Кентаулық тұрғын дәрігерлік амбулаторияға тарту жасады

Screenshot_15.jpg

Кентау қаласына қарасты Теке ауылының 75 жастағы тұрғыны Ұлбосын Таштеева өз отбасының атынан дәрігерлік амбулаторияға оттегі концентратын тарту етті. Аманатты облыс имамының орынбасары Сүлеймен Моллатілеуұлы мен облыстық мешіттің іс-басқарушысы Мұстафа Құлымбетов медициналық емдеу мекемесіне тапсырды. Аталған шара Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы қолға алған «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында жүзеге асуда.

«Мешіт имамдарынан осы акция туралы естідім. Жаман індеттен туыстарымыз бен таныстарымыздың ішінен біраз адам жапа шекті. Осы тыныс алу аппаратына тағдыры тәуелді болып қалған жандар бар. Аз да болса пайдамыз тисін деген оймен отбасымызбен қайырымдылық жасауға ниет еттік. Балаларым бірден қолдады»,-дейді Ұлбосын әжей. 

Кентау қаласы Үшқайық ауылдық округіне қарасты Теке елді мекенінде орналасқан дәрігерлік амбулатория 4000-ға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінде бір күнде 45 адамға дейін қабылдау жүргізуге болады. Індет өршіген тұста науқастар күндізгі стационарда ем қабылдаған. 

«Ауруханадан кейін де оңалту қажет. Күндізгі стационарда да оттегі концентраттары керек болады. Дәрігерлер тіпті тынысы тарылған науқастардың үйлеріне барып емдік шараларын көрсетеді. Қайырымды азаматтарға өзімнің және әріптестерімнің атынан алғысымды білдіремін»,-дейді Кентау қалалық емханасының бас дәрігері Жанат Тоғайбекова. 

Кентау қалалық емханасына осымен 7 оттегі концентраты берілген.  Шорнақ, Ескі Иқан, Қарнақ елді мекендеріндегі бастапқы медико-санитарлық мекемелері де осы қондырғылармен қамтылған. Мамандар халық арасында коронавирус инфекциясынан сақтану мен күрес жолдары  жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ықтимал екінші толқынға дайындық жұмыстары барынша күшейтілді.