Тіліміздің мәртебесі көтеріліп келеді

Screenshot_9.jpg

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  мақсаты - қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.  Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы – мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 91 пайызға көтеру көзделсе, бұл көрсеткіш  келер  жылы – 92 пайыз, 2023 жылы – 93 пайыз, 2024 жылы – 94 пайыз, 2025 жылы – 95 пайызға жетуі тиіс. 

 Аталмыш бағдарламаның тағы бір айқын мақсаты мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту болып табылады. Осы орайда этнос өкілдері арасында қазақ тілін оқып-үйренуге үндеу мақсатында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы  "Тілге құрмет – елге құрмет"  атты челлендж ұйымдастырған болатын. Шараға бүгінде қазақ тілін меңгерген шаһардың өзге ұлт өкілдері белсенді түрде қатысып, мемлекеттік тіліміздің дамуына кішкене болса да өз үлестерін қосуда.  Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің оқытушысы Ольга Коваленко да шарадан тыс қалмайын деп, челленджді  іліп әкетті.

«Ұлтым орыс. Мұғаліммін. Біз отбасымызбен қазақ тілін жәймен меңгеріп келеміз.  Маған қазақ тілін меңгеруге осы орталықтың мамандары көмектесуде. Келіңіз, достар, бізбен бірге қазақ тілін үйреніңіздер. Мемлекеттік тіліміз жасай берсін»,- деген Ольга қазақ тілін үйрену аса қиынға соқпағанын айтып, челленджді қазақ тілін үйренгісі келетін өзге де әріптестеріне жолдады.