Алексей Цой қазақстандық вакцинаны Өзбекстанда шығаруды ұсынды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ташкентте әріптесі Абдухаким Хаджибаевпен кездесу барысында Өзбекстандағы фармацевтикалық кәсіпорында QAZCOVID-IN қазақстандық вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Алексей Цой.jpg

Еліміздің премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ресми делегацияның Өзбекстанға іссапары барысында тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты талқылады, бірқатар кездесу мен келіссөз өткізді, сондай-ақ Ташкент қаласындағы медициналық нысандардың жұмысымен танысты. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі Абдухаким Хаджибаевпен келіссөздер жүргізіп, Өзбекстандағы фармацевтикалық кәсіпорында отандық QAZCOVID-IN вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

- Біз эпидемияға қарсы күресте серіктестікті жандандыруды, жедел жағдайда өзара тиімді іс-қимыл жасауды, сондай-ақ қазіргі эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қатысты ақпарат алмасуды жолға қоюды ұсынамыз, - деді Цой. 

Одан бөлек, делегация 2020 жылы пандемиямен күресу үшін салынған Зангиотин ауданындағы №1 және №2 мамандандырылған жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметімен танысты. Нысан бір уақытта 10 мың адам қабылдай алады және COVID-19 дертіне шалдыққан науқастарды емдеуге, карантинге мұқтаж шетелден оралған Өзбекстан азаматтарын орналастыруға арналған. Сонымен қатар, делегация "Dentafill" ЖШҚ фармацевтикалық зауытын аралады.