Бүлдіршіндердің тұсауы кесілді

Screenshot_37.jpg

Биыл  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне  30 жыл. Президент  атаулы дата ескерусіз қалмау керектігін айтқан болатын. Осыған орай 30 жылдықты  мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспардың іс-шаралары ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағдарланып отыр.

  Салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Шымкент қаласында айтулы мерекеге орай іс-шараларды бастап кетті.  Мәселен жақында қаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!» атты шара өтті.

Шара барысында  шымкенттік 1-3 жас аралығындағы ұл балалардың тұсауы кесіліп, салт-дәстүрге сай жөн-жоралғы жасалды. Тұсаукесер – сәбидің өмір сапарының алды. Сәби еңбектенуден өтіп, тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасай бастаған кезде әр ата-ана "балам, тез жүріп кетсін" деген ниетпен келешегіне ақ жол тілеп, тұсауын кеседі. 

Қазақ сәбидің тұсауын «көбейіп, көгере берсін» деп көк шөптен де есіп жасаса, «бай болсын, тоқ болсын» деген тілекпен малдың тоқ ішегінен де өрген. Бірақ көбіне "біреудің ала жібін аттамасын, өзгенің мал-мүлкіне, дүниесіне көз тікпесін, қол сұқпасын" деген тілекпен ақ пен қара жіпті айқастыра отырып, ала жіп дайындаған. 

Тұсаукесер рәсімге  елімізге танымал  Нұрбол Сүлейменов, Сәбит Әбдірайымов, Мұхан Байбосын, Мырзабай Омар және Бекайдар имам, Қаратау ауданының бас имамы, «Жігіттер»  квартетінің әншілері  қатысты.  Олар  бүлдіршіндердің тұсауын  кесіп, ақ тілектерін тіледі.

Балалардың  қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылды. Айта кетейік, тұсаукесер рәсімі қайырымдылық бағытта өтті. Кеш соңында «Көркем әжелер» ансамблі ән шашуын арнап, ақ бата тілектермен аяқталды.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Бүлдіршіндердің тұсауы кесілді