Қазақтың алғашқы әйел дәрігерлері

           Screenshot_7.jpg

Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары туралы айтқанда ойымызға бірден Гүлсім Асфендиарова мен Аққағаз Досжанова оралады. Анығында медициналық оқу орнын бітіру реті бойынша Жанкүміс Байғозина (1885 жыл, Омбы әскери акушерлік мектебі), Гүлсім Асфендиарова (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Зейнеп Садыққызы (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Мүбина Ниязова (1917 жыл, Саратовтағы тіс дәрігерлері мектебі), Аққағаз Досжанова (1922 жыл, Ташкент университетінің медицина факультеті) болып жалғасады. Осы тізімдегі ел көп біле бермейтін қазақтың дәрігер қыздарларының бірі – Зейнеп Әбдірахманова және Мүбина Ниязова.

Еуропадағы қыздарға арналған ең алғашқы медициналық оқу орны – Қыздар медицина институты 1897 жылы Петерборда ашылды. Орыс шенеуіктері секілді, қазақтың шен-шекпенділері де қыздарын осы оқу орнына түсіруге тырысты. Алайда оқуға қабылданудың жолы қиын еді. 1902 жылы Түркістан генерал-губернаторы түркістандық қыздардың Қыздар медицина институтында оқуы үшін 10 степендия тағайындады. Соның екеуіне генерал-майор Сейітжаппар Асфендияровтың қызы Гүлсім Асфендиярова (1880-1937) мен подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызы (1881-1969) ие болды. Енді олардың еңбек жолына, тағдырына көңіл бөлелік.

Screenshot_5.jpgҚазақ қыздарынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Гүлсім Асфендиарова (1880-1937) деп құрметпен атаймыз. Ол 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында генерал-майор С.Асфендияровтың отбасында дүниеге келген. Шамамен 1892-93 жылдары әкесі Сейітжапар Асфендиарұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді. Жергілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәрежеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім, Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жыл-дары-ақ медициналық білім алуды алдына мақсат етіп қояды. Гүлсім Асфендиарова Петербордағы Қыздар медициналық институ-тына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқиды. 1905-07 жылдардағы орыс революциясы тұсында Қыздар медициналық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік медициналық университеті) патша жарлығымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы, 15 қазанда ашылып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина қызметкерлерін даярлаумен айналысатын тұңғыш оқу орны болатын. Гүлсім 1908 жылы дәрігер мамандығын алып, сол жылдың 5 маусымда әскери-медициналық ведомство бойынша №86 бұйрыққа сәйкес Шымкент уезінің Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігерлері ретінде қызметке тағайындалды.

Темірлан дәрігерлік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек еткен соң, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы, 15 қазанында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманған уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік дәрігер қызметіне ауыстырылды. Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендиар ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожаның ерік танытуымен халыққа медициналық көмек ұйымдастыру шаралары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа қаласының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталып, Гүлсім біраз жыл сол ауруханада қызмет атқарады. Кейінірек Ташкент шаһарына ауысып, дәрігер-гинеколог болып еңбек етті. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиарова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиарова басқарып келген Ташкент қаласындағы 30 орындық акушерлік-гинекологиялық ауруханада және оның жанындағы амбулаторияда 1920 жылы медициналық бөлімде 31 адам, ал шаруашылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жылы мамырда Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан өлкелік Мұсылман бюросы Ташкент бөлімінің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфендиарова перзентхана жанынан жергілікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етуді қолына алады. Сөйтіп, дәрігерлігімен қоса медбикелер дайындау ісіне де атсалысады. Қазақ қыздары арсынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім Сейітжапарқызы Асфендиарова 1937 жылы өмірден озып, Ташкентте жерленген.

