Өмірзақ Шөкеев: Бір алқаптан 2-3 өнім алу тиімділігін дәлелдеді


13.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған былтырғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында тың, тиімді жобаларға баса назар аударуды тапсырғаны белгілі. Осы бағытта Түркістан облысында тілге тиек етер біраз жаңалықтар бар. Солардың бірсыпырасы Сарыағаш ауданы, «Жартытөбе» ауылдық округі «Тәуекел» шаруа қожалығында «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыруда – бір алқаптан 2-3 өнім алудың тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңесте атап өтілді. 

Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ғалымдар, аудан/қала, ауыл округтері әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Дәстүрлі шарада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұқым, тыңайтқыштар, гербицидтер жеткізушілер өнімдері мен асыл тұқымды «Гиссар» қойларының көрмесі таныстырылды. 

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттер көп. Соның негізгісі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайта отырып саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру. Осыған орай, 2019 жылдан бастап облыста «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынды.

Өткен жылы бұл бағытта 128 ауыл округте 5,2 мың гектарға 2 мың жоба жүзеге асырылып 262,5 мың тн. өнім өндірілді. Нәтижесінде қосымша 18,4 млрд.тг өнімі өндірілді. Тәжірибе көрсеткендей, жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7 - 8 млн. тг дейін табыс табуға болатындығын көрсетті, яғни 2- 2,5 есеге артық өнім алуға болады. Түркістан облысында егістік алқаптардан алынған өнімнің онлайн саудасы дамыды.