Басқарма басшысына құрметті азамат атағы берілді

Биыл коронавирус індеті өршіп тұран кезде Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметіне келіп, қалыптасқан күрделі жағдайда өзінің іскерлігін көрсеткен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін дәлелдеген Марат Пашимовқа Арыс қаласының Құрметті азаматы атағы табыс етілді. 

image.png

Бүгінде бір қаланың немесе ауданның құрметті азаматы атану жаңалық емес, әрине. Дегенмен бұл марапаттың жөні бөлектеу болып тұрғаны рас.

Өздеріңізге белгілі, осыдан бір жарым жыл бұрын Арыстағы әскери қоймада болған жарылыстан көп азамат зардап шекті. Арысқа қол ұшын созуға  облыс қана емес, бүкіл республика атсалысты. Қалыптасқан  жағдай басқа қиын іс түскенде Қазақ елінің ынтымағын, бірлігін көрсетті десек артық айтқанымыз емес. Әсіресе, зардап шегушілерге көмектесуде ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен еді. Төтенше жағдай кезінде Түркістан облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрген Марат Орынбасарұлы жаралылар үшін 200-дей төсек орын әзірлеп, шұғыл түрде алғашқы көмекті көрсетті. Сондай ақ, жарылыстан кейін зардап шеккен ауруханаларды қалпына келтіруге қол ұшын созды. Жоғарыдағы марапат Түркістан облысының бас дәрігеріне осы   еңбегі үшін беріліп отыр. Арыс қаласының «Құрметті азаматы» төсбелгісін Марат Орынбасарұлына  бүгін «Nur Otan» партиясы  Арыс қалалық мәслихатындағы фракциясының төрағасы Ерғали Әлімбаев табыс етті. 

Жалпы бұл Марат Пашимовтың алып отыраған бірінші марапаты емес. Өз ісінің білгір маманы, денсаулық сақтау саласының білікті басшысына   былтыр президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілген болатын. Оны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында табыстаған еді. Енді міне, өтіп бара жатқан тышқан жылы да облыстың бас дәрігерін елеусіз қалдырған жоқ.  

Жалпы, биылғы жылдың ақ халатты жандар үшін оңай болмағанын мойындау керек. Тосыннан келген індет медицина саласындағы қызметкерлер үшін ауыр сынақ болды. Дәрігерлердің табандылығының арқасында Түркістан облысында коронавирус індетіне қатысты жағдай тұрақталды. Келе жатқан сиыр жылы да Түркістан облысының медицинасына жағымды жаңалықтар мен толымды табыстар әкелгей!