Screenshot_6.jpgЗейнеп Садыққызы Әбдірахманова (Тамбиева) 1881 жылдың 20 қарашасында Ташкентте ауқатты отбасында (әкесі әскери қызметкер – подполковник болған) дүниеге келген. 9 жасында Ташкент қыздар гимназиясына қабылданып, 1899 жылы 17 жасында оны үздік бітірген. Одан әрі Түркістан генерал-губернаторының степендиясымен Петербордағы Қыздар медицина институтына оқуға түсіп, оны 1908 жылы үздік дипломмен тәмамдаған. Одан кейін елге оралып, Түркістан облысына қарасты Ханабад, Қорғантөбе (Ош маңы) мекендерінде учаскелік дәрігер болып қызмет атқарған. Ол кезде қазіргідей емес, дәрігерлік өте ауыр қызмет болғаны белгілі. Әсіресе дәрігер, фельдшер қыз-келіншектерге тіптен ауыр еді. Аймақтағы жұқпалы аурулардың таралуы, балалар дертінің жиілеуі, өлімнің көптігі Зейнепті одан әрі ширата түскен болатын. З.Садыққызы ел-жұртышылықты тазалық, денсаулық сақтауға шақырып, ел ризашылығы мен ықыласына бөленді.

Петерборда бірге жоғары медициналық білім алған құрбысы Гүлсім Асфендиярованы бүгінде қазақ зиялылары біледі, оны қазақтың тұңғыш дәрігер қызы деп құрметтейді. Алайда Гүлсіммен қатар оқыған, медицина саласының дамуына ерен үлес қосқан Зейнеп туралы мәлімет жоқтың қасы. Неге? Зейнеп институтты бітіргеннен кейін Түркістан аймағында (қазіргі Ош қаласы маңында) екі жылға жуық дәрігер болып қызмет  істеп, Бакудегі сіңлісі Хадишаның ұсынысымен Әзірбайжан барған. Кейінгі барлық өмірі сол сырт жерде өтті.

Оның Хадиша деген сіңлісі Зейнеппен бірге Ташкент қыздар гимназиясында, кейін Петербордағы пединститутта оқыған. Міне, сол Хадиша бір газеттен атақты миллионер, меценат Зейналабдин Тағиев өзінің мектебіне білімді мұсылман қыздарды іздеп жатқаны жайлы хабарламаны оқып сонда қызметке барған. Хадиша Бакуге барғаннан кейін Тағиев мектебінің мұғалімі болып қызметке орналасқан. Зейналабдин Тағиев Хадишадан Түркістан аймағында өзі секілді оқыған әпкесі бар екенін естіген. Сөйтіп Зейнепті Бакуге шақырған. Осылайша Зейнеп те Бакуге барып, Тағиевқа қарасты фабрикалар мен өндіріс орындарының жұмысшыларын емдеуге кіріскен (Бұл туралы Зейнептің жиені Хуршид Агаеваның естелігінде айтылады). Ұзамай Зейнептің есімі білікті маман, тәжірибелі дәрігер, зерттеуші ғалым ретінде шыға бастады. Сөйтіп жүріп Зейнеп ағайынды Нобельдердің және Тағиевтің мұнай компаниясында жұмыс істеп жүрген жас жігіт, кейін қабардынның белгілі қайраткері, үлкен ғалымына айналған Паго Тамбиевтің көзіне түскен. Адыгей ғалымы, профессор Раиса Хашхожева былай деп жазады: «1909 жылы Бакуде Тамбиев отставкадағы подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызымен танысты. Зейнеп оқу орнын аяқтаған соң алыстағы Ферғана облысының Ош қаласында бірнеше жыл жұмыс істеді. Пагоның Зейнепке жазған хаттарынан жылылық пен мейірім есіп тұратын. Ол Зейнепке өзінің жүрек түпкіріне жасырған ойлары мен сырларын бөлісетін. Ол Зейнеп ханымның бойынан тамаша кеңесші һәм көмекшіні көрді. Сөйтіп екеуі 1912 жылы үйленіп, көңіл жарастырды. Паго Тамбиев хатында Зейнеп жайлы былай дейді: «Менің үмітім де, тірегім де – Өзіңізсіз. Сіз жанымда болсаңыз, ешқандай кедергіден қорықпаймын». Шынында Зейнеп жарының қабарды халқын сауаттандыруға бағытталған барлық жұмысына қолдау білдіріп, қайраткерлік қырын танытуына, ойлары мен талпыныстарының іске асуына бар мүмкіндік жасады» (Серікбол Хасан).

