсіпұлы (1870-1944 ж.ж.) да жоғарғы білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорда қайтаркері. Ол  Екатеринослов уезі, Старосербск қаласында дүниеге келген. Тегі - Төре, соның ішінде Нұралы хан тұқымы. 1887 жылы Орынбор гимназиясына түсіп оқып, оны аяқтаған соң 1896 жылдары Москва университетінің медицина факультетіне түседі. Оқуын бітірісімен Орал губерниясының Жымпиты уезіндегі учаскелік (25 төсектік) ауруханасына дәрігер болып келеді. Жымпиты ауруханасы медициналық көмек көрсету үшін қазақ жерінде ең алғаш1894 жылы ашылған үш аурухананың бірі болатын. Ол кезде де жоғары білімі бар дәрігер болмаған бөлімдерде орта буынды медицина қызметкерлері  еңбек етті. Өлеңті, Қызылқоға, Ойыл, Сүрелі, Есбол, Қара бау, Сламихын, Керімақас, Қайығайшы, Жымпиты, Қиыл, тағы басқа болыстарға дәрігер етіп жұмысқа жіберіледі. Онда Дәулетшах тек дәрігерлік жұмысын атқарып қана қоймай, қара қазақтың сауатын ашуда өзінің зор үлесін қосады. Ол Керімақаста II жылдық орыс-қырғыз мектебін ашуда белсенді қайраткердің бірі болады. мағлұмат ала аламыз.

Дәулетшах 1912 жылы Жымпиты ауруханасына қайта оралады. Ол аурухананың меңгерушісі ғана болып қоймай, емдеумен бірге ауруды алдын ала болдырмау шараларын жүзеге асыруда алғашқы бастамашы болған. Әсіресе оба, шешек ауруларымен күресте өте көп еңбек сіңірген. Батыс Қазақстан денсаулық сақтау ісінің ірі қайраткері А.В. Гекке 1915 жылы Жымпиты ауруханасының дәрігері Дәулетшахтың болыс территориясында обаның өршіген уақытында қалай еңбек еткені жәйлі былай деп естелік айтқан: «Оба эпидемиясы кезеңінде медицина қызметкерлерінің тұрмыс жағдайы өте төмен дәрежеде болды, қажетті жихаздар жетіспейді. Күнделікті сапасыз даярланған тамақ пен кермек су асқазан ауруына шалдықтырады. Бір орыннан екінші орынға жайдақ не арбамен жету осының бәрі дәрігердің денсаулығына үлкен әсер етеді. Медицина қызметкерлеріне жағдай туғызу төмен дәрежеде еді",-деп жазды. 1921 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты ол республика денсаулық сақтау комиссиясына демалысқа шығуы жайлы өтініш білдіруге мәжбүр болады. Оның өтінішіне «Жасыңыздың егделігі, денсаулығыңыздың нашарлығы денсаулығыңызға негіз бола алады, алайда қырғыз өлкесі халықтарына санитарлық- медициналық көмек көрсетудегі қиын жағдайлар өзіңіз сияқты тәжірибелі, тіпті шамалы ғана маманданған, жаңа тәжірибе жиған дәрігерлердің тапшылығын ескере отырып, алдағы уақытта өз халқыңызға мүмкіндігіне қарай қызмет етуден тартынбайды деп қырғыз денсаулық сақтау халық комиссариаты Сізге сенеді», - деп жауап беріледі.

