Вирус жұқтырған келіншекті босандырып алды
Түркістанның ақ халаттылары коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелді сәтті босандырып алды.
Босану уақыты таяған 22 жастағы жүкті әйел Кентау қалалық орталық аурухананың жұқпалы аурулар стационарына 27-ші сәуір күні түскен. Толық тексеру жүргізіліп, коронавирусты инфекцияның орташа дәрежедегі ауырлық жағдайы расталған. Науқаста дене қызуының көтерілуі, екі жақты пневмония, жөтел белгілері болған. Сонымен қатар жүктіліктің ауыр дәрежеде өтуі мен қан аздық орын алған. Гемотрансфузия жасалынып, емдеу шаралары жасалды.
Нәтижесінде аурухананың білікті дәрігер-реаниматолог, гинеколог және акушер құрамы жүкті әйелді сәтті босандырып алды. Салмағы 3400 гр ұл бала дүниеге келді. Қазір сәби оқшауланған және №3 Түркістан облыстық перзентхана дәрігерлерінің қадағалауында. Сала мамандарының айтуынша жағдайы жақсы. Анасы жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда. Барлық медициналық шара Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Сыздықова Гүлбану Жұмағалиқызының тікелей басқаруымен жүргізілді.
Ана мен бала өміріне араша түсіп, жанкешті ерлік танытқан ақ халатты жандар - дәрігер –гинеколог Гүлжан Дүкенбаева, акушер Гүлсанам Мажитова, реаниматолог Ысқақ Қанат пен дәрігер-инфекционист Мухтабар Шерметованың еңбегін атап өту қажет. Бүгінгі күннің қарусыз майдан қаһармандары науқастың туған-туыстары тарапынан алғысқа бөленуде.