Осылайша Зейнептің ары қарайғы тағдыры жары Паго Тамбиевтің қызметімен қатар өрілді. Екеуі 1914 жылы Грозный, 1917 жылы Нальчикте қызмет істеді. 1913 жылы тұңғыш қыздары Сағадат, ал 1915 жылы екінші қызы Ләйлә дүниеге келді.

1917 жылы Нальчик ауруханасында әскери лазарет құрылып, соғыста жараланған офиферлер мен солдаттар жеткізілді. Бұл кезде Нальчик қарапайым ғана қалашық болғанымен, табиғаты ерекше көз тартатын еді. Мұндағы лазаретте соғыста жараланған, газдан уланған, өкпе дертіне шалдыққандар емделді. Азаматтық соғыс асқынған тұста да бұл емдеу орнында жаралаған қызыләскерлерге де, ақгвардияшылдарға да медициналық көмек көрсетілді.

Қабарды-Балқардың Парламенті шығаратын «Кабардино-балкарская правда» газетінің 2018 жылғы №88 санында Анна Халишхованың «Инженер, фольклорист и педагог» деген мақаласы жарияланған. Сол мақалада «1917 жылы Тамбиев Нальчикте тұрақтап, осы жерден ғылыми зертхана ашуды жоспарлады. Жары Зейнеп Нальчик ауруханасына жұмысқа тұрды. 1920 жылдың мамырында Қабарды-Балқарда совет билігі орнағаннан кейін Зейнеп осы аурухананың әйелдер бөлімінің меңгерушісі болды» деп жазылған.

Зейнеп жайлы мәліметтер Қабарды-Балқар үкіметінің «Горянка» газетінде де жарияланған екен. «Горянка» газетінің 2017 жылғы №48 санында Шешен мемлекеттік университетінің медицина институтының профессоры Тахуз Ахмадовтың «Первая женщина-врач в жизни кабардинцев и балкарцев» деген мақаласы жарық көрген. Сол мақалада да Зейнеп Садыққызының өміріне қатысты біраз дерек келтірілген. Тахуз Ахмадовтың жазуынша, ол 1912 жылы Баку қаласы маңында дәрігер болып қызмет етті. Ақпан төңкерісінен кейін, 1917 жылдың көктемінде Тамбиевтер Тверь облысының Нальчик қаласына қоныс ауыстырды. Мұнда Зейнеп Садыққызы қабардының белгілі дәрігерлері Б.Шогенов (1875-1928) және И.Шаковпен бірге Қабарды коғамдық ауруханасында қызмет етті.

1920 жылы Қабарды-Балқарда совет билігі орнағаннан кейін, жергілікті әскери лазарет жабылды. Сөйтіп Зейнеп Тамбиева округ (кейін облыстық) ауруханасының әйелдер бөлімінің меңгерушісі болды. Балқардың белгілі дәрігері И.Абаев (1888-1930) және басқа да әріптестерімен бірге қалалық денсаулық сақтау ұйымын құрушылардың және эпидемияға қарсы күрес жүргізгендердің бірі болды.

Зейнеп Садыққызы Қабарды-Балқардағы тұңғыш әйел және мұсылман дәрігер еді. Ол татар тілін жетік білетін, балқарлармен еркін сөйлесетін. Оны әсіресе ер-азаматтарға қаралудан бас тартқан науқас әйелдер қатты құрметтеді. Олар өздерін мазалаған дертін әйел дәрігерге ашық айтып, жазылудан үміт етті. Зейнеп оларға мейірімі мен қолдауын аямады» - деп жазады Тахуз Ахмадов.