Screenshot_10.jpg

Жымпитыдағы (қазақ жеріндегі тұңғыш) аурухана. Сол жақта дәрігер Дәулетшах Көсепқалиев және оның  жұбайы мен қызы (1914-16 ж)

Ол өз денсаулығының нашарлығына қарамастан халыққа медициналық қызмет көрсетуде аянбай еңбек етеді. Д.Күсепқалиевты қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына, біріншіден, өзі оқыған Ресейдегі саяси жағдайлар әсер етсе, екінші жағынан, оның өзінің шыққан ортасы, қазақ қоғамындағы болып жатқан өзгерістер әсер етпей қоймады. Сол замандағы саяси аласапыран барысында айналасындағы көзі қарақты зиялы қауыммен араласуы, оның өмірінің түбегейлі тарихи бетбұрысын өзгертті. Ел үшін маңызды шешімдер қабылданған жауапты кезеңде қайраткер Д. Күсепқалиев зор үлес қосты. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ол 1920 жылдың наурызынан бастап Оренбург қаласындағы революциялық комитеттің денсаулық сақтау басқармасының санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің басшысы болып еңбек етеді. Көсепқалиев Дәулетшах 1928 жылы күзде «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі жаламен тұтқындалды, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылады. 1929-1934 жылдары Алматыда республикалық венерологиялық диспансерде дәрігер қызметін атқарады. Әрі Алматы ауыл шаруашылық институтында оқытушы болды. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең аудандық ауруханасының, Семей облыстық Абай аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Содан ол Жетісуға оралып, Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында әртүрлі дәрігерлік жұмыс істейді. Дәулетшах Көсепқалиев 1944 жылы Семей облысында қайтыс болады.

     Screenshot_8.jpg Алаштың ұмыт қалған бір арысы, қазақтың тұңғыш фельдшер-дәрігері Жәкула Күшікұлы (1863-1933).  Ол еліміздің Тарбағатай өңірінің перезенті. 1885 жылы Омбы фельдшерлік училищесін тәмамдап, Жетісуға, одан генерал-губернатор Колпаковсийдің бұйрығымен Қырғызстандағы Қаракөлге (Прежевальскіге) әскери қызметке жіберіледі. Сол аймақтағы халыққа медициналық көмек көрсетіп, ем-дом жүргізіп, тіпті, хирургиялық оталар жасады деген мәліметтер бар. Елді жайпаған сүзек, тырысқақ, қорасан, шешек және т.б. жұқпалы ауруларымен күресіп, санитарлық-ағарту қызметіне белсенді араласып, аянбай еңбек етіп, елдің ризашылығына бөленеді. 1909 жылы өзінің туып-өскен жері Тарбағатай-Зайсанға оралып, біраз жыл фельдшерлік пункте қызмет атқарады, ел-жұртының қиын кезеңінде аянбай еңбек етті. Білімді, көзі қарақты Жәкула 1913 жылы Өкпектіге болыс болып сайланып, сол қызметті он жылға жуық абыроймен атқарды. Өзінің қара қылды қақ жарған әділдігімен, халыққа жасаған қамқорлығымен ел құрметіне бөленді. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Адалдық пен әділдік, халыққа қалтқысыз қызмет ету – сол кездегі қазақ оқығандарының көбіне тән қасиет еді. Жәкула ел басқарып жүргенде Семейдегі ұлт қайраткерлерімен тығыз байланыста болды, ұлтының болашағын ойлады. 

    Жәкуланың немере інісі Әбілмәжін Күшіков ғасыр басында сонау Еуропадан Варшава университетін бітіріп келді. Кейін бұл екеуі де «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелері болып, ұлттық-азаттық саяси қозғалысына араласты.  Өкінішке қарай, Әбілмәжін 1937-жылы «халық жауы» атанып, әріптестерімен бірге атылып кетті. Ал, Жәкула кампеске кезінде жер-жерде бұрқ ете қалған шаруалар көтерілісіне іштартты деп айыпталып, Әулиеатаға жер аударылады. Бірақ, қиындыққа төзімді ол одан қашып шығып, кері Семейге жетеді. Одан Шұбартау-Шыңғыстау өңірінде ұйымдастырылған «Аллах» ұлт-азаттық қозғалысына қатысады. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасы 1930-шы жылдарың басында бүкіл әулетімен шекара асып, Қытайға жетіп, Шығыс Түркістан аймағын паналаған. Шауешектегі  дүнген көтерілісі-қақтығысу кезінде жарадар болғандарға дәрігерлік көмек көрсете жүріп, көтерілісті жаншулардың  оғы тиіп, сол жерде қаза табады. Оның өмірі мен еңбегіне арналған "Жәкула және оның заманы мен замандастары", жазушы Қ.Жұмаділовтің «Жәкуланың қызылтасы» атты кітаптары және документалды фильм оның 150 жылдық мерейтойына арналып 2013 жылы жарыққа шықты. Жәкула Күшікұлы - өз уақтында  халықтың саналы тобынан шыққан белгілі тұлға.

