Масканы бірінші кезекте кімдер тағуы тиіс

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов маска тағу қажеттігі бар топтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы орайда ол 5 маусымда ДДСҰ халықтың түрлі топтарына арналған маскаға қатысты жаңа ұсыным жасағанын еске салды.

«COVID-19 таралуының алдын алу үшін міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты (кем дегенде 1 метр) сақтау керек. Медицина қызметкерлеріне, респираторлық ауру симптомдары бар адамдарға, халықтың осал тобына кіретін адамдарға, сондай-ақ 1 метр арақашықтықты сақтауға мүмкіндік болмаған кезде маска тағу ұсынылды. Сонымен қатар, ДДСҰ COVID-19 жеңіл симптомдары бар адамдарға медициналық маска тағуға (және медициналық көмекке жүгіну) кеңес береді», - деді Е. Біртанов.

Мұнымен қоса ведомство басшысы «ДДСҰ пандемия жоқ деп мәлімдеді» деген пікір қате екенін атап өтті.

«Сонымен, Сіз «жеке карантин» ережелеріне немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытсаңыз отбасыңыздың, туыс, достарыңыз бен әріптестеріңіздің, қала мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Біз бірге күрессек қана бұрынғы өмір сүру салтымызға, жұмысқа тезірек ораламыз, туған-туыс, жақындарымызбен қауышып, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады, қайта саяхатқа шығамыз», - деп түсіндірді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр «жеке карантинге» қатысты пікір білдірді .

Сонымен қатар, коронавирусқа қатысты 2022 жылға дейін әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін .