Облыстың бас дәрігері тұрғындарды вакцина салдыруға шақырды

WhatsApp Image 2021-02-01 at 11.56.05.jpeg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда 1 ақпаннан бастап ерікті түрде қазақстандықтарға кезең-кезеңімен вакцина егу басталды. Бұл мақсатта Ресейде өндірілген «Sputnik V» вакцинасының алғашқыі партиясы Түркістан облысына жеткізілді. Келісімдер негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені тасымалдаған вакцинаның 1300 дозасы барлық аудандарға таратылды.

Сағат 10-да Түркістан қалалық орталық емханасына келген облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов пен өңірдің бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов алдымен жеке куәліктерімен тіркеліп, дәрігерлерге қаралды. Қан қысымдарын, дене қызуларын тексертті. Сосын екпеге сынама салдырды. Вакцинаға ағзалары кері әсер бермеген соң ғана ерікті түрде вакцина салу жұмыстары жүргізілді. Екпеден кейін де олар жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болды.

– Бүгін облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитұлы бастап, алғашқылардың қатарында мен де крорнавирусқа қарсы вакцина салдырдым. Жағдайым жақсы. Қан қысымым, жүрек қағысы қалпында, дене қызуым көтерілмеді. Ешқандай шағымым жоқ. Өздеріңіз білесіздер, әлемді жайлаған ковид-19-дан сақтану, ауырмау мақсатында адамдар профилактика үшін екпе қабылдауда. Осы сәтті пайдалана отырып, облыс дәрігерлерінің атынан отандастарымды вакцинадан бас тартпауға шақырамын, – деді Марат Пашимов.

Түркістан облысында бүгін 250 адамға вакцина салу жоспарланған. Қоғамдық денсаулық басқармасының басышысы Марат Пашимовтың айтуынша, жыл соңына дейін облыстың 950 мың тұрғынына коронавирусқа қарсы вакцина егу жоспарлануда. Дегенмен, вакцина кәмелет жасына толған азаматтарға ерікті түрде салынады және екпеден бұрын дәрігердің тексеруінен міндетті түрде өткізіледі. Вакцинация алдымен медицина мамандарына – жұқпалы ауруларға қарсы медициналық ұйымдардың, жансақтау бөлімдерінің, қабылдау бөлімдерінің және санитарлық эпидемия мекемелерінің қызметкерлеріне жүргізіледі.

Бүгінде елімізде екпе егу пункттері дайындалып, профилактикалық екпелерді жүргізудің операциялық стандарттық процедуралары бекітіліп, 2 мыңнан астам медицина қызметкері қайта даярлаудан өтті. Әзірге әлемді жайлаған коронавирустың алдын алудың жолы тек вакцинация болып тұр.