     Screenshot_9.jpgӘбубәкір Алдияров 1881 жылы Торғай об­лысы,  Қостанай уезі Сарыой бо­лыстығына қарайтын №10 ауыл­­да өмірге келеді. Әкесі Бер­мұхамед  ұлына орыс білімін беруді жөн санап, Әбубәкірді қазақтың белгілі ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин ұйымдастырған Қос­танайдағы екі сыныпты мектепте, сонан соң Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқытады. 1899 жылы Қазан императорлық уни­верситетінің медицина фа­куль­тетіне қабылданып, генерал-адъютант Н.А.Крыжановский атандағы степендиямен оқыған. Ол бұл оқу орнын 1904 жылы күміс ме­дальмен тәмамдайды. Елге оралған  ол Ақтөбе, Қостанай өңірінде  және Троицк қаласында дәрігер болып қызмет атқарды. 

Әбубәкір Бермұха­медұлының азаматтық ұстанымы сынға түскен сәт 1916 жылғы ала­са­пыран оқиғалар тұсы еді. Ол 1916 жылы қазақтың тұңғыш заңгері Ж.Сейдалиннің қызы Ажарға үйленіп, жұбаймен Белоруссияға (Пинск қаласына) әскерге емес, қара жұмысқа алынған, сызды жерлерде окоптар қазып, ашып-арыған қазақтар арасына өз еркімен барып, дәрігерлік қызмет етеді, Халықаралық Қызыл Крест қоғамында жұмыс істеді. Одан оралып Тройцк қаласының  ауруханасында және соттық-медици­на­лық бюрода дәрігер болып істеді. 1917 жылдан бастап ол Алаш қозғалысына белсене араласты. Сол жылы болған 1 және 2 жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорданың Қостанай уезі комитетінің төрағасы және Торғай облысы комитетінің мүшесі болды. Көп ұзамай ол қуғын-сүргінге ұшырып, абақтыға жабылады. Кеңес өкіметі тұсында Ә.Алдияров өмі­рі­нің осы кезеңіне байланысты  ол РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөліміне жолдаған  шағым-хатын­да мынадай жағдайды баяндайды:«1919 жылы мемлекетті аштық жә­не эпидемия жайлаған Азамат со­ғысы жағдайында Троицкідегі 3-ші свод­тық госпитальда бөртпе, іш және қайта­лама сүзегімен ауырған 900 қызыл әскерді емдеу ісімен ай­на­лысқан дәрі­гер­лердің бірі жұқ­қан дерттен өліп, ал екіншісі сол дерт­пен ауырып жатып қал­ғанда, сол дәрі­герлердің орнында жалғыз қалып, қауіпті эпи­демия­лық  дертпен күрес жүргізіп, жеңіп шық­тым.

Осы атқарған жұмыстарымды санамалап отыруға мәжбүрлеген жағ­дай менің ешқандай да негізсіз сотқа тартылуым еді, сот орындары  менің ширек ғасырлық тозақ отында­ғыдай дәрігерлік ауыр ең­бе­гімді тура бағалап, Қылмыс  Ко­­­дексінің 169.2 бабы бойынша жүргізіліп отырған істен ақтап ала ма ­деген үміт еді», - деп жазады дәрігер Әбубәкір. 

