Универсиада – жастардың спорттық форумы

Түркістанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, «Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы» атануы және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 30 жылдығына арналған ХІ жазғы Универсиада ойындары өтуде.  

Screenshot_20.jpg

Универсиаданың ашылу салтанатында Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Тастанбек Есентаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Женгиз Томар құттықтау сөз сөйле сөйлеп, дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әбдісадық Халилаев универсиада алауын тұтатты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Универсиаданың ашылуына орай жолдаған құттықтауы оқылды.  «Қымбатты жас достар, Универсиада қатысушылары! Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан Республикасының XI жазғы Универсиадасының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Спорттық сайыстар - бойға қуат, жүрекке сенім, білекке күш беретін рухты әлем. Сол себепті студенттердің спорт мерекесі жаңарған Түркістан өңіріне тарту болды деп есептейміз! Қадірлі спортсүйер жас достар, сіздерді елімізге, тіпті әлемге танымал дарабоз спорт саңлақтарының қатарынан көргім келеді. Баршаңызға спортта ғана емес, оқуда да еліміздің игілігіне бағытталған табыстар мен жоғары жетістіктер тілеймін!» - делінген министрдің құттықтау хатында.  

Screenshot_21.jpg

ХІ жазғы Универсиада - 30 спорт түрінен еліміздің түкпір-түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба. Еліміздегі 25 университеттің студенттері өзара сайысқа түсті. Универсиада аясындағы жарыстар Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай, Өскеменде өтуде. Шара барысында барлық карантин талаптары сақталып, спортшылар ПТР тестінен кейін жарысқа жіберілді. Универсиаданың мақсаты  – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру бағытында ақыл ойы зерек, дүниетанымы кең, салауатты ұрпақ қалыптастыру. Маусым айына дейін жалғасатын универсиада жеңімпаздары 2022 жылы Қытайда өтетін Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға Қазақстан Республикасы студенттер құрама командасы сапында қатысып, ел намысын қорғайтын болады.

ХІ-ші жазғы Универсиада ойындарының Түркістанда өткізілуі тарихи оқиғаға балануда. Себебі, айтулы шара ел Тәуелсіздігі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң 30 жылдығы қарсаңында және «Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы» атанғалы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш шараны өткізуде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше белсенділік танытуда. «Елдіктің тұтқасы, халықтың ертеңі – жас ұрпақ болғандықтан, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет» деген даналық сөзі – жастардың мемлекетіміз үшін маңыздылығын анық айқындайды. Біздің спортшыларымыз да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізетініне сенімдіміз. Себебі, кешегі бокс спорт түрінен бірінші орынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет командасы иемденді», – дейді Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова.

Screenshot_22.jpg

Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Есентаев жобаның маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанда 130-ға жуық жоғары оқу орындары бар. 2019 жылы Асхат Қанатұлы Италияда өткен Дүниежүзілік универсиада жеңімпаздарымен кездескен кезде 115 жоғары оқу орнының 62-сі іріктеу қазақстандық универсиадаға қатысқандығын, бірақ, ол аз, бұл бағытта жұмыс істеу керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда індетке байланысты ХІ жазғы универсиадаға 25-ке жуық жоғары оқу орындары қатысуда», – дейді Т.Есентаев.  Ал Халықаралық дәрежедегі төреші, профессор Әбдісадық Халилаевтың мәлімдеуінше, барлық жарыстар өте ұйымшылдықпен өткізілуде.