Әзірбайжан КСР құрылғаннан кейін, 1923 жылы Паго Тамбиев Бакуге оралады. Зейнеп Әбдірахманова Бакудегі қалалық емханалардың біріне қызметке орналасты. 1927 жылдың 12 маусымында Паго Тамбиевтің үстінен жала жабылып, абақтыға қамалып, тергеуге алынды. Алдымен Махачкала, кейін Ростов-на-Дону түрмелерінде ұзын-сонар тергеуде болды.

Зейнепке жазған соңғы хаттарының бірінде: «Қадірлі Зейнеп! Бәрін алдым... Денсаулығым маңызды емес. Дерт меңдеп алды. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Бірақ қан түкіріп тоқтар емеспін. Дәрігерлер бұдан қорқатын ештеңе жоқ дейді. Тезірек өзіңмен жүздескім келеді. Алаңдаудың қажеті жоқ. Өзіңнің П.Тамбиевің». Осы хатында ол Зейнепке екі қызына тәрбие бергені үшін ризалығын білдірген. Соған қарағанда, өлетінін, сірә, білген болуы керек. Қабарды жұртының қайраткер ұлы Паго Тамбиев 1928 жылдың 13 наурызында осы Ростов-на-Дону түрмесінде көз жұмды. Жарынан жесір қалған Зейнеп тағдыр тауқыметін аз тартпады. Күйеуі «халық жауы» болғаны үшін, Зейнепті медициналық мекемелерге жақындатпады. Сөйтіп ол қара жұмыс істеп, күн көрді. Ол аздай 1932 жылы кіші қызы Ләйла дүние салды. Арада он жыл өткенде ғана, 1936 жылы емханада қызмет етуге рұқсат алды. Сөйтіп осы жылдың наурызында Зейнеп Садыққызы Бакудегі №3 қалалық емханаға дәрігер-гинеколог болып жұмысқа тұрды. 1957 жылы осы жерден зейнетке шығып, Мәскеуде тұратын үлкен қызы Сағадаттың қолына көшіп барды.

Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер қыздарының бірі Зейнеп Әбдірахманова 1969 жылдың 14 қарашасында Мәскеуде дүниеден озды. «Ол өмірінің жарты ғасырын денсаулық саласына арнады. Түркістан аймағы, Қабарды-Балқар, Әзірбайжанның медицинасын дамытуға бір кісідей үлес қосты. Қай жерде қызмет етсе де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді, өзінің жиған білімі мен тәжірибесін халықтың денсаулығын нығайтуға жұмсады», - дейді Серікбол Хасан өз мәліметтерінде.

Screenshot_4.jpgАққағаз Досжанова – Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгер қыздарының бiрi. Ол 1893 жылы Ақтөбе уезiне қарасты Бөрте болысының 5-шi ауылында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келдi. Анасынан ерте айрылып, ағасы Сағындықтың тәрбиесiнде өстi. Аққағаздың бiлiм алуына, дәрiгер деген қастерлi мамандықты таңдауына сол ағасының ықпалы зор. Ағасының ақылымен ол Орынбор гимназиясына оқуға түсiп, оны 1914 жылы үздiк бағамен бiтiрiп шығады. Бiлiмге құштар, оқуға зерек, зерделi қазақ бойжеткенi Мәскеудегi жоғары әйелдер курсына оқуға түстi. Бірақ, өкінішке қарай, ауырып қалуына байланысты 1918 жылдың күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн жедел аяқтап, атамекенге оралады. Бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеп алған ол әрекетсiз отыруды жөн көрмедi. Мәскеуде бiрер жыл оқып келгенi бар, бiлiм нәрiне толық сусындап үлгермеген талапты жас қайтсе де бiлiм алуға, өнер үйренуге құлшынды. Сол жылы бiлiмге iңкәр оның арманы орындалып, Томскдәрiгерлiк институтына оқуға түстi. 1920 жылы тәуекелге бел буып, Ташкентке келiп Орта Азия жастарына арнап ашылған Түркiстан мемлекеттiк университетiнiң дәрiгерлер факультетiнде оқуын жалғастырады.Оқи жүрiп, өз мамандығы бойынша қызмет еттi. Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. 1922 жылы Аққағаз Досжанова Түркiстан мемлекеттiк университетiн тәмамдады. Дәрiгер мамандығын алған қазақ қызы өз мамандығы бойынша гинеколог және педиатр болып халқына қалтқысыз қызмет еттi. А.Досжанованың өмір сүрген уақыты дәрігер мамандардың тым тапшы кезі еді. Сондықтан оның терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог секілді медицинаның бірнеше саласын қатар алып жүруіне тура келді. Күн демей, түн демей науқастарға көмек беріп, адам жанының арашашысы болды. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жаралы кеңес әскерлерін емдеуге де атсалысты. Осындай қиын-қыстау күндерде дәрігер басқа халықтарға қарағанда қазақтардың өкпе ауруына көбірек шалдығатынын байқайды. Аққағаз қауіпті де жұқпалы сырқаттарға шалдыққан жандарды емдеп жүріп өзі де ауыр дертке шалдығады. 1932 жылы 21 қаңтарда небәрі 39 жасында Шымкент қаласында еңбек етіп жүріп көз жұмған.

Өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн өзі таңдаған қастерлi мамандықтың туын түсiрмей өткен асыл тұлға қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де артына өшпестей жарық iз қалдырды. Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет етті. Ел жадынан шығып бара жатқан жақсыларымыздың есімін жаңғырту ретінде Аққағаз Досжановаға Ақтөбе қаласының бір көшесіне аты беріліп, медициналық университет жанына ескерткіш қойылған.

Есте болар бір мәселе, Аққағаз Досжанова көп жылдар бойы қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер делініп келді. Шындығында, Түркістан университетінің медициналық факультетін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Бұл маңызды оқиғаға «Тілші» газетінің қызметкерлері 1923 жылы 1 ақпанда «Аймақ ішінде» атты айдарда жұртшылықтың назарын аударып, үлгі ретінде көрсеткен. Оқуын аяқтағаннан кейін, Гүлсім Асфендиарова жетекшілік еткен Ташкент қаласының пер-зентханасына жұмысқа қабылданған А.Досжанова Гүлсімнің шәкірті атанып, одан тәлім алған.

Screenshot_3.jpgНиязова (Танашева) Мүбина Ибрагимқызы 25.12.1895 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Теңіз ауданының Ганюшкин аулында туылған. Ол алғашқы қазақ қыздары арасынан шыққан тіс дәрігері. Мүбина Ниязова бастауыш білімді Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеден алған көрінеді. Сайфулла Сүйінов бұл туралы: «Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейінен Орда мектептерінің оқу инспекторы болған Вознесенский. Иә, оның айтуы айна қатесіз шындық. Қазан төңкерісіне дейін жабылып қалмай жұмысын жалғастырып келген бұл мектеп түлектері арасынан шыққан қоғам қайраткерлері – Аққағаз Досжанова, Алма Оразбаева, қазақ қыздарынан тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегалиева, тұңғыш жоғары дәрежелі білімді адам дәрігері Мүбина Ниязова сияқты озық қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен» деп жазады (Сайфулла Сүйінов, «Бөкей ордасы», Алматы, «Өлке» баспасы, 2000 жыл).