Халықшыл азаматтың артына түскен НКВД онған тыныштық бермей, Алаш қозғалысына белсене араласқаны үшін 1928 жылы Өскеменге жер аударды. Қудалаудан құтылармын деген үмітпен Қырғызстанға барып, бір-екі жыл (1936-38) Қаракөлде (бұрынғы Прежавальск) жұмыс істеді. Одан ел-жұрт тыныштанған болар деп елге ора­лып, Жамбыл қаласындағы темір жол ауруханасында дәрігерлік қызметке кіріседі. Бәрібір НКВД қызметкерлері  1938 жылдың  2 қаңтар  айында «халық жауы» деген жаламен ұстап,  Алашорда құрған әскерде «полк дәрігері қызметін атқарып, гигиена  тақы­ры­бына дәрістер оқығаны үшін» деген айып тағылып, «үштіктің» шешімімен  58-10 баппен Жамбыл қаласында атылды. Сөйтіп, бұл асыл азамат та репрессия құрбанына айналды.

 Осы кезде «Не үшін?» деген сұрақ еріксіз тілге келеді. Бірақ, Кеңес заманы тұсында, біздің халқымыздың басында осындай қаралы замандар бол­ғанын жасырмаймыз. Ой таразысынан өткізсек, сол жылдары репрессияға ілінбеген сол тұстағы қазақтың білімді, сауатты, зиялы ұлдары бірен-сараң. Қатігез күштер ұлтымыздың бетке ұстар көзі ашық, көңілі ояу азаматтарының сағы мен рухын сындырып, санасын улады, басын жалмады. Қайран, арманда кеткен қазақтың боздақ ұлт асылдары-ай!  Құдай-ау, осындай ұлт білімділерінің өмірі неге трагедиялық жағдаймен аяқталды екен? Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің басым көпшілігінің  репрессияға  ұшырауын немен түсіндіруге болады? Уәж айту қиын...

Олардың жүріп өткен өмір жолынан өз кәсі­бін сыйлайтын  және оны сүйген, сол арқылы еліне, Отанына жан-тәнімен беріле қызмет жасағандығымен  таныса отырып, олардан  алғашқы  қазақ зиялы қауымының ауыр тағдырын  көргендей бо­ламыз. Өкініш өзек өртейді. Олардың өмірін күр­делендіріп, қайғылы тағдырға айналдырып жіберген сол кездегі билік жүйе­сі екендігін еріксіз мойындайсыз.

ХХ ғасыр басында Ресейдің жо­­ғары оқу орындарында білім ал­ған алғашқы санаулы қазақ жастарының аза­маттық ұстанымы тұрғысынан хал­­қына жақын болды, олардың әр­қай­сысы елінің болашағына өз өмір­ле­рін арнауға даяр тұрды, ұлтын сүйді, халқына адал қызмет етуді мақсат етті. Олардың басым көпшілігі, өкінішке қарай, заман қасіретіне ұшырып, жалған жаламен қуғын-сүргінге түсіп, жөнсіз сотталып, жер аударылып, лагерлерде отырып, жазықсыз оққа ұшты. «Әттең... Әттең...» деген өкініш кімнің болмасын жүрегін сыздатып,  кеудесін қысады. 

Кейінгі ұрпақ елдің өткен та­рихында, күрделі де сын кезеңі­н­де жоғарыда біз есімдерін атаған халқымыздың абзал азаматтары - алғашқы қазақ дәрігерлерінің есімдерін ұмыт­паса екен деген ниетпен осы мақаланы қағазға түсірдік. Олардың әрқайсысы жөнінде бөлек-бөлек, көлемді мақала, хикаят жазып,  деректі фильмдер дайындауға болар еді деген ой қаузаймыз. Сәті түсіп жатса, ертелі-кеш ол да болар...

Ұмытпайық оларды, қаперімізге сіңдіріп, әркез есімізде жаңғырып тұрсын. Олар оған әбден лайық.

     Сағындық ОРДАБЕКОВ,

      дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының  докторы,

      профессор, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.                                                                                                                  

      Тараз.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлер