Ақмешіт үңгіріне туристер ағылмақ

Screenshot_11.jpg

Қазақстан - тарихы тереңде жатқан ел. Еліміздің сайын даласында көптеген ескерткіштер бар. Тасын түртсең тарихы сыр шертетін мұндай ескерткіштерді, тарихи мекендерді, киелі жерлерді көргісі келетін туристер көп. Әсіресе Түркістан өлкесінің бай тарихын өз көзімен көргісі келетін туристер саны аз емес. Шетелдік туристерді заманауи ғимараттармен таң қалдыру мүмкін емес. Оларды еліміздің киелі жерлері қызықтырады. Осындай киелі жерлер Бәйдібек ауданында аз емес. Аудан табиғаты да көз жауын аларлықтай көркем екенін айтпай кету мүмкін емес.

Бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков жұмыс сапармен Көктерек ауылдық округіне барып, Ақмешіт үңгірінде болды. Ақмешіт үңгірінің қазіргі жағдайымен танысқан аудан әкімі туристік бағытта дамыту жөнінде сала бойынша орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

Аралау барысында бірінші кезекте үңгірді тамашалауға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, айналасын абаттандыру, демалушыларға арнайы орындықтар қою мәселелері айтылды.

Ақмешіт үңгірінің айналасын абаттандырып, жайлы жағдай жасау арқылы туристерді көптеп тартуға болады. Алдағы уақытта Бәйдібекке ағылатын туристер саны арта түспек. Осы орайда Ақмешіт үңгірі айналасында тиісті жұмыстар бастау алды. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ақмешіт үңгіріне туристер ағылмақ