1912-1915 жылары Астрахань гимназиясын, ал 1917 жылы Саратов медициналық училищесінің стомотология факультетін бітіріп, Орда қаласына келеді. Ол сол өңірдегі білімді, металургия инженері Мәдина Бегалиева және қайраткер Алма Оразбаеваның қатарына қосылып, үшеуі сырлас құрбыларға, пікірлері мен көзқарастары ұқсас армандастарға айналады. 1918-1920 ж. Ордадағы Қазақтың 1-үлгілі атты әскер полкының тіс дәрігеріболып еңбек етті. Ерлі-зайыпты Мүбина мен Мірахмет Ниязовтар Бөкей губерниясында Кеңес өкіметінің орнауына белсене атсалысты. Олар Бөкей губерниялық атқару комитетінің мүшесі болды. Екеуі бірге 1920 жылы Бөкей губерниялық кеңесінің бірінші съезіне делегат болып қатысты. Осы съезд жайлы Мүбина Ниязова: «1920 жылы Алма Бөкей губерниясы советінің съезін өткізуге Ордаға келді. Мен осы съездің делегаты едім. Алма орасан зор дайындық жұмыстарын жүргізді. Съезді Алма ашты, кіріспе сөз сөйледі, Советтерді нығайту жайында баяндама жасады. Баяндама байсалды болып, мәселелер толық қамтылды. Ол қазақ тілінде де, сондай-ақ орыс тілінде де жақсы сөйледі» дейді.

Иә, Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Мүбина Ниязова секілді оқыған қазақ қыздары Ордадағы өздері секілді қыздардың құқығын қорғады. Қыз-келіншектерге арнап түрлі конференциялар өткізіп, ол жерлерде білім алудың маңызы, әйелдер гигиенасы, ана мен бала денсаулығын қорғау секілді мәселелерді көтерді. Ордадағы сондай жиынның бірі 1921 жылдың көктемінде өтті. Әйелдердің губерниялық конференциясы деп аталған осы жиынға қатысқан делегаттар қатарында Дина Нұрпейісова, Мүбина Ниязова, Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева болды. Бұл жайлы Мәдина Бегалиева «Алма Оразбаеваның өмір жолы» естелігінде: «...мұнда 70 делегат жиналды. Олардың қатарында Теңіз уезінің түпкірде жатқан ауылынан келген Дина Нұрпейісова да болды. Конференция Халық үйінде өтті, зал адамға лық толы болды, делегаттардан басқа Ордадан көптеген әйелдер қатынасты. Конференция Алма Оразбаеваның «Совет үкіметі әйелдерге не берді?» деген баяндамасын, Мүбина Ниязованың «Қалың мал мен көп әйел алуға қарсы күрес және аналар мен балаларды қорғау» деген баяндамасын тыңдады... Конференциядан кейін көркемөнершілер кеші болды. Бұл кеште делегаттар өнер көрсетті, ән салды, би биледі, ұлт ойындарын ойнады. Әсіресе есте қалғаны Дина Нұрпейісованың домбыра тартқаны, Алманың айтқан әндері болды» деп жазады. Ол 1921 ж. Бөкей губерниясының атқару коммитетіне мүше болып сайланды.

Мүбина Ниязова 1920-1925 жылдары Ордада дәрігерлік қызмет атқарса, 1925 жылдан бастап қызметін заң саласына бұрды. Әсіресе әйелдер құқығының бұзылуына қатысты істерді қарады. Мәдина Бегалиева бұл жайлы: «...әйелдер жөнінде совет заңын бұзу ісі қарала қалған жағдайда халық сотына әйел өкіл жіберу туралы жергілікті орындармен Алма келісіп алды. Халық сотына өкіл етіп мені, Мария Полякованы және Мүбина Ниязованы тағайындады» дейді.

Ол 1925-1928 жылдары Орал губерниялық прокуратурасында қызмет етті. 1928 ж. Қазақ АКСР Жоғ. сотының мүшесі болды. 1932 – 36 ж. Шымкент облысы және республикалық Денсаулық сақтау халкомының Ана мен баланы қорғау жөніндегі басқармасының меңгерушісі. 1937 жылы Алматыда ұйымдастырған акушерлік мектептің (1954 жылдан қазіргі республикалық медициналық колледжі) директоры қызметіне жіберілді. Алғашқы оқуға қабылданған студенттер саны 168 болса, оның 102 қазақ қыздары еді. Олардың басым көпшілігі балалар үйінен, яғни ата-анасыз жетім өскен 14-15 жастағы жастар болатын.

Өкінішке қарай осы жылы басталған сталиндік репрессия Ниязовтар отбасын да айналып өтпеді. «1937 жылғы репрессия кезінде Мірахмет пен Мүбина Ниязовтардың да басына бұлт төнді. Туыстардың айтуынша, Алматыдағы қазіргі Сайран автобекеті тұрған жерде түрме болған. Мүбина сол түрмеге қамалған. Қамауда отырған кезінде апамыз майдандағы балаларына жылы киімдер тоқып, жолдаған. АЛ Мірахмет Ташкенттегі түрмеде отырды. Сол жылы ату жазасына кесілді. Ал Мүбина ұзақ жылын түрмеде өткізіп, босап шықты. Ниязовтардың ұрпақтары ауыр жағдайды бастан кешті. Екеуінен Ғинаят, Әубәкір деген ұл, София деген қыз тарады. София Ахметқызы нәубет жылдарында алтын тісін өткізіп, жан сақтағанын айтып отыратын. Ғинаят пен Әубәкірді майданға алып кетті. Әубәкір соғыстан қайтып келмеді, Ғинаят мүгедек болып оралды. Ғинаяттың ұрпақтары бүгінде Нұр-Сұлтанда тұрады» - дейді М.Ниязованың туысы Елтай Қалиев (Серікбол Хасан - Qazaqstan tarihy порталынан).

Деректерде 1944-1955 жылдары ол Алматыдағы түрлі медициналық мекемелерде қызмет еткені айтылады. Сондай-ақ 1966-1969 жылдары Жоғары Совет Президиумының мүшесі болып қызмет етіпті. 1981 жылы Алматыда қайтыс болған.

Тынымсыз талпынып, ізденіп жүріп дәрігерлік білім алған қазақтың қайсар қыздарының бірі Жәмила Қонақбайқызы Шурина болатын. Ол 1928 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық техникумға түсіп, оны 1931 жылы сәтті тәмамдап Мәскеу медицина институтына арнайы жолдама алды. Оқуды жүріп 5 жыл бойы курстың парторгы болып қоғамдық қызметке қызу араласты, медициналық институттың партком мүшесі болды. 1936 жылы дәрігерлік дипломмен Қырғызстаннның Токмақ қаласының ауруханасына акушер-гинеколог болып орналасты. 1938-1940 жылдары Алматы қаласының акушерлік-гинекологиялық клиникасында еңбек етті. 1941 жылы Қордай аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалып, басшылықпен қатар дәрігер акушер-гинеколог болып әйелдерге медициналық көмек көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945 жж.) негізгі қызметіне қосымша Қордай аудандық әскери комиссариатында дәрігер-хирург болып мобилизациялау комиссиясының құрамында болды. Саналы ғұмырын, білімін халық денсаулығын жақсартуға жұмсады. Көп жылғы ерен еңбегі үшін оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», ал 1969 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Дәрігер Ж.Қ.Шурина Ленин орденімен және көптеген мемлекеттік медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталынған. Қайтыс болғаннан кейін Қордай (бұрынғы Георгиевка) селосының бір көшесіне оның есімі берілген.

Кейінгі ұрпақ елдің өткен тарихында, күрделі де сын кезеңінде жоғарыда біз есімдерін атаған халқымыздың абзал ару жандары - алғашқы қазақ қызары-дәрігерлерінің есімдерін ұмытпаса екен деген ниетпен осы мақаланы қағазға түсірдік. Олардың әрқайсысы жөнінде бөлек-бөлек, көлемді мақала, хикаят жазып, деректі фильмдер дайындауға болар еді деген ой қаузаймыз. Сәті түсіп жатса, ертелі-кеш ол да болар...

С.ОРДАБЕКОВ, медицина профессоры,

Е.ОРДАБЕКОВ, жоғары санатты денсаулық сақтау мененджері

ТАРАЗ.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қазақтың алғашқы әйел дәрігерлері